Білім

Бала құқығын қорғау – бәрінен маңызды

Биыл елімізде білім беру қызметкерлерінің дәстүрге айналған республикалық тамыз кеңесі алғаш рет жаңа форматта өтті. Екі күнге созылған «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты жиында еліміздегі барлық 20 өңір тақырыптық бағыттарға бөлінді. Қарағанды облысының тақырыбы – «Балалар үшін тең мүмкіндіктер». Достық үйінде өткен дәстүрлі тамыз кеңесіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты. Сондай-ақ, жиынға еліміздің барлық өңірінен жиналған 370 адам, ал онлайн режимде бес мыңға жуық адам қосылды. Қатысушылар тақырыпқа сай бала құқығын қорғау және оларға көмек көрсету жүйесін жетілдіру мәселесін жан-жақты талқылады.

Бала құқығын кім қорғайды?

Білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды ​​облысында балалардың құқықтарын қорғау департаментінің жұмысын жандандыруды ұсынды. Облыста бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бала құқығы мен мүдделері бұзылған жағдайда ата-аналар және балалардың өздері де көмек сұрай алады.

– Балалардың құқықтарын қорғаумен көптеген ұйымдар айналысады. Орталықтар да, комиссиялар да, сот органдары да. Қазір біз олармен бірге жоба әзірлеп жатырмыз. Бірақ мұның бәріне үйлестіруші орган қажет. Балалардың құқықтарын қорғау департаменті жұмысын жандандыруы қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды ​​облысында психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Ол мектеп психологтарының жұмысын үйлестіреді, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетеді.

Бұдан бөлек, облыс әкімі аймақтың жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы айтты. Бастауыш сыныптың барлық оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Биыл алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балабақша бүлдіршіндерінің тамақтану ақысы толығымен өтеледі.

«Оқушылар автобус паркі 27 жаңа көлікпен толығады. Қарағандыда үшінші Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Қарқаралы ауданында жыл бойы жұмыс істейтін демалыс лагерін салу, сондай-ақ облыста екі заманауи лагерь жоспарлануда», – деді Ермағанбет Бөлекпаев. Сондай-ақ, облыста екі жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын, ал қолданыстағы тағы бес мектеп жаңа толықтырулармен кеңейтілмек.

«Биыл жазда 115 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 жаңа мектептің құрылысы басталды. Жалпы, алдағы екі жылда өңірде 17 заманауи мектеп ашылады. Бұл мектептегі оқыс оқиғалар мен оқушылар орнының жетіспеушілігі мәселесін шешеді», – деді аймақ басшысы.

Кәсіби асырап алушы отбасылар үлгісі енгізілмек

Тамыз кеңесінде бала құқығын қорғау саласының арнайы шақырылған мамандары бала құқығын қорғау және оларға көмек көрсету жүйесін жетілдіру мәселесін жан-жақты талқылады. Мәселен, әлемнің жетекші елдері жетім балаларды отбасылық ортаға біріктіру үшін кәсіби асырап алушы отбасылар үлгісін белсенді түрде қолданады, балалар сол отбасында өседі. Оқу-ағарту министрлігі мұндай үлгінің озық әлемдік тәжірибесін Қазақстанда енгізуге бейімдеп жатыр. Мұны Қарағандыда өткен тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина мен Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты.

Кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу бастамасы – қолдау орталықтарында тұратын балалардың санын азайтады, олардың өмір сүру сапасын жақсартады және әлеуметтенуге ықпал етеді. Мұндай отбасыларға аға-әпкелерден басқа төрт баладан көп берілмейді. Спикерлер әр балаға көңіл бөлу үшін осынша бала болғаны қолайлы деп атады.

– Кәсіби асырап алушы тәрбиешілерге қойылатын талаптар патронаттық тәрбиешілер мен қорғаншыларға қойылатын талаптармен бірдей болады, жас шектеуі – 30-дан 53 жасқа дейін. Сонымен қатар, панасыз және қараусыз қалған балаларды, арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды да отбасына орналастыруға болады, – деді Юлия Овечкина.

Кәсіби асырап алушы отбасылардың ата-аналары қорғаншылық және қамқоршылық органдарында психологиялық дайындықтан және аккредиттеуден өтуі тиіс. Қаржылай қолдау да қарастырылған: әр баланы асырау үшін ай сайын 10 АЕК мөлшерінде төлем, сондай-ақ анасына да, әкесіне де 70 АЕК мөлшерінде жалақы төленетін болады.

«Қазақстан халықаралық бастамаларға және тәжірибе алмасуға белсене қатысады. Бүгінде мемлекеттің ерекше көмегі мен қамқорлығын қажет ететін балалармен жұмыс істеудің озық әдістерін енгізуде. Тек 2022 жылдың өзінде қорғаншылық органдары үш мыңнан астам баланы отбасына беріп, балалардың құқықтарын қорғау бойынша 14 мың сот ісіне қатысты. Сонымен қатар, қорғаншылық және қамқоршылық бойынша үш мыңнан астам дау шешілді, 30 мыңнан астам тұрмыстық жағдайлар қаралды. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары жұмысының нәтижесінде 450 мыңнан астам баланың құқығы қорғалып, қалпына келтірілді», – деді Юлия Овечкина өз сөзінде.

Қазір елімізде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және арнаулы әлеуметтік қыз­метке мұқтаж балаларға көмек көрсету, оларға психологиялық көмек көрсету мақсатында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының қызметі трансформациялануда.

– Ұйымның трансформациясы аясында біз тек арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығы атауын өзгертіп қана қоймай, жұмысты толығымен қайта форматтаймыз. Балаларды қолдау және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары қызметінің жаңа үлгісі әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған қызметтердің жұмысын қамтиды. Трансформацияның басты қағидасы – балаларды мекемеде ұстаудан бас тартып, туыстық және асырап алған отбасыларда өмір сүруіне және жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған, – деді Юлия Овечкина.

Бала өміріне үлкендер жауапты

Қазақстан Республикасы Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың құқықтарын қорғауды жақсарту мәселесіне тоқталды. Отбасын қолдау орталықтары жоқ барлық аудандарда екі жыл ішінде барлық бағдарламалар мен мемлекеттік қызметтер қолжетімді болуы үшін оларды құру қажеттігі туындайтынын айтты. Қазір әрбір бала мен отбасы шұғыл көмек қажет болған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуі үшін сенім телефоны іске қосылып, бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығын құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Соңғы уақытта ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, мобильді топтар құрылған. Олардың құрамына учаскелік полиция қызметкерлері мен басқарма өкілдері кіреді. Қазіргі уақытта, үш аптаның ішінде, шұғыл көмек пен әлеуметтік қолдауды қажет ететін 500-ден астам отбасы мен бала анықталған.

– Баланың амандығы мен әл-ауқаты отбасының әл-ауқатымен байланысты. Мектептегі психологиялық қызметтің жұмысы да өте маңызды: бұл бағытта біз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, психологтарға түсетін жүктемені азайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Шындығында, жалпы алғанда бір психологқа 1500 баладан келеді, ал мұны халықаралық стандарттар тәжірибесіне сәйкестендірсек, бір психологқа 500 баладан келу керек. Сондай-ақ, барлық өңірлерде психологиялық қолдау орталықтарын ашу маңызды. Еліміздің көптеген өңірлерінде мұндай орталықтар әлі күнге дейін жоқ, – деді Динара Болатқызы.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мектеп бағдарламасына «Қауіпсіздік сабағын» енгізу қажеттілігін атап өтті. Әрбір бала қарапайым қауіпсіздік ережелерін білуі үшін қажет. Яғни, өзін қалай ұстау керек, қайда бару керек, қауіпті жағдайға тап болса, не істеу керектігін білу үшін мұның мәні зор.

– Біздің қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермейтін мәдениетті қалыптастыру аса маңызды, әсіресе, балаларға қатысты. Балаға зорлық-зомбылық көрсетілсе, бұл туралы отбасында біреу білген, бірақ араласпаған. Біз мұндай мәселемен күн сайын дерлік ұшырасамыз. Бала өміріне үлкендер жауапты, оны кім қорғай алатыны маңызды. Баланың әрқашан жақсылық жолын таңдағанын және осы жолды ұстанғанын қалаймын. Біз балаларға көмектесе аламыз, – деді Динара Зәкиева.

Инклюзия, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолайлы орта құру мәселелері де назардан тыс қалмады.

– Еліміздің төрт өңірінде ауыр психикалық бұзылулары бар балаларға арналған заманауи орталықтар ашылды. Ата-аналар балабақшадағыдай балаларды күндізгі топтарда қалдыра алады. Қарағанды облысында ол үшін ғимарат таңдалды. Бұл мемлекеттік орталық болады, онда бөлмелердің түсінен бастап, жоғары білікті мамандарды іріктеуге дейін барлығы ескеріледі, – деді бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Сондай-ақ, тамыз кеңесінің пленарлық жиынында баламалы қамқоршылықтағы бала күтімі бойынша халықаралық стандарттар туралы, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарының қызметтері, отбасылық қолайсыздықтың алдын алу жөніндегі ведомстволық тәсіл, отбасылық қолайсыздықтың алдын алу құралы ретінде отбасын қолдау орталықтарының қызметтері туралы мазмұнды баяндамалар тыңдалып, бірқатар ұсыныстар айтылды.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button