Руханият

2. Қарқаралы: қызыққа толы қысқы туризм

«Ауылдағының аузы сасық» деген жөн бұл жерде. Сырттағы жұрт Қарқаралының халін сұрайды. Ал, біздің есіл-дертіміз Шымбұлақ пен Бурабайда. Іргеміздегі қазынаның құнын түсіріп жүрген жайымыз бар. «Жақсыны көрмекке». Қарқаралыдағы қысқы туризмді қарауылға алдық…

«КӨРМЕГЕН ЖЕРДІҢ ОЙ-ШҰҚЫРЫ КӨП»

Қаладан қозғалғанда атар таңнан әлі хабар жоқ-ты. Көкжиек қалың шымылдықпен қымтай жабылған. Сары аяз кәріне мініп тұр. Пештің өңешінен үрлеген ыстық ауаны бұйым құрлы көрер емес. Қос қапталдағы терезені жартылай жапқан қырау мысықтабандап айна тұрған тұсқа жақындап келеді. Бала кезде мұндай қырауды тырнақпен кертіп ойнаушы едік…

Қаланың жарқыраған оттарынан аңғармаппыз, әлде арыңгүрің әңгімемен мән бермедік. Майқұдықтың іргесінен керілген көлік дәлізінен оң қолға түскен бетте қара түнек құшағына сүңгіп кеттік. Көзіміздің байланғанын аңдып тұрғандай жолдың да әуресі көбейді. «Көрмеген жердің ой-шұқыры көп». Шұқырдан құтылып, шұңқырға тұтылып келеміз.

Ботақараны басып өткеннен кейін бұл тас жолдан да береке кетті. Қашаннан жатқаны беймәлім асфальттың әміріне айла жоқ. Тек, шығыстан шапақ тарағанда адымымыз ашылды. Түнек серпіліп, көз жетер маң айқара ашылды.

Далада жылқы тебінер қар шамалы. Бүк түсіп жатқан тоқал төбелердің арқасы ашық. «Ақпан – алда, есесін жібермес» деген ой келді… «Қар аз болса, қысқы туризмнің халі нешік?». Ол да мазалап келеді…

Біз Қарқаралыға жеткенде алтын күн тау желкесінен бір елі көтеріліп үлгерді…

БИЗОНДАР ПАТШАЛЫҒЫНДА

Топырағына тарих тұнған Қарқаралы. Қазақтың ақиық ұлдары қанаттанған киелі мекен. Ертеден қала соғып, өнеркәсіпті қолға алған қоныс. Ақ патшаға петиция жазып, қазақтың қайғысы хатқа түскен жер. Мәди «атынан айналған Қарқаралы». Бірақ, бұл мақаламызда арғы-бергі шежіресіне үңіліп, қадір-қасиетін салмақтап жатпаймыз. Бізге дейінгілер таразыға тартқан. Кейінгілер де талай дәуітті тауысары анық. Көздегеніміз – көзбен көргенімізді он мыңнан астам оқырманмен бөлісу. Егемендік жылдарындағы еңселі істерді жұрт назарына ұсынғаннан артық қызмет қыла алмаспыз…

Туристік нысандардың барлығы дерлік Қарқаралы ұлттық табиғи паркі аумағында жатыр. Бізді кіреберістен күтіп алған аталған парктің туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің басшысы Қанат Жариков пен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Серік Төлеубек бірден парктің «Табиғат мұражайына» бастап барды.

Парктің аумағы 112 мың гектардан асады. Ал, «Табиғат мұражайын» осы парктің қақпасы деп санаңыз. Қалаға келген қонақты мұражайға апару дәстүрге айналған. Мейман Қарқаралының табиғатымен аз ғана уақыт ішінде танысып шығады.

Мұражайдың ішінде бірнеше зал бар. Экологиялық ағарту маманы Мөлдір Серіктің тұщымды әңгімесінен біраз жайтқа қанықтық. Зоологиялық, ботаникалық, геологиялық деп кете береді. Қасқыр, қабан, арқар, бұғы, суыр, түлкі сынды жануарлардың терісін бітеу сыпырып, қаптап қойған. Құстар да бір залдан орын алыпты. Келесі залда ұлттық парк аумағының шағын картасы жайылған. Шайтанкөл, Үлкенкөл, Самалкөлдеріңіз алақанда жатыр. Бір тұсынан Ақсораңнан сәл аласа Жиренсақал көзге бірден ілігеді. «Мына жерде біз болып едік» деп, маңайын көзбен шолып шығасыз.

Мұражай жанындағы жануарлар қоршауы – туристер үшін тартымды жер. Әрине, бизон мен елікті, бұғы мен қабанды күнде көріп жүрген жоқпыз. Біз барғанда талпақ танаулар көзге түспеді. Есесіне, бизон мен бұғы, елеңдеген елік алдымыздан шықты. Саяхатшылар тәтті-дәмдімен дәніктіріп қойған.

Паркті «бизондар патшалығы» атадық. Өйткені, мұндағы жануарлардың алыбы – бизон. Әзірге, төрт бизон бар. Үшеуі – аналық. Алдағы жақын жылдары қарасы көбейеді деген сөз.

Қарқаралының қысы қалың тон жамылған дәуіңізге майдай жағады. Бизонымен аты шыққан АҚШтың Йеллоустон қорығы Қарқаралымен бір ендіктің бойында жатыр. Бизонның жақын туысы – зубр. Зубрларыңыз әлі күнге дейін Беларусь ормандарында жайылып жүр. Әріге көз жүгіртсек, «дала зубрлары» деп аталатын түрі ертеде Қазақстанның солтүстігін, орталығын мекендепті. Кейінгі плейстоцен дәуірінде мамонтпен бірге тұқымы үзілген. Ал, қоршаудағы бизондардың қанын алмастыру мақсатында Жоңғар Алатауындағы қорықтармен тығыз жұмыс жүргізілуде. Қ

ораның артында күлді қопарып, өкіріп жүретін бұқа бизонның жанында сүт сұрай келген көршідей сыпайы дерсіз. Құр қол келгенімізді түсініп, темір қоршауды мүйізімен соққылағанда жақын маңдағы қыз-келіншек ыршып кетті. Әне-міне шарбақтың шабақтарын бырт-бырт үзіп, тапап өтердей үрейді алды. Абырой болғанда, іле-шала жарты бөлке нан табылды. Әйтсе де, «танауынан сипап, әукесін қасимыз» деген дәмеміздің күлі көкке ұшты.

Есесіне, бұғы қонақжай мінезін танытты. Жақын келіп, егеудей тілімен алақаныңыздағы нанды орап алады. Елік – сауысқаннан сақ. Қос құлағын қалқайтып, қимылымызды бағып тұрумен шектелді. Әйтсе де, қаладан келген жанға бұл көріністердің өзі-ақ ауызбен айтып жеткізе алмас қуаныш сыйлайтыны белгілі.

Аң күтушісі Әбуғали Өмірзақов қырық шақты елік барын айтады.

– Қоршаудың аумағы – 83 гектар. Елік, бизон, бұғы сынды жануарлар жүр ішінде. Кейінгі жылдары суыр ін қазып, қоныстанып алды. Бұл жер тыныш қой. Күнделікті шөп шашып тұрамыз, – дейді Әбекең. Өзіміз де шөп шашып көрдік. Әлгінде ғана көкке атылып тұрған таудай бизондар ентелеп келіп, бас қойғанда еріксіз езуіңе күлкі үйіріледі. Сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүгіретін дүлейді сиырдай жуасытқан құлқынға қарсы тұрар күш жоғына сенесің.

Аязды күндері орман ішіндегі астауларға жем себіледі. Қарлы уақыттарда жиірек. Биыл қар жұқа. Сай-саладағы аң атаулы, әзірге, ашыға қойған жоқ. Парк аумағында 121 маман қызмет етеді. Орманшы, күзетші, эколог, туристік мамандар осы қатарда. Әр тал-дарақтың, жыбырлаған тіршілік иесінің амандығы – осы азаматтардың мойнында. Жалпы, саяхатшылар қарасы қалың. 2019 жылы 35 500 адам арнайы келіпті. Пандемияға байланысты былтыр едәуір азайған – 18 348. Бұл есепке алынғаны ғана.

Парк аумағына кірген әр турист 0,1 АЕК көлемінде ақы төлейді. «Табиғат мұражайына» бас сұқса, кісі басы 200 теңге тағы бар. Біреудің қалтасына түскендей болмайық. Бірақ, қарапайым арифметикаға салып, саяхатшылар санын 0,1 АЕКке көбейтіп жіберсеңіз-ақ қыруар ақшаның құлағы қылтияды. Міне, туризмнен түсер пайданың бір бөлігі деп біліңіз мұны… Жерді жалға алып отырған демалыс ошақтарын қоспадық есебімізге…

ЖАРТЫ ШАҚЫРЫМДЫҚ СЫРҒАНАҚ

Қарқаралыдағы көп көлдің біразы орысшаланып кетті кезінде. Бірі – Пашено. Кейін Самалкөл деген атауы қайтты. Самалкөлден әрі өтсеңіз, «Шахтер» демалыс үйінің аумағына шығасыз. «АрселорМиттал Теміртаудың» иелігінде қазір. Сол «Шахтердің» маңайында тау шаңғысы кешені бар.

Төбенің биіктігі – 500 метр. Жаяу шықсаңыз да болады. Ал, егер, ерінсеңіз, арнайы арқан жол бар. Кабинаға отырасыз, сізді жарты шақырымға сүт пісірім уақытқа жеткізбей көтеріп тастайды. 200 теңге төлесеңіз болғаны. Біз де арқан жолмен жүріп өттік

Бала кезде мұндай жолдарды тек шетелдік кинолардан көріп, қызығар едік. Құдайға шүкір, қазір Шымбұлаққа барған әр қазақ арқан жолға мінбей кетпейді. Ал, дәл іргеміздегі Қарқаралыдағы арқан жол тосын сый болды.

Орындыққа отыра салып, 500 метрге көтеріле салудың түк қиындығы жоқ. Ептеп қорқыныш билегені болмаса. Қар жамылған қарағайлардың ұшы табаныңнан сипап өткенде көрер жарығыңның жалғыз арқанға жалғанып тұрғанын түйсінесің. Көзіңді жұмып, төменге қарамауға тырысқанмен, баланың білегіндей арқан ара-тұра үзіліп кетердей селкілдегендегі үрейді қайда қоясың…

Кешен жұмысына Нұржан Исин мен Николай Жуков есімді операторлар жауапты. Сол жігіттерден алған бір-бір тюбингіміз бар құшағымызда. Төбенің ұшар басынан сырғанауға жүрек дауаламады. Жанымызда жүрген жергілікті азаматтар да ескертті. Алғаш рет келіп тұрған жан майып болып қалуы мүмкін. Төмендеп, орта тұсына түстік. Бағанағы үрей үрей ме? Резина дөңгелек еңіске заулап бергенде жаның мұрныңнан ұшына келеді. Жылдамдығын кім өлшепті, көзден жас парлап береді. Қауіп-қатерге толы спортты сүйетін жандардың машығы. Тоқтата қоятын тежегіші жоқ. Аударылып түспеудің қамын ойлаңыз. Әйтпесе, сау-тамтығыңыз қалмасы анық.

Біз «шықпа, жаным, шықпамен» төмен түскенде Қарағандыдан отбасымен келген Александр қырға көтеріліп келе жатты. Екі бетін аяз сорған жігіт әңгімешіл екен.

– Карантиннің кесірінен Қарқаралыға былтыр бір-ақ рет келдік. Биылғы қысты балаларымызбен асыға күттік. Жылда келеміз. Дәстүрге айналдырдық. Жақын әрі табиғаты тамаша. Таза ауа. Нағыз демалысқа арналған орын, – дейді Александр.

Александр арқан жолға мініп көрмепті. «Қалада аз қимылдаймыз. Ең болмаса демалыста жаяу жүрейік» деген пікірде. Дегенмен, арқан жолдың қызметін пайдаланушылар баршылық. Нұржан мен Николайдың айтуынша, демалыс күндері жұмыс қызады.

ҚЫЗЫҚТЫҢ БІРІ – ИТШАНА

Қызмет сапасымен ғана емес, қайырымдылық шараларымен аты ауызға іліккен нысандардың бірі – «Берлога» демалыс үйі. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп жүрген жол бастаушы жігіттер осында алып келді.

80 орындық қонақ үй. Карантинге байланысты жартысына ғана кісі қабылдайды. Он шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Администратор Нұрлан Оңғарбаев қызмет түрлерімен таныстырды.

«Берлогада» ішімдік ішуге рұқсат жоқ. Сыра сүйетін қауымнан болсаңыз, жолыңыз ашық. Алкогольсіз режимнің арқасында отбасымен тыныққанды қалайтын жандардың сүйікті мекеніне айналған.

Қызықтың түрі жеткілікті. Шаңғы, шана, тюбинг жалға беріледі. Арнайы сырғанақ жасалған. Атпен серуендеуге болады. Караоке залында қалағаныңызша ән шырқаңыз. «Қой» дейтін қожа жоқ. Тіпті, шанаға ит жегіп алып, қыдырсаңыз да еркіңіз. Анау-мынау емес, хаски тұқымды итті.

Бұл итті Анадырь, Колыма, Камчатка жағындағы солтүстік халықтары ертеден шанаға жеккен. Балық жеткілікті, чукчалар бір шана үшін тоғыз ит асыраған. Қазақтың Сібірді «итжеккен» атап жүргені содан.

Хаскидің табиғаты жуас, ойынпаз. Бейтаныс адамға ырылдап, айбат шекпейді. «Берлогада» төрт хаски бар екен. Көздері мұз түстес. Шанаға жегіп, аттарын шақырса болды, құйындай ала жөнеледі. Нұрланнан естуімізше, қонақтар тарапынан итшанаға сұраныс зор.

– Бұл иттерді күшік кезінен асырадық. Қазақстанның әр түпкірінен сатып алдық. Келген меймандардың итшанамен сырғанамай кеткені жоқ. Біздің басқа демалыс үйлерінен бір ерекшелігіміз осы болып тұр, – дейді Нұрлан.

Ұлттық парктің аумағында 11 туристік сорап бар. Солардың бірі осы «Берлоганың» іргесінен басталады. Шайтанкөлге апарады.

Шайтанкөлге барар жолда ну орман ішімен өтесіз. Қарағайдың иісі аңқыған тау арасында қымқуыт дүние бір сәтке байыз тапқандай. Бұтағын қар еңкейткен ағаш біткен сол тыныштықтың шырқын бұзудан қорыққандай мүлгіп тұрады. Әр тұстан естілген тоқылдақтың тоқылы үнсіз әлеммен әдемі жарасым тапқан. Қос құлағы қылт-қылт еткен қоян сізді көріп зулап бергенде жанай өткен бұталардан төгілген қар да кеудеңізді толтырған сезімнің отын үрлей түседі…

Орман ішімен төрт шақырым жүріп өтіп, Шайтанкөл қонған таудың етегіне ат басын тірейсіз. Және 1200 метр өрлесеңіз, Шайтанкөлге жеттім дей беріңіз. Табаныңыздың астында. Қазір көл мұз құрсанып жатыр. Бірақ, «сонша жерден жаяу келіп, суына бір малтымадым-ау» деп көңіліңіз түспесін. Шайтанкөлге жазда да ешкім шомылмайды…

ЖАҚЫН ДА АЛЫС ҚАРҚАРАЛЫ

Қарқаралы қыдырып келген кісі зерігетін жер емес. Көрсетер қызық көп мұнда. Жұрт мақтаған Шымбұлақ пен Бурабайыңыздан кем түспейді. Тек, жолдың жайы ғана жергілікті биліктің басын ауыртып тұр. Туристердің де шағымы сол төңіректе. «Келешекте төрт жолақты жол салынады екен» деген сыбыс бар ел арасында. Жол түзелмей, туризмнің бағы жана қоймасы анық. Әйтпесе, Қарқаралы жақын да алыс қала бермек…

СУРЕТТЕРДЕ:

1. Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің «Табиғат мұражайы».

2. Аң күтушісі Әбуғали Өмірзақов жануарларға күнде шөп шашады.

3. Парк алыптары – бизондар.

4. Хаски иті – ойынпаз.

5. Қарағандылық Александр Қарқаралыға жыл сайын отбасымен келеді.

6. Арқан жолға сұраныс зор.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button