Білім

Оқушылар сарайындағы орасан мүмкіндік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс», – деген болатын.

Қазіргі таңда балаларға тек мектепте білім алумен шектелу аздық етеді. Түрлі салалардағы танымдық қызығушылықтарын дамытуға сұраныс басым. Аймақта бала дарынын дамыту, әлеуетін ашу, қоғамға бейімді болу, шығармашылық бағытта шыңдауда №2 оқушылар сарайы белсенді жұмыс істеп тұр. Баланы тегін үйірмелерге тартып, олармен күндіз-түні жұмыс істейтін педагогикалық ұжымның еңбегі зор.

Ақниет Әділғазықызы және қыштан құмыра жасайтын үйірме оқушылары

Қосымша білім беруге қолайлы орта

Сарайға кіреберісте баласын үйірмеден күткен ата-аналарға бар жағдай жасалғанын байқадық. Балалардың көбі үйірмеден қуанып шығып жатса, бірі киімін ауыстырып, кіруге асығып тұр. Мамандығына махаббатпен қарайтын мұғалімдер оқушыларды күтіп алып, шығарып салып жүр. Заманауи білім ордасының оқимын, ізденемін, үйренемін деген бүлдіршінге құшақ жаятынын көрдік. Сарайдың жай-күйімен №2 оқушылар сарайының басшысы Шариза Алтынбекова таныстырды.

І дәрежелі директор Шариза Далабайқызының айтуынша, сарайдағы қосымша білім беру жүйесіндегі оңтайлы өзгерістер – заман талабына сай.

– Қазіргі таңда балаларға қосымша білім берудің құндылығы артуда. Себебі, қосымша білім беру мекемелерінен алынған білім мен тәрбие негізі мектеп қабырғасында алған жалпы білім берудің вариативті құрамын күшейтеді. Жасөспірімдерге өздерін кәсіби бағдарлауда көмектеседі. Оған қоса, балалардың мектепте алған білімдері мен күш-қуаттарын іске асыруға сеп. Қосымша білім беру жағдайында балалар өздерінің шығармашылық әлеуеттерін ашады, қазіргі қоғамға бейімделу дағдыларын дамытады және бос уақытты толыққанды ұйымдастыру мүмкіндігін алады, – дейді Шариза Алтынбекова.

Сарайға көз салсақ, заманауи технологияларды қолданып, қосымша білім беру жүйесінде жұмысын бастап, қарқынды дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Биік ғимараттың жас ұрпақты білім мен ғылымға, өнер мен спортқа баулып, талай талантты балалардың тұсауын кескенін көріп жүрміз.

№2 оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова

Үйірмелер қалай жұмыс істейді?

Сарай үйірмелеріне 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар 7 бағыт бойынша қабылданады. Бүгінгі таңда №2 оқушылар сарайында 84 үйірменің жұмысы жүріп тұрғандықтан, 5 жастан 17 жасқа дейін 3 мыңға жуық бала тіркелген.

Мекемедегі оқытушылар саны – 80 адам. Университет бітіріп, жаңа жұмысқа қабылданған жас маман да бар, қырық жылдық тәжірибесі бар ардагерлер де жүр. Мамандардың басым көпшілігі ғылыми-жобалық бағытта теориялық және эксперименттік сипаттағы үйірмелер қатарында STEM зертханасы, заттар интернеті зертханасы, инженерлік-математикалық мектеп, дизайн және жобалық шығармашылық студиясы және экологиялық орталыққа жиналған.

Ал, ғылыми-техникалық бағыт бұл үйірмелерде конструкторлық, өнертапқыштық қызмет дағдыларын қалыптастыруға бағытталған екен. Бір сөзбен айтсақ, бұл – көлік және техникалық шығармашылық шеберханалары мен робототехника және Hi-teach технологиялары.

Музыка, театр студиясында, хор және хореографиялық залдарда, балалардың басқа да өнер түрлері саласындағы шығармашылық белсенділігін дамытатын музыкалық-эстетикалық бағыт та өз жұмысын белсенді атқарып тұр. Балаларды сурет салу техникасына баулитын шығармашылық қолөнер шеберханаларын, ART және Fashion студияларында эстетикалық талғамды дамытатын көркемдік бағыттың бар екенін айта кеткен жөн.

Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеп, нейропсихологиялық негіздерін қолданатын ерте дамыту бағыты да – біраз оқушылардың басын құрайтын орта. Әлеуметтің әлеуетіне негізделген, әсіресе, балаларды тоғызқұмалақ, шахмат, дәстүрлі және қытайлық дойбы, Мо, бұрыштар, логикалық басқатырғыштар сияқты үстел ойындарымен таныстыратын бағытқа сұраныс басым.

– Психолингвистикалық бағыт балаларды сөйлеуге дайындап, психологиялық кеңес береді. Ал, кәсіптік бағдар бағыты – жастарды жеке бейімділіктеріне, мүдделеріне, қабілеттеріне сәйкес белгілі бір кәсіппен әртүрлі деңгейдегі кадрларға деген қоғамдық қажеттіліктерге сәйкес мамандық таңдауға дайындайды. Біздің сарай бүгінде түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған білім беру және мәдени-бұқаралық алаң болып қалыптасуда. Атап айтсақ, халықаралық, республикалық, облыстық, аймақтық байқаулар, олимпиада, турнир жарыстары, жобалар, семинарлар, тренингтер жиі өтеді, – дейді Шариза Алтынбекова.

Жалпы үйірмелерге қабылдау 1 тамыздан e-daryn.kz қосымша білім беру платформасы арқылы жүреді. Оған кез келген ата-ана үйінде отырып-ақ, қажетті құжаттарды (Ата-ананың немесе заңды өкілдің жеке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі, 027/у анықтамасы және 3*4 фотосы) енгізіп, тіркеле алады.

Аманбике Сағатқызы балаларды робот-тышқанмен дұрыс жұмыс істеуге үйретуде

Сұранысқа ие робот-тышқан

Жалпы, вебинарлар, дәрістер, шеберлік сыныптары, тестілеу, зияткерлік ойындар – №2 оқушылар сарайының педагогтері мен ата-аналарының идеяларынан тоғысқан. Сондықтан, үйірмелерге қабылдау жыл бойы жүргізіліп, жаңа үйірмелер қатары толықтырылып отырады.

Мәселен, сарайға барған күні 12-13-ке жуық қыздардың тігін машинасында жұмыс істеп үйреніп, тігінмен айналысып отырғанын байқадық. Сондай-ақ, қыштан құмыра жасаған қыздар да үйірме жұмысына аса іңкәрлікпен атсалысты.

– Балалардың қол моторикасын, топта жұмыс істеу машықтарын арттыратын үйірмелер маңызды. Қолдың басы толған жүйке талшықтары. Сондықтан, үйірмелер дамуға сеп. Бізде ерекше даму қажеттіліктері бар балалар да бар. Бүгінде қолөнер және керамикаға 7-12 жас аралығындағы балалар қызығушылығы басым. Топта күніне 80 минуттан 8 бала жұмыс істейді, – дейді Ақниет Әділғазықызы.

«Химия және өмір үйірмесі», Ағылшын тілі, «ZhongGuo» қытай тілі үйірмесі, «Bienvenue en France» француз тілі үйірмесі, тележурналистика үйірмелері де оқушылардың сұранысына ие. Қазіргі таңда сондай-ақ, «Мажорет – спорт», «Чирлидинг» спорттық гимнастикалық би үйірмелері, «Сымбат» сколиоздың алдын алу үйірмесі және «Стоматология», «Архитектура», «Шаштараз», «Криминалистика» үйірмесі де талапқа сай жұмыс істеп тұр.

Бастауыш сынып оқушылары арасында робот-тышқан үйірмесіне қызығатындар көп екен. Жақында өткен халықаралық робототехника фестивалінің жүлдегері 5 жасар Балқия Орынбаева да осы сарайда білім алады.

– Робот-тышқан маған ұнайды. Мұғалімім Аманбике Сағатқызы роботтышқанмен дұрыс жұмыс істеуді үйретеді. Қалалық байқауда жүлдегер атанып, халықаралық фестивальде ІІІ орын иелендім, – деп бөлісті Балқия Орынбаева.

Аманбике Сағатқызының айтуынша, балалармен жұмыс істеген өте жақсы. Оған қоса робототехника балалардың сөйлеу тілін, қолдың ұсақ моторикасын дамытады. Зейінін ашады. Күніне алты топта 10-12 бала білім алады.

Сколиоз және майтабанның алдын алатын «Сымбат» үйірмесінен күндіз-түні балалар үзілмейді.

– Балада дене қимылы, бұлшық еттердің дұрыс дамуы – маңызды. Балалар қимылдар жасау арқылы денеге арналған құралдардан өтеді. Арасында спорттық гимнастика акробатика элементін қосамыз. Қазіргі таңда үйірмеде бос орын жоқ. Дегенмен, жаз айларына жазылып қойғандар көп, – дейді үйірме жетекшісі Ерлан Жақанұлы.

Ал, оқушыларды дойбы ойынына дайындайтын халықаралық спорт шебері Берікбай Қарымсақұлының айтуынша, дойбы баланың ойлау қабілетін арттырады. Сабырлық пен миды жіті дамытуға бағытталған.

– Қыркүйек айынан бастап 60-қа жуық бала дойбы үйренді. Ең бастысы, үйірмелер тегін болғандықтан, келушілер қатары да көп. Дойбымен қатар, тоғызқұмалақ, шахмат – баланы төзімділікке үйретеді. Гаджеттің орнын дойбы алмастырса, бұл – баланың өзіне жақсы. Логикалық ойлауы жақсы бала жаратылыстану бағытындағы пәндерге жүйрік болады, – дейді Берікбай Қарымсақұлы.

Балалардың сөйлеу тілін, қолдың ұсақ моторикасын дамытатын робототехника үйірмесі

Жаз айларында – жұмыс жүйелі

Қарағандыдағы мектеп жанынан ашылған лагерьлерде жаз айларында үйірмелерге жазылған балалар үшін робототехника, шахмат, тігін, STEM, IT, музыкалық, шығармашылық және математикалық есептер шығару үйірмелері қызықты бағдарламалар ұсынады. Өткен жазда балалар үстел үсті ойындарының түрлерін алғаш рет ойнап көріпті. Әсіресе, сергіту ойындары – балалардың көңілін көтеретін ерекше демалысқа айналған. Олар өздерін түрлі рөлде сынап көргендіктен, жаздық бағдарламаларға деген қызығушылықтары да еселене түскен. Сол уақытта балалар ерекше белсенділік танытқан бағыттың бірі – тігін, қолөнер саласы екені байқалыпты. Күн сайын балалар өз қолдарымен бұйымдар жасаудан жалықпапты.

– Үйірмеде қосымша білім беру міндеттерін іске асыра отырып, мектеп бір жағынан білім беру стандартын игереді. Жалпы, балаларға қосымша білім беру – үздіксіз білім берудің ажырамас бөлігі. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуын, шығармашылық, дарынды балаларды анықтауға, оларды қолдауға және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған көп деңгейлі білім беру жүйесі деп танылуда, – дейді Шариза Алтынбекова.

Жаз айларында Оқушылар сарайындағы ғылым үйірмесі де үздіксіз жұмыс істейді. Жетекшісі химия пәнінің мұғалімі Әлия Серікқызы балаларға теориямен бірге тәжірибе жасауға мүмкіндік береді.

– Бүгін темір +2 элементін анықтаудамыз. Сапалық реакция теңдеуі арқылы темірді зерттеудеміз. Көп жағдайда балаларға мектепте уақыт жетпей жатады. Сондықтан, олар таңдау бағытына сай осында келіп дайындалады. Түсінбегенін бізден сұрап, шығармашылық жағын дамытады, – дейді химия пәнінің мұғалімі Әлия Серікова.

Сондай-ақ, STEM білім беру үйірмесі де жаз бойы жұмысын үбейді.

– Бүгінгі таңда елде көпір сала алмай жатқандар бар. Оның себебі, нақты ғылымға келгенде ақсайтын мамандар көп. Бүгінде жас инженерлер үйірмесінде нақты ғылымды үйретеміз. Келешекке инженер-технолог-эколог, инженер-ІТ мамандар керек. Жалпы, STEM – ғылым, технология, инженерия, математиканы қамтиды. Бүгінде балалар қарапайым нәрселерді әкеліп, неше түрлі заттар жасап жүр. Үйкеліс, ауырлық, тартылыс күшін зерттейді. Бала өз ісінен нәтиже көрсе, сол салаға қызыға бастайды, – дейді физика пәнінің мұғалімі Эльмира Омарова.

STEM-ге қызығып, үйірмеге келетін Әділет Керімбай – Қарағандыдағы №16 мектептің оқушысы.

– Дәл қазір ток өткізіп оны қабылдайтын заттарды анықтаудамын. Болашақта көліктің ток жүйесін жөндейтін маман болсам деймін. Мектептен бос уақытымда үйірмеге келемін. Эльмира мұғалім бәрін тәжірибе жүзінде түсіндіреді, – дейді Әділет Керімбай. С

ондай-ақ, сүйкімді бүлдіршіндердің «Ата толғауы» домбыра үйірмесі мен «Айкерім» би үйірмесіне асығатынын байқадық. Дәлізде баласын күткен аналар да хореография үйірмелерінің пайдасы көп екенін тілге тиек етті.

Оқушылар сарайының ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да, ұжымның болашаққа сенімі зор, жоспары көп екенін байқадық. Әрине, сарай ұжымы үшін қоғамның оң көзқарасы мен қолдауы өте маңызды.

Бүгінде мақсат айқындалып, нақты мұраттар көзделген. Ең бастысы Мемлекет басшысы атап өткен қосымша білім беру жүйесі – бала болашағына алаңдаушылық білдірген әрбір ата-анаға оңтайлы өзгерістер ұсынуда. Қосымша білім – бала болашағына үлкен сеніммен қарауға шақырады.

Аяулым СОВЕТ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button