Руханият

Құрман Қалымов: “Театр қызметкерлеріне 18 пәтер берілді”

«Арқаның Ақсарайы» атанған Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының құрылғанына – 90 жыл. Талай сахна саңлағының ізі қалған, көптеген дарынның қанатын қатайтқан киелі орда осы уақыт аралығында бірталай белесті бағындырып, көптеген жетістікке жетті. Талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, елдің алғысына бөленіп жүрген театр директоры Құрман Қалымовтың да үлкен той алдында өз айтары бар.

– Құрман Өмірбекұлы, Сәкен театрына басшы болғалы 1-2 жылда қыруар шаруа атқардыңыз. Осындай іскерліктің құпиясы бар ма?

Шынымен де, уақыт сусып қолда тұрмайды. Көзді ашып-жұмғанша келгеніме екі жыл болды. Бір жыл толығымен карантинде отырдық. Шектеулер жұмысқа кедергі келтірді. Кейін қарқынды жұмыс істедік. 90 жылдық тарихы бар Сәкен театры маған дейін де жарқыраған, менен кейін де жарқырап тұра береді. КСРО кезінде мемлекеттік сыйлықты алған жалғыз облыстық театр. Мәртебесі – өте биік. Ұжымдық жүйе әбден қалыптасқан. Көне тарихтан сыр шертетін алғашқы қазақ театрларының бірі. Біз не істесек, өз міндемізді орындадық. Асқар таудай ағалардың игі бастамаларын, сара жолын жалғастырудамыз. Театрдың шығармашылық жағынан шарықтайтын, тоқырауға түсетін кезі болады. Шарықтайтын бір жаңа дәуір келе жатқан секілді. Облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы көп қолдау көрсетіп отыр. Өнер жанашырлары баршылық. Мәртебеміз сондықтан да биік тұр. Театр – көрерменімен көрікті. Аз уақыт деуге келмес. 90 жылдан бері жасалған еңбектің заңды жалғасы. Сол биік мәртебені жоғары деңгейде ұстап тұра алсақ – нұр үстіне нұр. Алда атқаратын шаруа, арман-мақсат, идея, алар асу көп. Келесі жылы шет елдердегі фестивальдар бар шығатын. Жаңа туындылар күтіп тұр.

– Театр қызметкерлеріне бірнеше үй беріліпті. Оны өздеріңіз жөндеуден өткізіпсіздер. Толығырақ айта кетсеңіз.

– Облыс әкімдігі тарапынан былтыр театр қызметкерлеріне 6 үй берілді. Ақтас, Саран қалаларынан. Биыл Доскей ауылынан қараусыз қалған үйді жөндедік. Бұл Тәуелсіздіктің және қолдаудың арқасы дер едім. Қаңқасы ғана тұрған үй. Ұжымға жастарды тарту, жұмысты жандандыру керек. Сондықтан, бел шешіп, кірісуге тура келді. Өзің ұмтылмасаң, ісіңде береке болмайды. Осылай басшылықтың облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұсынысын қабыл алдық. 40-шы үйдің 40 пәтеріне жөндеу жүргіздік. Жаңадан салғаннан гөрі, қайта жөндеу өте қиын шаруа. Жұмыстар биыл бітті. Республика күні қарсаңында облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы арнайы барып, пәтер кілттерін табыстады. Мәдениет саласына бөлінген 40 пәтердің 12-сі театр қызметкерлеріне бұйырды. Оның ішінде, жас отбасылар, үйі жоқ әріптестер бар. Жалпы, театр қызметкерлеріне 18 үй берілді. Қазір жаңа үйге ақырындап көшіп жатыр. Бұл тәуекел қаншама адамды қуантты. Біреуге қуантқанды сүйеді. Сондай бір ішкі жан қалауынан жүзеге асқан дүние болды.

– Көрермен санының әжептәуір артқанын байқаймыз. Елді театрға тартудың тың үрдісі туралы айтсаңыз.

– Өнер адамдары кейде өзін биік санап, «халық бергенді жұта береді» деп ойлайды. Өте қате пікір. Халық – әулие. Бәрін біліп отырады. Оның үстіне, қазір шығармашылық тұрғыдан жоғары. Талғам керек. Театрға көрермен өз аяғымен келуі үшін талғаммен жұмыс істеу қажет. Өз ісіңді сүйіп атқаруың ләзім. Қазіргі заманның талабына, жастардың ой-санасына сай қызықтыра білген жөн. Ол – үлкен жұмыс. Былтыр Мәскеудегі Е.Вахтангов театрынан режиссер Гүлназ Балпеисованы командасымен шақырып, «Қаракөз» шығармасын қойдық. Аншлагпен өтті. Өйткені, ол жастардың талғамына дөп келді. Мұхтар Әуезовтің бір ауыз сөзін өзгертпей, сыртқы формасын құбылтты. Киім киісі, жүріс-тұрысы, музыкасы, психологиясы қазіргі заманның жастарға сай ұсынылғанда, сұраныс өте жоғары болды. Бұдан бөлек, театрда жиі-жиі шара өтті. «Театрдағы бір түн» акциясында көрермен лық толды. Өзіміз де күтпеп едік. Көрерменді топ-тобымен шақырып отырғызу емес, елдің өз аяғымен келуі – үлкен жеңіс. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. «Ұлтқа қызмет» спектаклі халықтың сол кездегі көңіл-күйін дөп басты. Қаңтар оқиғасынан кейін жан жарасын емдегендей жылы қойылым болды. Шерхан Мұртазаның күрделі «Текебұрқақ» туындысы да қажырлы еңбекті талап етті. Психологиялық тұрғыдан жылға жуық уақыт дайындалдық. Ойландық, толғандық. Осылай, көрерменнің талғамына, ой-қиялына дөп түсердей жұмыс істеп келеміз. Сонда көрермен өзі іздеп келеді. Ал, көрермен бір бөлек, өзің бір бөлек, өз қойғаныңа өзің ғана мәз болып жүрсең, қателесесің. Не істесең де, беріле істеу керек. Сонда ісің алға басады, бәрі өз орнымен жүреді.

– Биыл өнер қарашаңырағына – 90 жыл. Алда үлкен той. Қандай жаңалықпен қуантасыз?

– Биыл театрымызға – 90 жыл. 1932 жылы қараша айында негізі қаланған. Басында орысы бар, қазағы бар драма үйірмесі болып еңбек жолын бастаған. Кейін «Жұмысшы жастар театры», «Доскей Әлімбаев атындағы музыкалық қазақ драма театры» болған. Сәкен Сейфуллин ақталған соң 1964 жылы «Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры» болып бекітілген. Өнер ошағы қазірге дейін небір қыспақтан, қылкөпірден өткен. 1990 жылдардың өзінде жабылып қала жаздап, қайтадан аяғына нық тұрыпты. Өйткені, сол кезеңде іргелес Павлодар мен Ақмолада екі театр ашылады. Жүсіпбек Аймауытов театрын – Ерсайын Тапенов, Қалибек Қуанышбаев театрын – Жақып Омаров ашқан. Сол екі театрға әртістердің тең жартысы жұмысқа қабылданып, кетіп қалады. Ол кез қиын-қыстау кез ғой, біздің балалық шағымыз. Сәкен театрында тоғыз-ақ әртіс қалады. Қазақ пен орыс труппасын қосып, «Қарағанды драма театры» деген атауды берейік деген ұсыныс айтылады. Сол кезде Рымбала Кенжебалақызы мен Кеңес Нарынбайұлы шырылдап жүріп, жоғары жаққа кіреді. Биыл құрылғанына 70 жыл толып отырған Тәттімбет өнер колледжі қабырғасынан актерлерді даярлайтын курс ашып, Кеңес ағаның өзі дәріс оқиды. Театрдың бағына сол кезде театрға білікті маман Әлімбек Оразбеков бас режиссер болып келіп, жұмыс қайнай түседі. Қаншама жас оқу бітіріп шығады. Солайша, қайтадан театрдың труппасын қалыптастырып, биік-биік белестерді бағындырады. Сол жеңісті-жемісті театрдың 90 жылдық мерейтойын тойлау бізге бұйырғалы тұр. Сайлау науқаны да келе жатыр. Үлкен іс-шара. Аман-есен сайлау науқанынан өткен соң, желтоқсан айының бірінші онкүндігінде атап өтетін ойымыз бар. Алда қуанышты күндер күтіп тұр.

– Соңғы екі маусымдағы премьералар ел көңілінен шығып, театр сыншылары оң пікір айтуда. Алда тағы қандай тың спектакльдерді көре аламыз?

– Дұрыс айтасыз. Көрермен талғамына жұмыс істеу – көрерменнің ығына кетіп қалу емес, керісінше өз ығыңа алып келу. Алда осы бағытта сахналанатын үлкен-үлкен шығармалар бар. Келер жылы қуантатын ауқымды екі шығарма жоспарда тұр. Әзірге құпия бола тұрсын. Қойылған шығарма сыншылар тарапынан сын көтеретін болуы тиіс. Кәсіби деңгейде қаралуы керек. Ұсақ-түйек дүниеге берілмеген жөн. Осы мәселеде спектакль қою – актерді таңдау, актердің, режиссердің, актрисаның бағын ашу болып есептеледі. Мұнда көп дүние бар. Бір спектакль екі-үш адамға нақты көзделіп алынады. Солардың ел алдында талантының жарқырағанын қалайсың. Таңдауыңның дұрыс екенін дәлелдеу қажет. Кейде, ойыңның халықтың пікірімен қабысып, көңілінен шығып жатқанына қуанасың. Алла бұйыртса, үлкен жаңалықтарымыз бар.

– Айдын Абзалбекұлының қойылымдары жаңалық болуда. «Үздік режиссер» атанды. Жалпы, кадр таңдауда қандай критерийлерге жүгінесіз?

– Кадр таңдауға келсек, жалпы елімізде режиссерлер аз. Режиссураны бітіретіндер көп. Бірақ, көбі кино саласына бет бұрып кетеді. Өйткені, киногерлер жаз бойы жұмыс істеп, табыс тауып, қыста аю сынды табанын жалап, жылы үйде жатады. Бірақ, қазақ театр өнеріне жаны ауыратын, өз көрермені қалыптасқан, қолтаңбасы айқындалған театр режиссерлері де бар. Мәселен, Айдын Абзалбекұлы шетелге барып, спектакль қойған маман. Башқұрстанда спектакль қойып, «Үздік режиссер» атанған. Жуырда Қ.Қуанышбаев таетрында қойған моноспектаклі еліміздегі моноспектаклдердің арасынан «Үздік режиссер» атағын жұлып алып берді. Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына орай өткен фестивальде тағы да «Үздік режиссер» деп танылды. «Үздік режиссер» болу – театрға үлкен пайда әкеледі. Өйткені, режиссердің айналасына әртістер жиналады, актерлер қалыптасады. Содан кейін барып, театрдың деңгейі көтеріледі. Бұйыртса, алда «Үздік актер», «Үздік актриса» атағын да алуға күш саламыз. Жақсы режиссер осылай театрды биік белеске жеткізеді. Сондықтан, Айдынның қолтаңбасын танып, бұрыннан бақылап жүрген соң, талантына, қарым-қабілетін үлкен сенім арттым. Ризамын. Мақтанамын. Өкінбеймін.

– «Театр менеджменті» бойынша бір актер бірнеше театрда істеп, табысын арттыруға болатын көрінеді. Бұған не дейсіз?

– Иә, «Театр «менеджменті» деген басшының қолындағы шаруа ғой. Бір театрға екінші театрдан актер шақыртып рөл ойнату үшін сол театр сенің де актеріңді шақыртып рөл беруі керек. Екі жақтың актері де деңгейлес болуы қажет, меніңше. Егер олай болмаса, өзің сырттан шақыртып рөл ұсына берсең, оның ешқандай шығармашылық биікке жетелейтін рахаты жоқ. Өйткені, сен бүгін барсың, ертең басқа қызметке кетуің немесе актер ауысып кетуі мүмкін. Ал, сен қойғызған спектакльдің бас кейіпкері кетіп қалған соң, ол қойылымды құлдырауға алып келеді. Сол кезде ол актерді ешкім менсінбей қалуы ықтимал. Актерлерде «шығармашылық қызғаныш» деген болады. Ол – өте қиын шаруа. Бұл ұжымның ортақ жұмысына кесірін тигізуі мүмкін. Бірлік болмаса, іс өнбейді. Сондықтан, «қандай ас жесең де өз қалағыңмен жегенің дұрыс» деген пікір бар. Алдымен, өзіңнің ішкі жан дүниеңді, шығармашылығыңды, театрыңды әбден емдеп, үлкен аламандардан оза шауып келсең ғана, басқа театрлармен санасуға, шығармашылық тәжірибе алмасуға баруға болады. Онсыз қазіргі жағдайда құр пиар үшін шақырып, кейін ол ойдағыдай жүрмей қалса, ұят дүние. Табыс табудан бұрын әр шығармашылық адамы осыны көкірегіне мықтап түйіп алуы ләзім-дүр.

– Сөз соңында жас әріптестеріңізге қандай кеңес бересіз?

– Жалпы, өзім де жаспын ғой. Әріптестеріме айтарым, театр өнері, жалпы, өнер – тазалықты, еңбекқорлықты сүйеді. Жан дүниең таза болып, өнерге бар болмысыңмен құлай берілсең, өнер сені биікке шығарады. Өнерді ластай бастасаң, өнер сені таптай бастайды. Сахна – киелі. Сахнаны сүйіп барып жұмыс істеу керек. Тіпті, реквизитіңді беретін реквизитор, жарық беретін жарық берушіні, музыкамен әрлейтін дыбыс режиссерін барлығын жақсы көруің керек. Бәріне күнделікті рахмет айтуың керек. Спектакльді ұсынған режиссердің, саған қызмет жасап жүрген режиссердің көмекшісінің еңбегін бағалауың керек. Киім тігіп берген тігіншіге құрметпен қарауың керек. Олар сенің жеке басың емес, өнерің үшін қызмет етеді. Біз қызметті өнер үшін істейміз. Сол өнердің рухы биік болуы – аса маңызды. Болат Ұзақовтың инсцинировкасында: «Бөлтірік ең алғашқы аңшылығында немен ауызданса, соның дәмі өмір бақи таңдайынан кетпейді» деген сөз бар. Егер, сен тышқанмен ауыздансаң, өмір бақи тұмсығыңды жерден көтермей өтесің. Рухыңды асқақтататын, өзіңнен бір бас жоғары биік рухани дүниемен азықтансаң, рухың мәңгі биік болады. Сондықтан, бұл өнер деген өлкеде терең біліммен, көркем мінезбен ғана өз жолыңды қалыптастырасың. Онсыз «өнерде жүрмін» дегенің – далбаса. Ұлтқа қызмет ету – білім мен мінездің және әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген тәрбие арқылы жүзеге асады. Ендеше, өнерге адал, биік рухты әрі еңбекқор болайық!

– Тұшымды әңгімеңізге көп рақмет! Ұжымға шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button