Бейжің - 2022

Жүлдеден әлі де үміт бар

Қытайда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындары күн санап қызығушылықты арттыруда. Сайыс сапындағы ұлттық құрама спортшылары сәтсіздікке ұшырап, жүлделі орындардан әлі бой көрсете алмаса да үміт әлі үзілген жоқ. Шорт-тректен 1500 метрге жүгіруден алғаш сынға түскен Әділ ҒАЛИАХМЕТОВ VIII орыннан көрінді. Бұл қазақстандық дебютер үшін ең жақсы көрсеткіш.– Олимпиадаға қатысып, финалға шыққаным үшін ерекше қуаныштымын. Себебі, бұл менің алғашқы Олимпиадам яғни ең бірінші ірі жарыс жолым. Мұнда әлсіздер болмайды. Менімен қатар сынға түскен қарсыластардың барлығы кіл жүйріктер. Сондықтан, ылғи мықтылармен бірге жүлдеге таласу маған да үлкен тәжірибе болғаны анық. Шыны керек финалдың соңына қарай күш жетпей қалды. Енді келесі Олимпиадаға дейін тәжірибемді арттыруға тырысамын. Алдағы Олимпиадаларда жүлделі орындардан көрінемін деген сенім бар, – деді Әділ Ғалиахметов.

Бір айта кететіні небары 23 жастағы оралдық Әділ биылғы маусымда екі рет финалға шыққан. Екеуі де Бейжің Олимпиадасында. Былтырғы әлем кубогінде күмісті олжалаған ол шыны керек елімізге үлкен үміт сыйлаған спортшылардың бірі еді. Алайда, оның осы көрсеткіші де жұбанарлық нәтиже. Онымен бірге еліміздің атынан жарыс жолына шыққан Денис Никиша ширек финалдан аса алмады. Сонымен аталған қашықтықта Олимпиада чемпионы атағын Оңтүстік Корея өкілі Хван дэ Хон жеңіп алды. Күміс медальді канадалық Стивен Дюбуа, қола медальді ресейлік Семен Елистратов иеленген. Ал, бұдан өзге шаңғымен 10 шақырымға классикалық әдіспен жарысудан әйелдер арасындағы додаға қазақстандық Валерия Тюленева, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга және Надежда Степашкина қатысқан болатын. Аталған спортшылар да айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Алғашқыда оңтайлы әрекеттер байқатқанымен жарыс соңында Ангелина Шурыга 52-ші, Ксения Шалыгина 53-ші, Надежда Степашкина 57-ші, Валерия Тюленева 59- шы орын алды. Олимпиада чемпионы атағын норвегиялық Тереза Йохауг иеленді. Күміс жүлдені Керту Нискассен (Финляндия), қоланы Криста Пармакоски (Финляндия) алды. Шорт-тректен 1500 метрге жарысудан финалда VIII орыннан көрінген Әділ Ғалиахметов және алғашқы кезеңде жарыс жолынан шығып қалған Денис Никиша келесі айналымдағы 500 метрлік қашықтықта ширек финалға қайта жолдама алды. Бұл спортшылардың арасында Абзал Әжіғалиевта бар. Іріктеу қорытындысы бойынша елімізден үш спортшы келесі кезеңге өтті. Ал, шаңғы спортынан ерлер арасында классикалық әдіспен 15 шақырым қашықтықта жүру бойынша додаға түскен 99 шаңғышының жарыс қорытындысы анықталды. Аталған санаттағы қос қазақстандықтың бірі Виталий Пухкало мәреге 25-ші болып іліксе, Евгений Величко 40-шы болып жетті. Бұл қашықтықты В.Пухкало 40:39:6 уақытта бағындырса, Е.Величко 41:27:3 уақытта жүріп өтті. Сонымен қатар, биатлоннан әйелдер арасында спринт бойынша жарыс нәтижесінде ел құрамасы сапынан қатысқан Галина Вишневская-Шепоренко мәреге 52-ші болып жетті. Ол жеңіпмаз атанған норвегиялық Марте Олсбю-Ройселаннан 2:38:3 уақыт кеш келді. Осылайша, швециялық Эльвира Эбер Олимпиаданың күміс жүлдесіне ие болса, италиялық Доротея Вирер үздік үштікті қорытындылады. Сондай-ақ, шаңғы қос сайысынан бақ сынаған Шыңғыс Ракпаров өзінің алғашқы жарысын қорытындылады. Оның айтут елік. Жылдан жылға бұрын соңды аты да болмаған осы сынды спорт түрлері біздің елде енді ғана жанданып келе жатқанын мойындаған абзал. Осы тұста конькимен жүгіруден Қазақстан командасының бас бапкері Дмитрий Бабенко отандық спортшылардың Бейжің Олимпиадасындағы бүгінге дейінгі көрсеткішіне тоқталып, өз пікірін білдірген болатын.

– Біздің құрама атынан Надежда Морозова 3000 метрге жақсы жүгірді деп санаймын өз басым.Тіпті, оның бұл қашықтықтағы нәтижесі мен үшін күтпеген жағдай екені де анық. Бірақ 1500 метрлік жарыс жолына шығар кезде Надеждаға психологиялық тұрғыдан оңай болмады. Қанша дегенмен, әлі жас әрі өзі қатысып отырған алғашқы Олимпиада. Ол нағыз бабында еді, медальға таласатын мүмкіндігі де бар болатын. Өкінішке қарай, қобалжып кетті. Ал, Екатерина Айдова үшін 1500 метр аса ыңғайлы емес. Ол негізінен 1000 метрге жүгіруге бейімделген. Сол бәсекеге дайындалып жатырмыз, – деп түйді жаттықтырушы Д.Бабенко.

Дегенмен, Морозованың болашағы жарқын. Бүгін жүлде алмаса да, келесі жылғы әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінетініне сенім мол. Қытайдағы Қысқы Олимпиаданы бастан аяқ бақылаған жанкүйер болса, Надежданың бүкіл маусым бойы табандылық таныта өнер көрсеткенін жақсы біледі. Жарыс жолында өз кезегін тосқан қазақстандық спортшылардың арасынан алтын алар саңлақ барына әлі де сенім мол. Үміт үзілген жоқ. Осындай сын сағатта спортшыларға тек сеніммен жеңіс серік болғай!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button