АймақНұра

Көпбалалы әкенің қуанышы

«Харекет» қайырымдылық қоры «15 күнде – 30 баспана» акциясы шеңберінде көбетейлік көпбалалы жалғызбасты әкеге баспана алып берді.

Серік Бәкіров – төрт балаға тәлім-тәрбие беріп отырған жалғызбасты әке. Бұрын бала-шағасымен ескі саман кірпіштен қаланған екі бөлмелі жер үйде тұрған. Соңғы жылдары баспананың қабырғалары жарылып, әбден тозып, тұруға келмейтіндей халге жеткен. Осы кезде «Харекет» қайырымдылық қорының Нұра ауданы бойынша өкілі Азамат Мұқашев жалғызбасты әкенің басына түскен жағдайды естіп, көмек қолын ұсынған. Игі іске атсалысқан жерлесіміз «Харекет» қайырымдылық қорымен бірлесе көпбалалы әкеге Көбетей ауылынан үй іздестіреді. Қажырлы еңбектің арқасында Серік Бәкіровке 5 бөлмелі үй табады.

Таяуда «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдері Көбетей ауылына келіп, ауыл әкімі Бауыржан Нашарбековтің қатысуымен ресми түрде көпбалалы әкеге баспананың кілтін табыстады. Аталмыш қор халықтың қолдауымен 3 миллион теңгеге жуық қаражат жинап, көпбалалы әкеге үй алып берді. Жалғызбасты әкенің қазіргі тұрып жатқан үйі жылы әрі жайлы. Есік алдында бау-бақшасы, гаражы, қорасы, тіпті, моншасы да бар.

– Үлкен баламның жасы жиырмада болса, кенжем – тоғызда. Балаларым өсіп қалды. Мал ұстауға да болады. Бастысы – жері кең. Картоп отырғызатын жердің өзі 8 сотық. «Харекет» қайырымдылық қорына алғысым шексіз. Көмектескен барша азаматтарға рахметімді айтамын, – деп төрт баланың әкесі атсалысқан жомарт жандарға ризашылығын білдірді.

Қуанышқа кенелген отбасының шаңырағына аталмыш қайырымдылық қорының Қарағанды облысы бойынша өкілдігі директорының міндетін атқарушы Ақтоты Әмзеқызы арнайы құттықтап келді.

Қор үш жыл ішінде 283 отбасыға баспана алып берген. Биыл «15 күнде – 30 баспана» акциясы аясында облыстағы 4 отбасы баспаналы болмақ.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button