Руханият

Ақ жүректі, ақ қанат періштелер

Қашан қалың уайымның өрті сөнбек,

Енді осы болды ма, ел түзер кеп?!

Қарлығашым шарқ ұрды қанатымен,

Қара бұлттың қайғысын серпісем деп.

 

 

Ашып бұлттан аспанның нұр-күмбезін,

Жарқыратпақ қайтадан күннің көзін.

Ақ халатты, ақтілек, періштем-ай,

Ақ үмітпен жеңетін мұңның да өзін.

 

Мейлі уайым жанын сыз етуде,

Серті дайын семсердің жүзі етуге.

Бейқам күннің бесігін тербетуге,

Бейбіт түннің ұйқысын күзетуге.

 

Айдай әлем абдырап кеткен кезі,

Жалғассын деп тірліктің көктем көші.

Дерттің уы денеңе жайылмасын.

Деп қоғамның болып тұр бетпердесі.

 

Қайрап тісін қатерлер тұрса да алдан,

Қайта қанат қақсын деп мың сан арман.

Жарқыратсам дейді олар жарқын нұрмен,

Жердің бетін тұманмен тұмшаланған.

 

Қырдағы елмен көріспей еңістегі ел,

Туыс шалғай қоңсы кеп, қоныс тебер,

Адамзатты індеттен аластап жүр,

Ақ жүректі ақ қанат періштелер.

 

Көрген едік нәубеттің сан оттарын,

Қамсыз елге қуат бер Жаратқаным.

Қалың өрттің жүр олар ортасында,

Шарпымаса екен от қанаттарын!

Қайрат АСҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button