Қоғам

Еңбек еткеннің – есебі түгел

Ақша табу оңай ма? Оңай емес. Маңдайынан күн өтіп, табаны тілініп еңбек етпегеннің қай заманда болсын ауызының аққа жари қойғаны шамалы. Айдай әлемді ауызына қаратып, америкалық Forbes қаржы-экономикалық журналы жариялайтын ең бай адамдар тізімінің алғашқы жүздігіне енгендердің өмірбаянына үңіле қалсаңыз, аспаннан аяғы салбырап түскен ешкім жоқ. «Алтынмен апталған, күміспен күптелген» бесікке бөленбеді, құндыз жөргекке оралмады. Бірақ, миллиардтаған табыс таба алды. Қалай? Еңбек ете білді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында еңбек етпей көп ақшаға кенеле қаламын, әп-сәтте байып кетемін деп, жаңсақ ойлы жастардың мәселесіне де кеңінен тоқталды.

Қазір интернетті аша қалсаңыз, ақша табудың оңай жолын үйрететін түрлі тренингтерден, семинарлардан, вебинарлардан аяқ сүрінеді. Азын-аулақ ақшаңды төлесең болды, небары бір аптаның ішінде жеті ұрпағыңа жететін қаржы табуды үйретемін деп, алдаусыратқан алаяқтың қармағына ілініп, бармақ тісетегендер қаншама.

«Еңбек еткеннің еңсесі жоғары» демекші, байлығы 120 миллиард долларға жеткен әлемдегі ең бай екінші адам Билл Гейтс «Оқу біткен соң бірден көп жалақы алып, лимузинмен жүргізуші жалдап, байып кетпейсің. Тек оған жету үшін еңбектену керек» дейді. Демек, ақша табу оңай емес. «Өзіңе сен, өз күшің алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» (Абай) демекші ізденбей, әрекет етпей, білім алмай ауыздың аққа жари қоюы екіталай.

Ал, әлеуметтік желідегі баю жолын үйретемін деп жүргендердің алдауына еріп, опық жеген жастар жалқаулықтан арылып, жігерінің барында еңбек етсе, әлемдегі ең бай адамның қатарынан табылмаса да, ісі өнуі үшін ретін тауып, қарекет етсе, еңбектің жанбай қалғаны жоқ, әлбетте.

Еңбек еткеннің еңсесі биік болатыны осыдан. Ал, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргісі келіп, оңай ақша табамын деп, алып-ұшқан көңілі су сепкендей болған жастар бүгінде жұмыс істемейтін, оқымайтын, өзге пайдалы іспен шұғылданбайтын Neet санатындағы жастардың қатарын көбейтуде.

Статистикалық деректер neet санатына енген 273382 жас бар екенін көрсетеді. Облыс тұрғындарының 20%-ын құрайтындардың 206577-і қала жастары болса, 66805-і ауыл жастары.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне келгенде мемлекет те қарап қалған жоқ. Диплом алып, жұмыссыздардың қатарын толықтырмауы үшін жастар үшін арнайы бағдарламалар да қабылданды. Мәселен, соның бірі әрі бірегейі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы. Одан бөлек, «Жастар тәжірибесі», «Серпін» тәрізді бағдарламалар мен жобалар да бар. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 мыңға тарта жас жұмысқа орналасқан.

Демек, әрекет еткенге берекет келмей қойған емес. Әлеуметтік желіде жалған сөзбен сананы улайтын, ілгерілеуді емес, құрдымға кетіруді көздейтін түрлі бейнежазбаларға уақытты бекерге шығын қылмай, керісінше қолөнер үйреніп, кәсіп қылса тиынға тиын қосылады емес пе?!

Ал, Президент айтқан, бұған дейін қазақ жұртына жат болған бәс тігу, букмекерлік кеңселерге жүгініп оңай олжа табамын деп жүргіндердің ертең орға жығылмасына ешкім кепілдік бермейді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button