Бас тақырып

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Екі күннен соң есігімізден Рамазан айы енеді. Жан мен тән тазарып, сабыр мен төзім таразыланатын берекелі айды асыға күтеміз. Айтайын дегеніміз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен құттықтап, Оразаға дайындық жұмыстары туралы сөз қозғады брифингте.

Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. 2 мамыр – Ораза айт күні. Биыл ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні. Үкімді осылай шығарыпты мүфтият.

– Рамазан – тәрбие мен тағылымайы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай, – деді бас мүфти.

Бас мүфти кәсіпкерлерді қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды.

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Кім де кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кім де кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді» деген. Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық. «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті айда «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәбәрігі» сынды ауқымды республикалық қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыратынын да атап өтті ҚМДБ Төрағасы.

Енді оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтар болса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығынан жауап алуға болады. Жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беретін орталықтың нөмірі – 33-30-30. Орталыққа Нұр-Сұлтан қаласының коды арқылы телефон шалуға болады. Дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді.

Пітір садақасы да мұсылман үшін маңызды саналады. Биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал, ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды дейді діни өкілдер. Естеріңізге сала кетейік, пітір садақа мен зекетті мешітке бармай-ақ, kaspi.kz, myHalyk және qiwi мобильді қосымшалары арқылы онлайн төлеуге болады.

Қарағандының барлық мешітінде тарауық намазы оқылады. Намаз алдында имамдар Рамазан тақырыбы төңірегінде уағыз-насихат жүргізеді. Арнайы діни парақшаларға, Youtube арналарға да жүктелетінін жеткізді бізге облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.

Берекелі айдың берекеті молынан болсын. Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button