BloombergNEF: XXI ғасыр – электр энергиясы дәуірі
BloombergNEF жариялаған New Energy Outlook 2026 болжамына сәйкес, алдағы онжылдықтарда электр энергиясына деген әлемдік сұраныс айтарлықтай өседі. Сарапшылардың бағалауынша, 2035 жылға қарай сұраныс 29 пайызға, ал 2050 жылға қарай шамамен 69 пайызға артады.

Зерттеуде мұндай өсімнің негізгі себептері ретінде жасанды интеллект технологияларының дамуы, деректерді өңдеу орталықтарының (Data Center) көбеюі, электр көліктерінің кеңінен қолданылуы және өнеркәсіптің цифрлануы аталған.
Қазіргі уақытта әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары жылына шамамен 500 ТВт·сағат электр энергиясын тұтынады. Бұл – жаһандық электр энергиясы тұтынуының шамамен 1,9 пайызы. BloombergNEF сарапшылары ғасыр ортасына қарай бұл көрсеткіштің екі есеге жуық өсетінін болжайды.

Электр энергиясына сұраныстың артуы инвестициялық белсенділікке де ықпал етуде. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлемдік бірігу және сатып алу (M&A) нарығының көлемі 2,8 триллион АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49 пайызға өсті. Технологиялық сектордан кейін энергетика саласы инвесторлар үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналды.
BloombergNEF болжамына сәйкес, 2032 жылға қарай күн энергетикасы әлемдегі электр энергиясын өндірудің ең ірі көзі болуы мүмкін. Алайда сарапшылар жаңартылатын энергия көздерінің ауа райына тәуелді екенін және электр энергиясын тәулік бойы тұрақты жеткізу үшін басқа генерация көздері мен электр желілерін қатар дамыту қажеттігін атап өтеді.
Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, бүгінде әлемде жалпы қуаты 2500 ГВт-тан асатын энергетикалық жобалар электр желілеріне қосылуды күтіп тұр. Бұл электр инфрақұрылымын дамыту энергетикалық ауысудың негізгі міндеттерінің біріне айналғанын көрсетеді.
Бұл үрдіс Қазақстан үшін де маңызды. Елде жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту және заманауи деректерді өңдеу орталықтарын салу жоспарланып отыр. Мұндай нысандардың тиімді жұмыс істеуі үшін тәулік бойы үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету қажет.
Осыған байланысты сарапшылар Қазақстан үшін теңгерімді энергетикалық жүйені дамыту маңызды екенін айтады. Оның құрамына жаңартылатын энергия көздерімен қатар тұрақты базалық генерацияны қамтамасыз ететін қуат көздері, заманауи электр желілері және энергия сақтау жүйелері кіруі тиіс.
Мамандардың пікірінше, атом электр станциялары төмен көміртекті әрі тұрақты электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанның көмір қорының мол болуы жылу электр станцияларының да елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін сақтап отыр.
Сарапшылардың айтуынша, экономиканың цифрлануы, жасанды интеллект технологияларының дамуы және деректерді өңдеу орталықтарының көбеюі жағдайында Қазақстан үшін басты міндет – электр энергиясын өндіру қуаттарын уақытылы арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту.



