Руханият

Тартысқа толы тағдыр

Махаббат пен қайғықасірет, өшпенділік пен қатыгездік, сөздің құдіреті мен әннің тылсым күші, сананы тұмшалаған бодандықтың қараңғысынан елін жарыққа алып шығар жол іздеген есіл жүрек соғысының дүрсілін естіп, көңіліміз астан-кестен болды. Бұл – К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында сахналанған Кеңес ЖҰМАБЕКОВ пен Дунай ЕСПАЕВТЫҢ қазақтың ұлы ақыны АБАЙ өмірінің соңғы жылдарын бейнелейтін екі актілі «Замана неткен тар едің…» (Знай, потомок, дорогу я для тебя стлал) драмасының көптен күткен премьерасы.

 

Пьесаның алғашқы нұсқасын актер әрі драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының желісімен 1995 жылы жазған. Сол кезде «Смутные времена» деген атпен спектакль жұртшылық назарына С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында ұсынылды.

Премьераның режиссері – Дунай Еспаев. Ол осы қойылым үшін пьесаның бірқатар көріністерін қайта жазып шыққан. Спектакльдің атауына ыңғайлап, ойшылдың «Әбдірахманның әйелі Мағышқа шығарып берген жоқтау» шығармасының «Замана неткен тар едің…» деген жолы алынған. Егер «Дунай Амандықұлы Абайдың осы қойылымға арқау болған қайғы-қасіретінің бәрін өз жүрегінен өткізді» десек, артық айтқандық болмас. Дунай Еспаев осыдан ширек ғасыр бұрын Абайдың 150 жылдығына арналған Жезқазғанда өткен республикалық театр фестивалінде Әбдірахман рөлін сомдап, «Үздік ер адам рөлі» аталымында жүлде алған.

Ал, спектакльді қазақ тілінен орысшаға аударған – филология ғылымдарының кандидаты Мейрам Жұмабеков. Ол қазақ поэзиясының озық үлгілерін орыс тіліне классикалық үлгіде аударып, халықаралық аудармашылар байқауын 5 мәрте жеңіп алған кәсіби аудармашы.

– Абай мұрасын оқып отырсақ, құдды жаңа ғана жазылғандай, әлі де өзекті. Менің ойымша, хакімнің ұлдарымен қарым-қатынасы мен трагедиясы оның жеке басы мен шығармашылығын түсіну үшін маңызды және сюжеттің қайнаған ортасында болуы керек, – дейді режиссер.

Әр көрермен театрға барғанда бояуы қанық декорацияны іздейді алдымен. Ал, бұл спектакльде бай декорация болмаса да, қойылымдағы негізгі идеямен астасып жатқан безендіру бар. Суретші Елена Кимнің айтуынша, сахна өте ықшам безендіріліп, жағалауы дала қамысынан ши-шарбақ түрінде жасалған. Ортасына дөңгелек мінбер жер үстелге ұқсатып қойылған. Арғы жағында қараңғыда, көлбеңдеген кең өріс байқалады, жоғарыдан төмен салбырап, бірнеше арқан ілулі тұр. Дегенмен, әр элемент метафоралық астар мен мән-мағынаға толы.

Премьерада Абай, Әбдірахман, Мағауия, Әйгерім сынды негізгі кейіпкерлер бар. Абай образын – Денис Цветков, Әбдірахманды – Павел Кондратьев, Мағауия рөлін – Антон Звонов, ал Әйгерім бейнесін – Оксана Игнатенко өз деңгейінде сомдап шықты.

Ұлы ойшылдың сөздерін билік иелері де, шенеуніктер де тыңдауы керек сияқты. Бірақ, оның халқын молшылыққа, білімге, бақытты өмірге жетелеуге деген ұмтылысын, билікқұмар жандар тек өз мүдделеріне қайшы келмегенде ғана ойланады. Шындығында Абайды ешкім түсінбейді, қолдамайды. Ал қарапайым халықтың еңсесі езілген. Бір қуанып, сүйеніш тұтатыны әке жолымен жүруді армандайтын ұлдары ғана. Кенеттен күтпеген соққы – үлкен ұлы Әбдірахман ауырады. Негізгі оқиға осы кейіпкерлердің маңында өрбиді. Әке мен бала арасындағы үлкен махаббат, достық қарым-қатынас, әкенің баладан үміті сынды қимас сәттер баршылық. Басқа көптеген кейіпкерлер осы негізгі кейіпкерлердің тұлғасын өз қимыләрекеттерімен аша түседі және санаңа құйып береді.

Арқанмен көтеріліп-түсіп тұратын әткеншектің үлкен мәні бар. Абай ұлдары Әбдірахман мен Мағауиядан айрылғанда арқанға маталған әткеншек оларды көтеріп алып кетіп отырады. Тағдырдың осындай ауыр сынақтары Абайға өмірдің баянсыз екенін терең сезіне түсуге жетелейді. Аһ ұрады, қайғырады. Бірақ, ажалға амал бар ма?..

– Біздің тұтас өміріміз өріс сынды. Оның әр кезеңі ши сияқты, адамның табиғатпен байланысын білдіреді. Ширатылып, желбіреген арқан – бұл ескі таным-түсініктің белгілері. Олар адамды бір-біріне шатастырып, алға жылжуға мүмкіндік бермейді. Абай сол дамуға кедергі келтіретін ескі көзқараспен де алысады. Орталықтағы шеңбер өмірдің мәңгілік циклынан хабар береді. Менің көзқарасым осындай, бірақ әркім оны өзінше түсінуге құқылы, – деді Дунай Еспаев.

Мысалы, сахналық түтінді алайық. Көрермен оны Абай өмір бойы бұзып өтуге тырысқан Тәкежандар мен Оразбайлардың обскурантизмінің (білім-ғылымға, оқуға қарсылық) ескілік пердесі ретінде қабылдады. Ал, Әбіш Алматыға кеткен кезде күзгі жапырақтың түсуі ше? Пайымдауымызша, режиссер өмірмен қоштасуды ерекше атап өткісі келді, өйткені бұл әкенің сүйікті ұлымен соңғы кездесуі болған еді…  

Тағы бір таң қаларлық жағдай – қойылымда музыканың болмауы. Драма бойы тек ән шырқалады. Ол ән болғанда да театр әртістерінің жанды орындауы. Бұл сөзсіз музыкалық құрылым сахнада болып жатқан оқиғалардың трагедиясын күшейтуге арналған болса керек.

Абайдың рөлін сомдаған Денис Цветковтың басқа кейіпкерлерден жоғары көтеріліп, оның бойы мен ойының өсуі – Абайдың ұлылығы мен деңгейін көрсететін сияқты. Оның монологтары кезінде ақынның қалай өмір сүргенін, оны қандай ойлардың азаптағанын, жүрегі не үшін түңіліп, неге қуанғанын іштей түйсінесің.

– Біз Абайға тек тұлға ретінде қарамадық. Ол біздің арамызда болуы керек. Өйткені, мұнда ол алаңдайды, айқайлайды және жылайды. Яғни, бізде ол тірі адам, – деп атап өтті режиссер.

– Тарихи кейіпкерлерді ойнау қиынның қиыны. Басты рөл Абай бейнесі болғандықтан, жауапкершілігі де мол болды. Өйткені, қара сөздерін оқып тұрған ұлы Абай бейнесін, жұдырықтай жүрегіңнен өткізуің керек. Сонымен қатар, тек ақын ғана емес, елім деп, уайымдап, құсаланып, қайғы жұтып өткен арыстай азаматты көрсетуің керек көрерменге. Бұл – үлкен жауапкершілік, – деді Д.Цветков.

Абай өмірінің өкініш пен азапқа толы, қартайған шағын қамтыған спектакль жапырақтары ерте төгілетін терек интермедиясымен аяқталады. Иә, бұл ақын өмірінің соңында құса болып, ешкіммен тілдеспей жатып алыпты деген әңгімені растайды. Өйткені, Әбдірахман, Мағауия сынды жанының жапырақтары ерте үзілген Абайдың сірі жанын адам баласы ұқпай, табиғат анамен, қағазқаламымен сырласқан еді…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button