Жаңалықтар

Қарағандыда үш қабатты коттеджде тұратын отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған

Қарағанды ​​облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы  атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың заңдылығын тексеру  барысында үш қабатты коттеджде тұратын отбасының АӘК алып келгенін анықтады. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекованың айтуынша, АӘК тағайындау кезінде ең көп кездесетін заң бұзушылық – нақты кірістерді жасыру, отбасының тұрмыс жағдайы мен өмір сүру шарттары туралы жалған ақпарат беру.

«Қарағанды ​​қаласында 8 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы 2019 жылғы мамыр айында АӘК тағайындауға өтініш білдірді. Отбасына ай сайын жалпы сомасы 105 мың 843 теңгені құрайтын 2 млн 339 мың 688 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалды. Біздің басқарма жүргізген тексеру кезінде бұл отбасының жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын үш қабатты коттеджде тұратыны анықталды. Оның үстіне, жеке меншігінде көлігі бар, яғни олардың тұрмыс жағдайы жеткілікті. Аталған отбасына қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде оларға АӘК тағайындаудан бас тартылды», – деді Әсем Жүнісбекова.

Оның айтуынша, әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алу мақсатында кейбір қарағандылықтар нақты тұратын немесе уақытша тіркелген мекен-жайын жасырмақшы болған. Мысалы, АӘК алушыларды аралау барысында тұратын мекен-жайын жалған көрсетіп, ай сайын 108 мың 882 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 млн 306 мың теңге төлем тағайындалған отбасы анықталды. Ал, шын мәнінде отбасы қымбат жөндеуден өткен екі қабатты коттеджде тұрады, жеке меншігінде автомашинасы бар.

Қарағанды облысы бойынша 92 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төлеу уақытша, ал,  890 отбасына мүлде тоқтатылды. 1 мың 621 отбасына қайта есептеу жүргізілді.

 

Басқа материалдар

Back to top button