Тас жолдың талқаны шықты

Ақтоғай халқы үшін жол қатынасы өте маңызды. Өркениет ошағымен тікелей байланыс орнататын да осы жол қатынасы. Дегенмен, ауданда жолдың жағдайы оңбай тұр…  Жетпіс жыл Кеңес өкіметі кезінде қолы жетпеген тас жолға ақтоғайлықтар тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әрең жарыған. Одан беріде отыз жыл уақыт артта қалды. Отыз жылдан бері Ақтоғай-Балқаш бағытындағы тас жолды Балқаш қаласына әлі толық жеткізе алмай келеді. Балқаш шаһарына жеткенше тас жолдың тозығы жететін түрі бар. Жыл сайын қыруар қаржы бөліп, жамап-жасқайды.

Қарағанды-Ақтоғай бағытындағы тас жолдың шаңы шықпайды демесеңіз, ойқы-шойқы дала жолынан айырмасы шамалы. Ана бір жылы Берікқарадан Ақжал кентіне кен тасыған ауыр жүк көліктері әп-әдемі жолдың ыңыршағын айналдырып кеткен. Сол уақта аудан тұрғындары өре тұрып, кен тасымалын тоқтатқандай болған.

Нұр-Сұлтан-Алматы күрежолының құрылысы басталған тұста да жүк көліктері осы Балқаш-Ақтоғай тас жолын айналып өте бастаған. Оны да ел болып, жұрт болып тоқтатқан.

Ойқы-шойқы жолдың мәселесін көтерген ел аудан әкімінің есебіне қатысқан аймақ басшысы Жеңіс Қасымбекке де құлаққағыс етіп, жөндеу жұмысына қаржы бөлуін өтініп, көмек сұрады.
Жақында осы тас жолдың 16 шақырымына жөндеу жұмыстары басталды. Мердігері «Қостанай жолдары» ЖШС екен. Келісімшарт бойынша 210-шы мен 226-шы шақырым аралығын жөндеу үшін 864 млн. теңге қаржы бөлінген. Шақырымы шолақ демесеңіз, аз сома емес.
Әрине, жол жөнделеді дегенді естіп Ақтоғай жұртшылығы қуанып қалған. Тек, ел қуанышы ұзаққа бармады. Аталмыш мердігер тас жолдың жоғарыда көрсетілген аралығын жөндеуге қажетті материалын тасуға шектен тыс ауыр – 40-50 тонналық жүк көліктерін пайдаланып, турасын айтқанда, тас жолдың тағы талқанын шығарды. Абырой болғанда, халық дер кезінде дабыл қағып, келеңсіздіктің алдын алып үлгергендей болды. Енді, жергілікті биліктің айтуынша, мердігер келтірген залалдың орнын толтыруы тиіс.
– «Ақсу-Аюлы-Ақтоғай-Балқаш» тас жолы облыстық маңыздағы жол қатарына жатады. Бүгінгі күні аудан тарапынан Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының мамандары шақыртылды. Тексеріс жүргізіліп, рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Мердігер жұмыс аяқталған соң шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады. Мәселе қадағалауға алынған. Сонымен қатар, автожолды жыл көлемінде күтіп ұстау үшін келісімшарт «Берер» ЖШС-мен жасалған. Ал, бүгінгі күнгі ауыр көліктерден пайда болған кемшіліктерді «Қостанай жолдары» серіктестігі қалыпқа келтіреді, – деді ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.Қапашев.

Бірақ, саз балшықтай иленген тас жол жамап-жасқауға жарайды дегенге елдің де, біздің де күмәніміз бар.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы.