Арқаның қоңыр үні
Кеншілер мәдениет сарайында қазақтың дәстүрлі ән өнерінің айбынын асқақтатқан, ұлттық рухты ұлықтаған тағылымы терең, мазмұны бай өнер кеші өтті. Республикалық ән байқауларының лауреаты Дулат Ахановтың «Аяулы мекенім» атты шығармашылық кеші Арқа ән мектебінің шоқтығын биіктетіп, көрерменнің көңіл көкжиегін кеңейткен ерекше рухани оқиғаға айналды.

Кеш басталмай тұрып-ақ, зал ішін көмкерген ұлттық әуендер, сахна сыртынан оқылған көркем поэзия кештің шымылдығын сырлы сезіммен түріп, тыңдарманды бірден әуен құдіретіне бағындырды.
Сахна төріне хабарлаусыз шыққан кеш иесі Біржан салдың «Ақ серкеш» әнін асқақтата шырқап, көрермен жүрегін баурап алды. Бұл – нағыз кәсіби шеберлік пен табиғи дарынның тоғысы еді. Әншінің дауысындағы қоңыр бояу, кең тыныс, терең иірім көрерменді сиқырлы әлемге жетелей жөнелді.
Алтын бесік Ақтоғай өңірінің тарихы мен тағылымы, Әсет, Манарбек, Шашубайдай саңлақтар түлеген қасиетті топырақтың бүгінгі заңды жалғасы ретінде Дулаттың өнер жолы айрықша аталып өтті. Әсіресе, әкесі Бегендік Ахановтың үнтаспадан берілген әні көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Кеш барысында қазақ классикалық ән өнерінің інжу-маржандары әуеледі. Ақан серінің «Нәзікгүл», халық әндері «Екі жирен», «Алқоңыр», Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» секілді туындылары жаңаша тыныспен, терең сезіммен орындалды. Әр әнде Дулат Ахановтың орындаушылық шеберлігі мен әнге деген құрметі, мазмұнын жүрекпен жеткізе білу қабілеті анық аңғарылды.
Еліміздің әр өңірінен арнайы келген республикалық байқаулардың лауреаттары Санат Исаев, Марат Әбуғазы, Фархат Оразов өнер көрсетіп, ән шеруін жалғастырып, кештің көрігін қыздырды. Әсіресе, Марат Әбуғазы орындаған күй қазақ музыкасының қос қанаты ән мен күйдің үндестігін айқын көрсетті.
Ал, айтыс өнерінің ақберені, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ахановтың арнауы кештің рухани салмағын арттыра түсті. Ағалы-інілі өнер иелерінің арасындағы сыйластық пен шығармашылық үндестік көрермен көңілін ерекше толқытты.
Кеш барысында Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі сүйемелдеуімен орындалған шығармалар кешке симфониялық кең тыныс берді. Құрманғазының «Серпер» күйі, Дулат Ахановтың орындауындағы «Сағыныш екен бала кез», «Сағыныш сазы» әндері көрерменнің жан дүниесін тербеп, сағыныш пен сүйіспеншіліктің нәзік иірімдерін жеткізді.
Кештің ең әсерлі тұстарының бірі – анаға деген құрмет сәті болды. Кеш иесі Роза анасының құрметіне «Асыл ана» әнін орындап, шынайы алғыс пен перзенттік махаббаттың көрінісін көрсетті. Жары Алма мен қыздарына арналған ән де отбасы құндылығын паш етті.
Кештің мәртебесін арттырған тағы бір маңызды сәт – Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиевтің сахнаға шығуы болды. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы рухани байланыс, өнерге деген ортақ адалдық көрерменге ерекше әсер сыйлады. Одан бөлек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркеновпен бірге орындалған Ілия Жақановтың «Даниярдың әні» – кештің шарықтау шегіндегі көркем дуэттердің бірі болды.
Өз кезегінде, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Айжан Шакенова кеш иесін құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Басқарма басшысының Алғыс хатын табыстады.
Ал, «Әлтеке Жидебай батыр» қоғамдық қорының президенті Бақытжан Әрінов ел азаматтары атынан ізгі лебізін білдіріп, қаржылай сыйлық табыстаса, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Кәріғұлұлы аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыстап, әншінің иығына шапан жапты.
Кеш Кенжебек Күмісбековтің «Аяулы менің мекенім» әнімен түйінделді. Бұл ән кештің идеялық өзегін айқындаған, туған жерге деген шексіз махаббатты паш еткен туынды еді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



