Кенді өңірдегі керемет кешен

«Біз Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек. Аса маңызды миссия: бүкіл әлемнің назарын осындай тарихи тұлғаға аудару және оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру».

ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ,

ҚР Президенті.  

Қысқа қайырсақ, Моңғол шапқыншылығынан соң Қыпшақ даласында Жошы ұлысының негізін қалаған ол – ұлы қаған Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлдың тұңғышы. Дешті-Қыпшақтың әміршісі «Ұлық Ұлыс» ретінде тарихта қалған Алтын Орданың және соның негізінде құрылған Қазақ хандығының түпатасы атанды. Сөйтіп, анасының жатырында жатқанда-ақ жаһандық жанжалға себеп бола жаздаған шақалақ, кейін қуатты мемлекеттің іргетасын қалады.

Мәселенің мәнісі мынада: Шыңғыс хан мен Бөрте шаңырақ көтерген соң көп ұзамай меркіттер шабуылдап, сұлу келіншек жау қолында кетеді. Кейін Шыңғыс хан босатып алады. Келіншек келісімен босанады. Ешкім ашық айтпаса да, «Болашақ тақ мұрагерінің әкесі кім?» деген сауал сол кезде көптің көкейінде көңірсиді. Жауабы ретінде айтылатын әңгіме әралуан. Анық-қанығы Алла Тағала мен анасына ғана аян.

Шыңғыс хан қилы қауесетке қарамай, күш-қайраты қырғын, ержүрек, өткір, айрықша ақылды Жошыны жанына жақын тұтады. Әуелде Жошы моңғол басқыншылығында білікті қолбасшылығымен көрінеді. Жастай жаужүрек әрі әскери айласымен көзге түседі. Сосын әкесінің батысқа бағытталған бірқатар жорығын басқарады. Бірақ, Шығыс Еуропаны жаулау жоспарын жүзеге асыра алмайды. Ал, өліміне қатысты артында алуан түрлі аңыз қалды.

Жошы ханның кесенесі Жезқазғаннан қозыкөш жерде, Кеңгір өзенінің сол жақ жағалауында. Бұдан сегіз ғасыр бұрын бой көтерген кесененің архитектуралық құрылымы керемет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы жазда Ұлытауда өткен Халықаралық туризм форумында: «…Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді» деп, шырқыраған шындықты жайып салды.

«Сондықтан, біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет» деп қадап айтты. Жошының тарихи бейнесін жаңғыртып, кесенесін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылатын қастерлі орынға айналдыру міндетін қойды. Сол тапсырма былтыр күзде ойдағыдай орындалды.

Қойнауын кен кернеген Арқаның берекелі беткейінде керемет кешен бой көтерді. Елдің түкпір-түкпірінде талай тарихи нысанға «екінші тыныс» берген танымал рестовратор Әнуар Төлебаев басқаратын «Ұлытау-Ұлар» фирмасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысын тап-тұйнақтай тиянақты орындап, хан кесенесін қайта жаңғыртты. Қасынан «Жошыхан» тарихи-мәдени кешені салынды. Жалпы аумағы 8 гектарды алып жатқан оған республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге шамасында қаражат жұмсалды.

Оның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Тарихи-мәдени кешенде экспозиция залдары, күзет және қызметтік орын, оң жақ қанатында – намазхана, дәмхана мен шәйхана, шаруашылық қоймасы, жабық галерея мен ашық аспан астындағы демалыс ротондасы, оң жақ қанатында туристер тұрақтайтын бөлмелер, шаруашылық мақсатындағы техникалық және қосалқы үй-жай мен галерея орналасқан. Ендігі міндет – тарихи орынға келуші қатарын көбейтуге қол жеткізуге керек. Сосын бұл кешен Алтын Орда ескерткіштерін зерттейтін ғылыми база болуға сұранып тұр.

Қазір қиындық келтіріп отырған ең басты нәрсе – қала мен кешен арасындағы автокөлік жолының ешқандай сын көтермейтіндігі. Ол үшін облыстық автомобиль жолдары басқармасы тендер өткізіп, биыл бұл шаруаны қолға алмақшы. Ал, шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен тарихи тақырыпта алқалы жиын өткізу, студент-оқушы қызығушылығын ояту – келесі кезектегі шұғыл шаруа. Бұл тұрғыда қандай іс-шара белгіленіп жатқанын білмек болған сауалды, өкінішке орай, Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева жауапсыз қалдырды.

Тарихшы, саясаттанушы, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған былай дейді: «Адамзат тарихында Наполеон сынды императорларға қарағанда Шыңғысхан мен Жошыханның еңбегі орасан. Бұл – әлемге тараған бренд. Сондықтан, Жошыхан кесенесі әлемдік деңгейдегі орталық бола алады». Оған дау бар ма?! Лайым солай болсын! Алайда, жергілікті билік бұл тұрғыда тапқырлық таныта алмай отырғаны анық. Ол үшін, ең алдымен, туризм мен экскурсияның аражігін айырып алу керек…

Әлібек ӘБДІРАШ.