Жаңалықтар

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ: “Әлі талай сағынармыз…”

Қайран, жалған дүние! Әйгілі «Көмекей әулиенің» Абылайға айтқаны бар емес пе: «Сені алғаш көргенде, тұрымтайдай ұл едің». Мен сені осыдан тура елу жыл бұрын алғаш көргенімде 13-тегі әкең мен шешеңнің көзінің ағы мен қарасындай, үш қыздың ортасындағы жалғыз ұлы едің, Мағаш…

Елгезек, ұяң, күлегеш болатынсың. Менің есімде қалғаны, ауылдағы жалғыз «Школьник» велосипеді, тек сенде ғана болатын. Велосипедтен құлап қалсаң да, қабақ шытпай күле беретінсің. Қасым Аманжоловтың туған ауылы деп, әрбір тау-тасын, жазық даласын көрсетіп, туған ауылыңмен мақтанатынсың.

Өте зерек, білуге құштар едің. Одан кейін ұзақ жыл араласпай кетсек те, Алматыда оқуда жүріп те мені сұрап жүреді екенсің. Көп жыл араға салып, Қарағандыға жұмысқа келгеніңде «Орталық Қазақстан» редакциясында күтпеген жерден кездесіп қалғанымызда жігіттердің арасынан суырылып шығып, «О, менің ағам келді» деп, туған ағасын тапқандай ерекше қуанғаның маған ерекше әсер етіп, әлі күнге дейін сол кездесудегі қабысқан құшағымыздың жылуы естен кетер емес.

Сен біліміңнің, ұйымдастыру қабілетіңнің ерекшелігі арқасында алдыңғы толқын – Р.Сағымбеков, Н.Оразбеков, Т.Жүсіпов ағаларыңның ізінен адаспай, ұжымыңды солар көтерген биіктен төмендетпей өткен ерекше талантты редакторлардың бірі болып қалдың. Өзіңнің жазған «Ой-тамызықтарың» шынында да оқырмандарға үлкен ой салатын, ойын қозғайтын құнды дүниелер болып қалды.

Облыстық мәслихаттың депутаты болып тұрған кезіңде облысымыздағы әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен қамқорлық танытқаныңды жұртшылық жақсы біледі. Өзіңнің бастаған жолыңды жалғастырушы жас журналистер бүгінгі таңда облысымызда ғана емес Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жемісті еңбек етіп жүр.

«Жақсы адам тіршілігінде табындыру үшін, өлгеннен соң сағындыру үшін келеді» дегендей, енді, міне, сенің сағындырар өмірің басталды, Өкінішті… Әлі талай сағынармыз, істеген жақсы істеріңізді еске алармыз… Тек, Өзіңнің арамызда жоқтығың ғана жүрегімізге батады. Қош бол, аяулы бауырым Мағауия! Көрмеген көшіңнен жарылқасын!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button