Білім

Оқушылар жеңісі

Қарағандылық төрт оқушы inDrive халықаралық IT-компаниясының Beginit жобасының финалистері атанды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Іріктеу кезеңіне 800-ден астам өтінім түсті. 500 адам қатысып, олардың тек 200-і онлайн білім беру платформасына қол жеткізді. Балалар көшбасшылық және жобалық қызмет курстарында оқыды. Алматы тауларында олар үшін көшбасшылық дағдыларды дамытуға арналған тренингтер қарастырылған 5 күндік лагерь нәтижесінде 37 оқушы финалға өтті. Олардың қатарында қарағандылық Әлім Мәлік, Ерасыл Нұрпейісов, Нұрасыл Шәкір және Ділназ Мұстафина бар. Қазір барлық финалистер «Мектепке қауіпсіз жол» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда.

– Бағдарламамыздың жол-көлік мәселелерімен айналысатын Urban Forum Kazakhstan серіктесі бар. Барлық 37 қатысушыны «Мектепке қауіпсіз жол» әлеуметтік жобасына қостық. Балалардың әрқайсысы біздің әдістеме бойынша үйден мектепке өз жолын зерттеп, мәселені анықтауы керек. Бірақ, бұл жеткіліксіз, олар шешімдер әзірлеп, олармен бірге қала үшін жауапты адамдарға шығуы керек. Балалар полицейлер, депутаттар, әкімдер және әртүрлі мемлекеттік бөлімдер, басқармалар басшыларымен байланыста болудан қорықпауы керек. Балаларды саналы азамат, патриот, өз Отанына жанашыр болуға үйретеміз. Тәжірибе мен кеңістік, жобалар жасау және әлеуметтік көшбасшы дағдыларын игеру үшін пікірлес адамдарды табуға мүмкіндік бергіміз келеді, – деді Beginit by inDrive аға маманы Ерсайын Қабдрашев.

Финалистердің бірі – Әлім Мәлік пайдалы дағдыларды игеру үшін жобаға қатысқанын айтты.

– Бұл маған көпшіл болуға, адамдармен келіссөздер жүргізуді үйренуге көмектеседі. Енді жоғары тұрған мемлекеттік қызметшілермен сенімдірек сөйлесе бастадым. Жобадағы ең есте қаларлығы – көктемгі лагерь. Қарым-қатынас құру, жаңа нәрселерді үйрену қызықты болды. Финалдың жеңімпазы боламын деп үміттенемін. Осы аптада мен ата-аналар комитетінің 200 мүшесінің алдында сөйлеп, жол-көше ортасы мәселесін көтеремін. Оқушылармен сұхбаттастым, карта жасадым, – дейді 16 жастағы Әлім.

Жобаның соңғы кезеңі маусым айының басына жоспарланған. Алты жеңімпаз анықталып, оларға білім алу мақсатында шетелге сапардың жүлдесі ретінде білім беру дайындығына арналған гранттар және компьютерлер ұсынылмақ. Сондай-ақ, үздіктер болашақта Алматыдағы invision U by inDrive жаңа инновациялық университетінің студенттері бола алады.

Айта кеткен жөн, Beginit by inDrive бағдарламасы оқушылардың сапалы білім алуға және көшбасшылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Жобаның жаңа мау­сымы қыркүйекте басталады.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button