Бас тақырып

Ыбырай мен Ахмет туысқан ба?

Арғы-бергі тарихты ақтарсақ, қазақ халқының маңдайына біткен алып тұлғаларының арғы аталары бір болып шығады. Қарға тамырлы қазаққа ғана тән қасиет қой, шамасы. Мәселен, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай АЛТЫНСАРИН мен оның ізбасары, ұлт ұстазы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ бір-бірімен қандай туыстық байланысы бар? Ендеше, тарихтан сыр тартып көрелік.

Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлының есім-сойын естімеген елде жоқ. Ұлты үшін қам жасап, қызмет қылған ұлыларды біз бүгінде мұралары арқылы танимыз. Ал, ұлылардың шыққан тегіне көбісі бойлай бермейді.

Алдымен Ахмет Байтұрсынұлының арғы аталарын айғақтайық. Байтұрсынұлының сүйегі – Арғын, оның ішінде Үмбетей. Арғы атасы – Аманжол. Ал, әріден таратсақ, Ахаң есімі мәшһүр тұңғыш тархан Жәнібекпен туысады. Жәнібек батыр Шақшақтың шөбересі болса, Ахмет – Шақшақ бабаның тоғызыншы тармақтағы ұрпағы.

Ахметтің Ыбырайға қандай туыстық негізі бар десек, Ыбырайдың әжесі Әймен Шақшақтан тараған Жәнібек батырдың шөбересі болып шығады. 2014 жылы «Алматыкітап» баспасынан шыққан, автор А.Сужикова құрастырған «Өнер-білім бар жұрттар» атты оқулықта былай деп берілген:

«Ыбырайдың шешесі Әймен – Арғын руының белгілі адамы Шеген бидің қызы. Арғын, қыпшақ – орта жүздің үлкен рулары, ертеден іргелес болған, терезелері тең рулар. Балғожа мен Шеген бірін-бірі әріден жақсы біліп, өзара сыйласқан адамдар, балалары өскен соң құда боп, бірі қыз алып, бірі қыз беріп, сыйластық қатынастарын жегжаттық жақындықпен нығайта түскен. Шеген Мұсаұлы 1791 жылы атасы Шақшақ Жәнібек ту тіккен Торғайдың Тосын құмында дүниеге келген».

Шақшақұлы Жәнібек – жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр екендігі, ауыздыға сөз бермеген, қиянатқа жол бермеген әділ би болғандығы тарихтан белгілі. Ал оның ұрпағы Әйменнен туған Алтынсары баласы Ыбырайға мұндай өнердің дарымауы мүмкін емес. Әрі ақын, әрі жазушы болған Ыбырай заманында қазақ баласының сауатын ашып, ағартушы болды. Балаларға арнап жазғандарының ішінде Жәнібек батыр туралы әңгіме де бар. Бұл кездейсоқтық емес деп ойлаймыз.

Осы мәліметтерге сүйенсек, Ыбырайдың түп нағашысы мен Ахметтің арғы аталары туысады.

Тағы бір деректерде Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханов 1925 жылы Ахметке былай деп хат жазыпты:

«Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе? Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде оның ісін жасарың хақ», – деп екеуінің рухани үндестігін, жақындығын, мақсаттарының да бір екендігін айтқан.

Демек, «Тектіден текті туады» демекші, ұлылардың арғы аталары Шақшақ бабадан тарағанын көруге болады. Ыбырай Алтынсарин де, Ахмет Байтұрсынұлы да – қазақтың көзін ашуға, надандықта қамалған қара халықты қалың ұйқыдан оятуға бар күшін сарп еткен қазақ ағартушылары. Ахмет Байтұрсынұлы – Ыбырайдың заңды ізбасары деуге толықтай негіз бар.

Алайда, тарихта ұшқары пікірлер көп. Ыбырайдың да, Абайдың да, Ахметтің де арғы аталары, түп нағашылары Шақшақұлы Жәнібекпен байланысты деген пікірлер бар. Және бірі – Ыбырайдың шешесі Әймен – Шақшақұлы Жәнібектің емес, Ер Жәнібектің ұрпағы делінген деректер де бар. Тарихтан тарқатып көрсек, Ер Жәнібек, шын аты Жәнібек Бердәулетұлы – Абылай хан дәуірінде әйгілі батыр болған. Ел қорғаудағы ерен ерліктеріне баға беріп, елі «Ер Жәнібек» деген. Оны «Керей Жәнібек», «Ақыр Жәнібек» деп те атаған. Ал осы Ер Жәнібек – Абай мен Шәкәрімнің үлкен нағашысы. Бұл тарихи дереккөздерде бар.

Құнанбайдың арғы аталарынан бастау алатын бір хикаяны Ер Жәнібектің тіке ұрпағы, ШҰАР-дың Үрімжі қаласында тұратын қарт Ақын Байбосынұлы былай деп шертіпті:

«Бір жолы елдің қасқалары мен жайсаңдары бас қосып отырған кезде, Абайдың құрдасы, білері де бар, сөзшең Орымбек деген кісі:

– Абай, осы сен қайдан ақын, қайдан жақсы болып тудың? Атаң шөккен түйеге міне алмайтын жуас деуші еді, – дегенде, отырғандар ыңғайсызданып, қынжылып қалады. Абай сәл ойланып барып:

– Бұл біздің Айдос атамызды айтып отыр ғой. Әй, Орымбек, ер тағайына тартады дегенді білмейсің бе? Ақындылық, шешендік, батырлық, міне осы үш қасиетті де, бірдей мықты ұстап қазақтан асып туған кіші жүзде Сырым батыр, одан кейінгі керей Ер Жәнібек қой. Жәнібек шабыттанған кезінде өлеңді ат үстінен ағылта жөнелетін ақын да болған екен. Ер Жәнібектің бір қасиеті апам Ермек арқылы баласы Өскенбай мен немересі Құнанбайдан өтіп маған дарымады деймісің?!» – деп жауап беріпті.

«Жастабан ішіндегі Шақантай рулы Жабағытай бір кезде Шәкәрім қажының үйінде қонақ болып отырып, сөз кезегінде: «Ау, Шәкәрім, осы сендерді Ер Жәнібектің жиені дейді. Осы рас па? – дегенде, Шәкәрім жанында отырған ұлы Зиятқа: «Мына, кісіге сен жауап берші», – деп бұйырыпты. Зият сүйеулі тұрған домбыраны алып, құлағын келтірген соң өлеңнің басын былай бастапты:

«Ырғызбай сұрасаңыз бесінші атам,

Мен неге тексерусіз жайға жатам.

Айнымай ата көрген оқ жонады,

Бұйырса әр қиырдың дәмін татам.

***

Ер, шешен Жәнібектің сүйегі біз,

Ермектен – қарындасы жиені біз.

Туыстың өзгеруі содан болар,

Әділдік, ақыл-қайрат сүйеуіміз», – дегені бар.

Міне, осы деректер Абай мен Шәкәрімнің түп нағашылары Ер Жәнібектен тарағанын дәлелдейді.

Алайда, ел Жәнібек Шақшақұлы мен Ер Жәнібекті шатастырады. Сол себепті, түрлі деректерден көз сүрінеді. Ал, «Ыбырай Алтынсариннің нағашысы Жәнібек деген дерекке келер болсақ, бұл Шақшақ Жәнібектен ауысқан әңгіме болуы мүмкін. Сондықтан, ол жағы әлі де зерттеуді қажет етеді» депті жазушы Жәди Шәкенұлы «Жәнібек батыр» атты кітабында.

Түгел сөздің түбі – қазақ тудырған ұлылар мен алыптардың бәрі де туысқан секілді. Себебі, ұлылардың рухы бір-бірімен үндесіп жатыр.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button