Мұқағали фильмін көрдіңіз бе?..

Мұқағали туралы бірнеше фильм жарыққа шығыпты. Бұл туындының бір ерекшелігі – мұнда ақынның отбасы, бала-шағасы бар. Қазақстан Ұлттық телеарнасы түсірген «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» 4 бөлімді телехикаясында Мұқаңның отбасымен қарым-қатынасын, балаларына деген махаббатын көруге болады. Телехикаяда тағдырлы шайырдың 1973-1976 жылдар аралығындағы, яғни, өмірінің соңғы кезеңдеріндегі ең қиын күндері ұсынылған. Мұзбалақ ақынның туған күні қарсаңында көрсетілген туындының қоюшы режиссері – Азамат САТЫБАЛДЫ, Дархан СӘРКЕНОВ, сценарийін жазған – Қанат РАМАЗАН.

Бас кейіпкер Мұқаңның рөлін – Азамат Сатыбалды, Лашын бейнесін – Ақбота Қаймақбаева, Фариза Оңғарсынованы – Ажарлым Мағзұм, Бауыржан Момышұлы рөлін – Бақытжан Әлпейіс, Сайлау Саятовты – Асан Мәжит ойнаған. Мұқағали бейнесін Азамат Сатыбалды ашуға тырысқан. 4 бөлімді түгел қарап шыққан соң, қалам тербеуге бекіндік. Кәсіби сыншы болмағандықтан, алдыңғы буынның пікірін білгіміз келді. Әлеуметтік желіде де қызу талқыға түскені елге аян.

– Киносценарийіндегі сөйлеу мәнері, ойлау жүйесі, таным-түсінігі Мұқағали өмір сүрген дәуірге сай емес. Мұқағалидың психологиясын зерттемек түгілі, маңына да жақындай алмаған. Мұқағалидың екі досы деп сыншы Асқар Сүлейменов пен ақын Тоқаш Бердияровты қасына қосып қойыпты. Бұлардың берік достығы туралы дерек бар ма? Жоқ сияқты. Екеуі екі жағынан жалпылдап «Мұқағали, қазақта сенен өткен тентек ақын жоқ» деп қояды адамның күлкісін келтіріп. Тоқаштың тентектігі Мұқағалидан асып кеткен ғой, «Шіркін-ай, мылтығым болса. Содан Жазушылар одағына барсам ғой. Ататын бір кісілерім бар еді!» деген сөзі қалған Тоқаш Бердияров емес пе? Тоқаш ақынның кинода тымпиып, сып-сыпайы боп, Мұқағалидың ығына жығылып жүргені Тоқаш Бердияровтың портретіне сыймайды ғой. Естеліктерде білімпаз сыншы, гордый, кейде тіпті, наглый деп те айтылатын Асқар Сүлейменовтің сөйлеу стилі мына кинодағыдай болмаған. Қазір пиарлатып жүрген ақындардың көбі стиль дегеннің не екенін ұқпайды, себебі олардың өздерінің жазу стилі қалыптаспаған. Сосын, кинода «2 сағаттық концертімде менің әндерімнің сөзін жазған, заманымыздың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаев» деп сахнаға алып шығады екен Нұрғиса. Н.Тілендиевтің әндеріне сөз жазған тек Мұқағали емес, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев те жазды ғой. Нұрғисаның аузына салған мына сөз де бүгінгі сахна, той-думанның стилі. Ол кезде «Заманымыздың заңғар тұлғасы» деп Мұхтар Әуезовке де айтылмаған, – депті, ақын Маржан Ершу фейсбук парақшасындағы «Бұл қай Мұқағали?» жазбасында.

Келісуге болатын пікір. Тоқаш Бердияровты біз де танымадық. Қаншама жыл флотта әскерде болып, соғысқа қатысқан майдангер ақынның мінезі ашылмаған. Бұған дейін «Қаламгер» телехикаясында Асқар Сүлейменовтің бейнесі басқаша сомдалған. Бұл жолы басқа қырынан көрсеткен. Ал, өмірде Асқар Сүлейменовтің өте өткір әрі интеллигент болғанын білеміз. Осал болса, Дулат Исабеков «Қарғын» романына прототип ретінде ала ма Асқар Сүлейменовті?.. Бұдан бөлек, фильмде ақынның көптің көзінше өзін жерге ұрып сөйлеуі, өлең оқуға дауысының жетпей қалуы, кей тұстарында өлеңді сезіне алмауы «әттеген-ай» дегізді. Оның үстіне, Мұқаң еңгезердей болған ғой. Ірілеу актер таңдау керек еді. Дерекке сүйенсек, Мұқағали ағылшынша, немісше, орысша жақсы білген. Оның қатарластарынан оқ бойы озық тұруына осы қырының оң әсері болғаны анық. Өйткені, суырылып шығу үшін әлемдік ақыл-ойды сіңіріп алмаса да, біршама хабары болуы тиіс. Фильмде осы жағы ескерілмепті. Бар болғаны оның қышқыл суға жақын болғанын көрсетуге талпыныс жасалған. Талант – 1%, қалғаны 99%-ы еңбек десек, Мұқаң осы қағиданы берік ұстанғаны сөзсіз. Мәскеуге оқуға барып, тастап қайтып келеді. Өйткені, «ол жақта білетін дүниеңд езіп қайталай береді екен» деген мағынадағы өз сөзі бар. Ал, фильмде ақынның асыққаны, ерте өлетінін сезгені, жанталасып өлең жазғаны көрсетілген. Тіпті, Азамат Сатыбалды фильмде образды көрерменге жеткізу үшін басында салмақ қосып, соңында арықтағанын айтады. «Бала кезімізде ағамыздың өлеңдерін бір тақпақ ретінде қарайтынмын. Академияға түсіп, актер болғаннан кейін әрбір поэзиясын, өлеңін зерттеп, өміріне үңіліп, бала, адам, жігіт ретінде ғашық болдым. Әлі де ғашықпын», – дейді актер.

Туындыда үш әріптің өкілі Мұқаңның қыр соңына түседі. Асыра сілтеп жіберген сияқты.

– Шыны керек, осы шешімімен Мұқағали бейнесін тым саясиландырып жіберді. Фильмде ақынның жан дүниесін көрсетуден гөрі саясатқа бой ұру көп. Әрине, кеңестік заманда ақын-жазушылар социалистік реализмге сүйеніп, шығармаларын жазуға мәжбүр болды. Себебі, тоталитарлық жүйе олардың адымын аштырмады. Сол кезеңде қаламгерлер ұлттық мәселелерді астарлап қана жеткізді. Осындай жағдай талай ақын-жазушының басында болды. Бұл қатардан Мұқағалиды да сызып тастай алмаймыз. Бірақ, елдің сүйікті ақынын биіктету үшін бірыңғай саясатты пайдаланбай, «үш әріпті» қоспай, басқа да әдістерді қолдануға болар еді деп есептейміз, – депті Аманғали Қалжан ағамыз Астана ақшамы газетіне шыққан «Мұқағалиды тани алдық па?» мақаласында.

Сосын, өлең оқу деген айқайлау емес қой. Осы жағынан орыстардың «Есенин» телехикаясына еліктеуді байқадық. Ақынның досы Еркін Ібітановтың бейнесі орынды әрі актер де жақсы ойнаған дер едік. Өлеңді аз, бірақ саз жазған ғой Еркін ақын. Жалпы, ауылдағы кадрлар дұрыс таңдалыпты. Ауыл табиғаты, ауыл адамдарының дархан көңілі, Еркін ақынмен «қара өлең шайқасына» түсуі көрерменді ынтықтыра түсері анық. Дуэльден жеңе тұра Еркінге жол беруі Мұқаңның портретін аша түскендей. Фаризаның рөлі ашылмай қалған сияқты көрінді. Фариза Оңғарсынова бұдан да өткір болса керек-ті. Өмірде Мұқаң Фаризаға жанашыр болып, көтермелеп жүрген. Осыны актерлер жеткізе алмағандай көрінді. Фильмде Мұқаңның жас ақын Ұлықбек Есдәулетке бет орамалын бергені сәтті алынған. Бұдан бөлек, біз телехикаядан Шәміл Мұхамеджановты көргіміз келді. Шәміл екеуі керемет дос болыпты. Екеуінің достығы жайлы көптеген аңыз бар. Осыны да енгізгенде бұдан да әсерлі болар ма еді?! Ал, Мұқаңмен жауласқан Сайлау Саятов – жиынтық образ, біздіңше. Арнасынан асып, төгіліп жатқан талантты жақтырмайтын Одақ басшыларының бірі. Ол образын жақсы алып шыққан. Бірақ, ақын қолжазбалары салынған портфелін жоғалтқаны жайлы дерек бар. Соны Сайлаудың өз атынан шығаруы қисынсыздау сынды. Әдебиеттегі ұрылардың болатынын көрсеткісі келген режиссердің талпынысы шығар.

– Диалогтары жақсы, бірақ шынайылық қосу керек еді. Есенинге еліктеу бар. Бәрі жақсы, жеткізу, орындау дұрыс емес. Бір атақты актер (аты есімде жоқ) бір сұхбатында өзіне Линкольннің рөлі ұсынылғанын айтады. Ол бас тартып, «дайын емеспін» депті. Кейін 10 жылдан кейін бір-ақ ойнаған. Ал, бізде осындай жауапкершілік жетіспейді, – дейді сыншы Ерболат Қуатбек.

Фильм атауындағы «Бұл ғасырдан емеспін» тіркесі Мұқаңның күнделігінен алынғаны анық. Фильмде бүгіннен түңілген ақын, ертеңнен үміттенеді, ертеңгі ұрпаққа алаңдайды. Жалпы, мақсатымыз мін теру емес. Жаңа шыққан туындыға ой айту. Бастысы, Мұқағалидың мәңгі тірі қалғанын дәлелдей түседі туынды. Мұны үш әріп өкілі Асулиннің баласы Мұқаңның «Үш бақытым» өлеңін оқығандағы әке өкініші және басқа да кадрлар терең сездіріп тұр…

Ал, Сіз Мұқағали фильмін көрдіңіз бе?..

Жәлел ШАЛҚАР.