Ұлттық тәрбие бастауы
Балқаш қаласында ұлттық тәрбие бағытында жұмыс жүргізетін балабақшалар саны артып келеді. Солардың бірегейі – «Ақбота» бөбекжайы. Асыл мұраларымыздың бедерін бұзбай, бояуын өшірмей балаларға үйретуді қолға алған.
– Біз салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз арқылы әр баланы адамгершілікке, парасаттылыққа, адалдыққа баулуға бағыт-бағдар береміз. Бөбекжайымызда 11 топ бар. Олардың барлығы ұлттық бағытта тәлім алады. Әрбір күніміз «Амандасу рәсімінен» басталып, «Шаттық шеңбері», «Жүректен жүрекке» шеңбері арқылы бір-бірімізге тілектерді айтумен жалғасын табады, – дейді «Ақбота» бөбекжайының директоры Айгүл Балташқызы.
Сонымен қатар, әдіскер Ақнұр Ғалымжанқызының сөзінше, қоршаған ортаны таза ұстау, сақтау бойынша балалармен экологиялық тәрбие жүзеге асырылуда. Бұл бағыт аясында қалалық «ЭКОШ» ұйымымен бірігіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
«Ботақан» тобында тәрбиеші Қасира Әсетқызының ұйытқы болумен өткен Наурызға арналған ертеңгілікте бөбектердің бал тіліне тамсанып отырып, балдырғандарымызды ұлттық тамырдан ажыратпай тәрбиелеудің бастауы балабақша екеніне тағы да көз жеткізгендей болдық. Сонымен қатар, бөбекжайдағы ұлттық шағын мұражайдың жетекшісі Гүлжазира Кәкенқызының «Балбөбек» кіші тобына бабалар мұрасымен таныстырып жатқан сәтінде тоқтап, тамашаладық. Ұлттық аспатар, ертоқым, жүген, құйысқан, тартпа, қамшы, өмілдірік тәрізді ат әбзелдері, торсық, астау сияқты ыдыс-аяқ, текемет, сырмақ, түскиіз сынды қала балалары көп көре бермейтін жәдігерлермен көмкерілген мұражайдың берері көп екен. Тәрбиешілер мұны танымдық сабақтарға көрнекі құрал ретінде пайдаланатынын жеткізді. «Балдырған» ересектер тобы тәрбиешісі Маржан Мұратқызы құрақ көрпе құрастыру ойыны арқылы балаларды дәстүрлі өнерге баулып келе жатқандығын айтады. Ал, «Балдәурен» ересектер тобының тәрбиешілері Жанар Тойғанбекқызы мен Раушан Жайлаубекқызы әр сабағын халқымыздың ұлттық ойындарымен таныстырудан бастайтындығын тілге тиек етті.
Расымен де, тәрбие құралы – ұлттық ойындар екені анық. Айта кетері, бөбекжай ұжымы ең алдымен, ұлттық ойындар арқылы баланың ойын дамытып, одан әрі қарай ұлттық тәрбиені жалғастыра бермек.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.