Жұдырық түйістірер күн жақын

Жерлесіміз, кәсіпқой боксшы GGG-дің қарсыласы анықталды. Ол атақты Алварес емес. Полшалық боксшы Камил Шереметамен қолғап түйістіреді. Бұл туралы оның промоутері Анджей Василевский жеткізген.

«Біз дайынбыз. Камил Шеремета – арманы биік боксшы. GGG сияқты атақты боксшымен жұдырықтасуды қалайды. Бұл – оның негізгі мақсат — тарының бірі» дейді Василевский The Ring журналына берген сұхбатында. Промоутердің айтуынша, Шеремета мен Головкин жекпе-жегі алдағы жылы 8 немесе 29 ақпанда өтеді деп жоспарлануда. Ал, кездесу орны ретінде Чикагодағы Wintrust Arena таңдалды. Шереметаның өзі чемпиондық атақ үшін көптен бері жұдырықтасқысы келетінін мәлімдеді. «Еуропа чемпионы болу мен үшін абырой, бірақ өмір жалғасуда, сондықтан мен одан үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Әлем чемпионы титулы үшін жұдырықтасқым келеді» дейді GGG-дің жаңа қарсыласы.

Польшалық Super Express басылымының мәліметінше, таяуда екі тарап кездесудің қаржылық шарттарын келіскен. Шеремета бұл жекпе-жекте карьерасындағы ең үлкен сыйақы алады. Салық, промоутердің үлесі мен басқа да шығындарды алып тастағанда польшалық боксшыға 235 мың еуро беріледі деп күтілуде.

Жерлесіміз 5 қазан күні Нью-Йоркте украиналық Сергей Деревянченконы жеңіп, IBF титулын иеленгеннен кейін белбеуін алғаш рет қорғайды. Сол кеште Шеремета да жұдырықтасқан. Ол мексикалық Оскар Кортесті екінші раундта нокаутпен жеңіп, IBF титулына үміткер болған-ды. Олай болса, қарсылас оңайға соқпайын деп тұр…

Ал, атақты қарсыласы Сауль Канело Альварес ресейлік Сергей Ковалевті жеңгеннен кейін «Канело тарихта өз атын жазып жатыр. Уәде беремін. Жекпе-жекке кірісіп кету үшін маған бес немесе алты раунд қажет болатынын білгенмін. Ковалевке құрметім зор. Ол – ұлы боксшы, бірақ кеш басталған кездесудің жоспарын орындадық. Жетістікке жеттік. Мексикаға талай жеңіс сыйлағым келеді» деген болатын қуанышы қойнына сыймай. Көптің күтіп жүрген кездесуі жайлы да сөз етіпті. «Осыған дейін айтқанымдай, бұл – маған сын емес. Онымен 24 раунд жұдырықтастым, жеңдім, осымен бітті. Алайда, жақсы бизнес-ұсыныс болса, неге шықпасқа?» депті Альварес.

Көптен күткен шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жек 2020 жылы өтеді. Бұл туралы DAZN жүргізушісі Крис Манникспен болған сұхбат барысында мексикалық боксшының промоутері Оскар Де Ла Хойя хабарлады. Канелоның командасы бұл тартысты тағы да Мексиканың Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырмақшы көрінеді. Алайда, әлі ресми келісім жасалмаған.

Жерлесіміздің алдағы кездесуіне сәттілік тілейміз. Альвареспен арпалысатын күн алыс емес сияқты…

Қасымхан ҒАЛЫМ