АймақҚарқаралы

«Қолы ашықтың – жолы ашық»

Ерінбей еңбек етіп, кәсіп қылсаң, мұратыңа жетесің. Бүгінгі заманның талабы да осы. Қандай жетістікке жетсең де оның оңайлықпен келмегені анық. Оны кез келген адам түсінеді. Әсіресе, белді шаруашылықтың тізгінін ұстап отырған кәсіпкерлер үшін тынбай еңбектену – айқын мақсаттардың орындалуына бірден-бір жол. «Еңбек түбі – береке» екенін түсініп, әкесі мен анасының адал еңбекпен салған жолын жалғастырып келе жатқан кәсіпкердің бірі – Жаннұр ЖАҚЫПОВ. Бүгінде «Дильназ» атты қаланың қақ ортасындағы әмбебап дүкеннің иесі.

Халықтың сұранысына сай қызмет көрсетіп, оннан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкердің сауда саласына ден қоюына анасының ықпалы болды. Жаннұрдың әкесі Сағынтай аға жасынан баласын еңбекке үйретіп, қайтпас қайсарлыққа баулыды. Анасы Тілеужан апай әр басқан қадамына байыппен қарап, сабырлылықпен әрекет ете білді. Бір кездері дүрілдеп тұрған Қарқаралы ауыл шаруашылығы техникумында қызмет жасаған Тілеужан Қазиева саудамен айналысуға бел байлады. Бұл – халық жаппай күнкөрістің қамымен саудаға кетіп жатқан кезең еді. Заман талабы сол болды.

– Сауданы оқу құралдарын сатудан бастадым. Далада, тас базардың ішінде тұрдық. Қыстағы аяз бен боранда, жаздағы аптап ыстықта жүріп, жолдасым Сағынтай екеуміз балалардың қамы үшін әрекет еттік. Бастапқыда таныстарды көріп қалсам, ұялып, тығылып қалатынмын. Кейін үйреніп кеттік. Саудамыз жақсы жүре бастады. Машина сатып алып, ауылдарға шығатын болдық. Ақшамыз қорлана түсті. Сауда аясын кеңейтіп, жабық ғимаратқа көшіп, қосымша киім-кешек әкеліп сата бастадым, – дейді Тілеужан апай.

Ол кездері халықта қолма-қол ақша да болмады. Тауарды құрт, май-қаймаққа айырбастап, оларды сататын. Тауарды тез өткізу үшін сұранысына қарай әкеледі. Көтерме сауда жүрген жерде кейбір киімдердің тігістерінен кемшілік кетіп жатады. Ондай кезде Тілеужан апай тұтынушысына көрсетіп, бағасын түсіріп беріп жүреді. Яғни, «әйтеуір өтсе болды» деген арам ойдан аулақ болады. Содан болар, тұрақты тұтынушыларының қатары көбейе бастайды.

Ата-анасының саудадағы тәсілдеріне қанық Жаннұр анасы тауарға кеткен кезде, сауда тоқтап қалмас үшін орнында қалып, кәсіпті жүргізе бастайды. Сауданың қыр-сырын бірте-бірте меңгереді. Анасынан көргенін іліп алып кеткен Жаннұр кейін жеке ғимарат салып, киімнен тұрмыстық заттар сататын орынға айналдырды. Әке-шешенің маңдай тер еңбегін көріп, ақылын ескерген Жаннұр біржола саудаға бет бұрады. Негізгі мамандығы – заңгер. Алайда, күнкөрістің көзі, тіршіліктің тынысы саудада екенін түсініп, жауапкершілігі зор іске ынтамен кіріседі. Алғашында, оқу құрал-жабдықтары, азық-түлік сатқан шағын дүкеннен кейін мата-мақта, тұрмыстық-техникалық заттар, құрылыс жабдықтары, жиһаз түрлерін сататын екі қабатты сауда үйі бой көтерді. Бастысы – тауарлары халықтың сұранысына сай әрі бағасы халықтың қалтасы көтеретіндей дәрежеде. Бір ғажабы, азық-түлік сатқанда, ағасының ақылымен спирттік өнімдерді сатудан түбегейлі бас тартады. Ең өтімді тауардың қаражат қоржынын толтыратыны анық. Алайда, «арақ жүрген жерде, халықтың игілігіне қызмет жасап жатырмын деу – қателік» деген аға сөзі себеп болады.

«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген халық даналығын үнемі айтып отыратын анасының сөзі Жаннұрдың санасына әбден сіңген. Берекенің бастауы тынбай еңбек ету екенін жақсы білетін кәсіпкер қолға алған жобасына өзі бас-көз болады. Сауда үйінің маңында қым-қуыт жұмыс жүріп жатады. Істің ретін білетін азамат қашанда сол жерде жүреді. Жүріп жатқан жұмысқа бақылау жасайды. Қолға алған әр жобасын анасымен ақылдаса отырып іске асырады.

Заманауи үлгіде салынған әмбебап ғимарат санитарлық нормаға сай жабдықталған. Түрлі заттар сатылатын бірнеше залдан тұрады. Сұранысқа сәйкес болғандықтан тұрақты тұтынушылары да бар. Бастысы, халық үзілмейді. Кәсіпкердің ниетіне бергені болар… Жаннұр материалдық қажеттілікті жүзеге асырып қана қоймай, рухани игілікті істер жасауға да ынталы. Яғни, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әсте естен шығарған емес. Спортта жүрген жастарды қолдауды жолға қойған. Қайырымдылыққа да бейім. Бір қасиеті жасаған жақсылығын жарнамалауға түбегейлі қарсы. Спортта жүрген жасөспірімдерді жарыстарға апаратын қаражатты өз мойнына алып келеді. Аудан аумағында өтетін жарыстарға да демеушілік көрсетуден танған емес.

– Жаннұр жасап жатқан игі істер кез келген адамның қолынан келе бермейді. Балаларды жарыстарға алып шыққанда оларға деген жауапкершілігі зор. Жарысқа тыңғылықты дайындықпен шығуына барынша тырысады. Олардың жол қаражатынан бөлек, жатын орны, тамағы, қыдыруы секілді шараларды ұйымдастыруда ақша есептегенін көрген емеспін. Жалпы, жарыстың тоқсан пайыз қаражатын көтереді. Мақсаты – Қарқаралының абыройын асқақтатып, Туымызды биікке көтеретін ұландар тәрбиелеу. Әрі сол жолда, қолынан келген көмегін аямайды. Ол кісінің жасап жатқан қайырымдылықтарын тізбектеп айта беруге болады. Бірақ, өзі құптамайды. Жақсы адам бергенін айтпайды ғой, – дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, дзюдо, қазақ күресінен спорт шебері, ел чемпионатының жүлдегері Нұрлан Искаков.

«Жақсы – ай мен күндей, Әлемге бірдей» демекші, жан-жағына шапағатын шашып жүретін, Жаннұрдың біз білмейтін адами қасиеттері әлі де көп. «Болдым, толдым» демей, қара басы үшін қам қылмай, қалың халықтың алғысын арқалап жүрген, кәсіпкер Жаннұрды халық сыйлайды. Ақылшы анасы Тілеужан апай, қолдаушысы, жан серігі Самал, көзінің нұры балалары – Дильназ, Назерке, Алдияр, туғандарының сенімі оған күш-қуат беріп отырады. Ана алдындағы балалық парызы, әкелік мейірімі ерекше. Балалары да шахматтан халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары.

Ол қарапайым, парасатты, жомарт, қайсар жан. Бұл қасиеттер тектен дариды. Ал ақылы – жолбасшысы. Туған жерін түлетуді, жақсылық жасауды перзенттік борышым деп білетін кәсіпкерге тек сәттілік серік болғай…

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button