КөрмеРуханият

Таңсықтың тұңғиық әлемі

Облыстық бейнелеу өнері мұражайындағы көрмеге алып-ұшып жеттік. Бізді Д.ИСАБЕКОВ, Ф.ОҢҒАРСЫНОВА, С.НАРЫМБЕТОВ, Ұ.ЕСДӘУЛЕТ сынды бірегей тұлғалар қасқая «қарсы алды». Ал, көркем картиналардың авторы сұхбат беріп жатты. Қонақтар оның 60-қа жуық жұмысын тамашалап, бөлек күй кешті. Мұнда өз дәуіріне айшықты үн қосқан атақты ғалымдар, жазушылар, композиторлар, дәрігерлер, спортшылар және басқа да өз ісінің шеберлерінің портреттері бар. Осылайша, 9 наурызда ашылған болмысы бөлек қылқалам шебері Таңсық МӘЖИТОВАНЫҢ «Тәуелсіздік тұлғалары» көрмесі бастала салысымен бізді мәре-сәре қылды. Іс-шараны Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Геральдикалық зерттеулер орталығы ұйымдастырды.

 Бұл көрменің бір ерекшелігі мұндағы картиналардағы тұлғалардың бәрін суретші көзбе-көз отырып салған. Яғни, мұнда көзі тірі қайраткерлердің картиналары көбіне. Арасында, өмірден өткендері де бар. Бірақ, суретші оларды көзі тірісінде үйіне барып, сызған.

Шебердің айтуынша, мұндай тұлғалардың портретін сызу өте жауапты іс екен.

Фариза апай бірінші барғанда қабылдамады. Мінезі өте ауыр. Бояуларымды арқалап Қарағандыға кеттім. Кейін елордада жүргенімде өзі хабарласып, шақырды. Бұл жолы іштей дайын екен. Ал, Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды заңғар жазушылардың және басқа да осындағы атақты тұлғаларды салу оңай болмады. Өйткені, олардың үйінен кісі арылмайды. Мүлдем бос уақыты жоқ. Бұдан бөлек, олардың ішкі жан-дүниесін, көзіндегі оты мен толық мінезін ашу қиын. Осылай арпалысып жүріп, біраз жұмыс атқарыппын. Портреттер галереясы әлі де толыға түседі, – дейді автор.

Оның сөйлеуінен, кейіпкерлердің жан-дүниесі жайлы айтуынан өз ісіне берілген ерекше дарын иесі екенін байқадық. Жақын барып қарасаң, майлы бояуды кенепке жағып, шимайлап тастаған сияқты. Алысырақтан қарасаң, әр тұлғаның өз әлемі, өз мінезі көзге ұрады. Келген қонақтардың арасындағы сала мамандарының айтуынша, Таңсық Мәжитова – портрет жанрындағы көшбасшы суретшінің бірі екен.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов пен Қазақстан Суретшілер одағы, Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Айдархан Қалмаханов кеш иесін құттықтап, табыс тіледі.

Таңсық Сәбитбекқызы – Арқалық қаласының тумасы. Арқалық педагогикалық институтының Бейнелеу өнері факультетінің түлегі. ҚР Суретшілер Одағының мүшесі және 1992 жылдан бері шетелдік, республикалық, облыстық көркемөнер көрмелерінің қатысушысы. Оның экзотикалық жануарлар мен құстар, батик бағытындағы жұмыстары кеңінен танымал болды. Көрермендер мен өнер тарихшылары түстердің жұмсақтығын, түрлі-түсті реңктердің толып тұруын, табиғаттың таңғажайып әлемін және суретшінің үйлесімділік сезімін айрықша атап өтеді.

Суретшінің шығармашылық өмірінің тағы бір танымал қыры қарағандылық «Exile», «Fuhgaws» және «Cry Baby» роктоптарының портретін жасау жұмыстары 2010 жылы қалалық клубтардың бірінде көрсетілді. Суретші портреттерді жасау үшін 5 ай бойы олардың қойылымдары мен жаттығуларын бақылап отырған.

Таңсық Мәжитова портреттерді саларда адамның сыртқы келбетін ғана емес, оның мінезін, рухани мәнін ашып, өмір сүретін дәуір келбетін көрсету үшін барын салады.

– Портрет – мен үшін ерекше жанр. Қазіргі уақытта бұл менің құмарлығымды оятқан және өзімді суретші ретінде сезінетін жалғыз бағыт. Мысалы, пейзажға аса бейім емеспін, бірақ тапсырыс түссе, қуана орындаймын, бірақ портрет қазір мені қатты толқытады, өмірге құштарлығымды арттырады. «Тәуелсіздік тұлғалары» жобасын 2009 қолға алдым, топтама үнемі толықтырылып отырды. Онда алғаш болып, Ақселеу Сейдімбек, Тоқтар Әубәкіров және Айман Мұсақожаеваның портреттері пайда болды, дейді суретші.

Мұражайда ұсынылған жұмыстардың арасында КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, балетмейстер Болат Аюханов, ақын Олжас Сүлейменов, актер және режиссер Талғат Теменов, археология профессоры Виктор Зайберт, ақын Исрайыл Сапарбай, Жүрсін Ерман, академик Төрегелді Шарманов, жерлесіміз даңқты марафоншы Марат Жыланбаев, композитор Ескендір Хасанғалиев және басқа саңлақтар бар. Көрме елордада өткен жылдың күзінде басталып, Қарағандыға келді. Мамыр айында көрме Алматыда ашылмақ.

– «Тәуелсіздік тұлғалары» сериясының идеясын өнертанушы Наталья Иванина ұсынды. Мүмкін, онсыз мен мұндай жұмысқа кіріспес па едім. Екеуміз болашақ коллекцияны бірнеше рет талқыладық. Мен өзіме сенімді болмасам, Наталья Ивановна мені үнемі жігерлендіреді. Қиындықсыз, қателіксіз алға жылжу жоқ. Портреттерді салу барысында кейіпкер тұлғалардың өз ісінің хас шебері екендіктеріне көз жеткіздім. Бұл мені шабыттандырады, – деп қосты Таңсық Сәбитбекқызы.

Көрме 3 сәуірге дейін жалғасады.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button