Экологиялық ахуал – ерекше назарда
Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру, олардың полигондарын орналастыру мен салу жобалары кезіндегі қойылатын экологиялық талаптар заң аясында болуы тиіс. Бұл туралы аудан әкімі Әнуар Омардың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Өмірәлі Әбенов айтты.
Мәселе үнемі бақылауда. Мысалға, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалына қарасты Жомарт кешенінде тексеріс жүргізілген. Жоспарлы шара қорытындысы бойынша, буландырғыш тоғанға келіп түсетін «Жомарт» кеніші шахтасының және шаруашылық-тұрмыстық төгінділердегі ластаушы заттар концентрациясының белгіленген нормативтерін асырып жібергені үшін заңды тұлғаға айыппұл салынған. Шахта сулары бойынша – 6923944 теңге, шаруашылық-тұрмыстық сулар бойынша – 461944 теңге. Сондай-ақ, аталмыш мекеме 0001 көздегі №1 желдетпе ұңғысында, 0002 көздегі №2 желдетпе ұңғысында атмосфераға нормативтен тыс шығарылған қалдықтар үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жиында мәлім болғандай, бүгінде аудандағы экологиялық жағдай қанағаттанарлық деңгейде. Осы тұрғыдағы мәселенің бірі – өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жүргізілетін жұмыс, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта кәдеге жарату және қайта өңдеуден өткізу.
Қазір барлық қалдықтар қоқыс төгу орындарына қайта өңдеусіз және сұрыптаусыз шығарылуда.
Аппарат мәжілісінде ауданның ішкі істер бөлімі мен ауданның құрылыс бөлімінің 2018 жылдың 10 айында атқарған және алдағы жылдарға жоспарланған жұмыстары туралы мәселелер де қаралды.
Ауданның ішкі істер бөлімі басшысы Е.Байзақовтың айтуынша, Жергілікті полиция қызметінің штаттық құрамында 14 учаскелік полиция инспекторы (УПИ), 6 УПИ көмекшісі, 2 ювеналдық полиция тобы, 1 әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы, 4 табиғатты қорғау полициясы тобы бар.
Жалпы, аудан аумағында 2018 жылдың 10 айында тіркелген қылмыстардың саны 81 болса, ауыр қылмыстар саны – 8. Жасөспірімдер тарапынан ешбір қылмыс тіркелмеген. Аудан әкімі Әнуар Серікбайұлы аудан аумағындағы төрт түлік ұрлығы, пәтер тонау сияқты қылмыстарды болдырмау мен олардың ашылу көрсеткіші мәселесін терең талдады.
Бұдан бөлек, аппарат жиынында ауданның құрылыс бөлімі басшысы Б.Әбілов баяндама жасады.
– 2018 жылы Қарағанды облысында экономикалық өсімді қамтамасыз ету жоспарына сәйкес, құрылыс жұмыстарының көлемі 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 700,0 миллион теңгеге жоспарланса, орындалысы 1711,5 миллион теңгені (жоспардың 244,5%-ы) құрады, – дейді бөлім басшысы.
Б.Әбілов аудан бойынша 2014-2017 жылдары басталған ауыспалы нысандардағы құрылыс жұмыстарына да тоқталды.
Аудан басшысы Ә.Омар «Саламат су құбырына» байланысты мәселелерді пысықтауды міндеттеді. Сондай-ақ, жиында аудан әкімінің аппарат басшысы Д.Жұманов ауданда ақпараттық технологияларды дамыту, электронды үкімет порталын жүргізу мәселелері бойынша ақпарат берді. Бұл ретте, аудан әкімі Ә.Омар аппарат басшысына көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түрлерін электронды түрде пайдалану жұмыстарын жалғастыруды және апта сайын мониторинг жасап, ақпарат ұсынып отыруды тапсырды.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»