Руханият

Данышпанның дара жолы

Сөре толған кітап. Сыймағаны жағалай жерге қойылған. Әріректе жоғарыдан төмен төніп, жартылай жалаңаш шар тұр. Төргі жақтан ертедегі саз балшықтан құйылған ескі ғимараттың сұлбасы көз тартады. Құдды орта ғасырға түсіп кеткендейміз. Осы ғажайып көріністі қақ жара, адымдай басып Әбу Насыр әл-Фараби шығып келеді. Әлемнің екінші ұстазының 1150 жылдығына орай С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында алғаш сахналанған Жолтай ӘЛМАШҰЛЫНЫҢ «Ғұлама ғұмыр» драмасы осылай басталды. Қоюшы режиссеры – Қуандық ҚАСЫМОВ, суретшісі – Қалтөре ЖҰМАҚҰЛОВ. Басты рөлде – Наурызбай ЕСЕЙ.

Басталғаннан Фараби өмірінің соңғы кезеңіне топ ете қалдық. Алғашқы көрініске Әбу Насыр мен жан досы Таймастың пікірталасы арқау болды. Актерлардың сөзді жанды жеткізуі мен музыка үйлесімі бірден баурап алды.

Драма кемеңгер өмірінің соңғы кезеңін, яғни, Алеппо қаласындағы ізденіске толы саналы ғұмырының аяқталар тұсында өрбіді. Аристотельдің трактаттарын арабша қайта жазып, әлемдік ойлауға әсер етіп, оны өзге арнаға бұруы және толық мойындалған тұсы – бұл. Досы Таймаспен пікірталастырып жатқаны осы қаладағы «Білімпаздар орталығындағы» өзіне деген өзге ел оқымыстыларының қызғанышы еді. Туған даласына деген сағынышы оның әр сөзінен байқалып тұрды. Шамаңыз келсе, жат жерде жүріп әлемнің екінші ұстазы атанып көріңіз.

– Әбу Насыр бабамызды зерттеп жүргеніме 20 жылдан асты. Ол туралы жазу, сахналау, образын ашу, елге жеткізу – өте күрделі іс. Сондықтан да, талантты режиссер Қуандық, марқұм Сансызбай досым үшеуміз сахнаға осы философтық қырын шығаруды жоспарладық. Сансызбай бұл күнді өкінішке қарай көре алмады. Оны Құрман бауырым жүзеге асырып отыр. Ал, оның барлық қырын бірден сахналау мүмкін емес. Осы бейнеттің зейнетін бүгін көрдік. Әр сәтте актерлармен қосыла тербелдім. Барлығы оң болды. Әбу Насыр деуімнің де өз себебі бар. Фарабтан шыққаны үшін (Отырар) Әл-Фараби деп Шығыс философтары атаған. Біз оны өз атымен атағанымыз жөн болар… Ал, әлем оны екінші ұстаз десе, ол біз үшін бірінші ұстаз болуы тиіс. Бірнеше күн бұрын осы драмамның басқа нұсқасын Талдықорғанның Б.Реймова театры қойса, жастық шағын Қызылорда театры сахналамақшы. Арнайы бірнеше нұсқасын дайындаған едім. Бұл нұсқам С.Сейфуллин театрында алғаш қойылып отыр, – дейді Жолтай Әлмашұлы.

Талғампаз оқырман ғұлама ғұмырының соңғы жылдары Алеппода өткенін біледі. Оның билеушісі түбі түрік Сейд Ад-Дуаль Хамданиды «қазақтың Керей ханы» атанған Қайрат Кемалов сомдады. Ол сахнаға шыққанда қойылым одан әрі жанданып кетті. Жарқын дауысы баурай түсті. Досы Таймасты – талантты актер Ахай Жұмамұратов сомдаса, Әбу Насырдың ғашығы Бегімайымды Бибігүл Жағыппарова, ал қойылымдағы жиынтық образ қызғаныш пен қастықтың символы Сейф Манапты Нұрсұлтан Қыдырбеков ойнады.

Бір айта кетерлігі, басты рөлді сомдаған Наурызбай Есей мен досын ойнаған Ахай Жұмамұратов өмірде де дос. Ал, ғұлама өмірінің соңында оны өз қамқорлығына алып, оған ғылыммен айналысуға толық мүмкіндік жаратқан, дана, көреген, ел ағасын сомдаған Қайрат Кемалов өмірде де жастардың ұстазы, ағасы. Осы жағынан тамаша үйлесімге куә болдық. Бұл да режиссердің актер таңдаудағы дөп түскен бір жетістігі дер едік.

Сейф Манап Фарабиді қанша жерден бопсалап, «Қыпшақ даласына қайт» деп қорқытса да ол алған бетінен қайтпай, Аристотель трактаттарының түсіндірмесін жазып аяқтайды. Бұл кез келген дәуірде таланттылардың теперіш көретінін аңғартады. Шындығы – сол. Талантың асып, атың дүркіреп тұрса, сені кім ұнатсын?.. Оның үстіне бөтен ел, өзге жұртта жүрсең…

Жанашыры, адал билеуші, шариғатты бекем ұстанған Хамдани Фарабиге адамзат ғылымындағы бағындырған биігін айтып, Шығыс философтарының «Әлемнің екінші ұстазы» деп атай бастағанын жеткізеді. Шындығында ол көзінің тірісінде-ақ, адамзатты өз кемеңгерлігімен тәнті еткен, ғылымның түрлі саласына 200-ден астам трактат жазған аса ірі тұлға. Хамдани сияқты адал, ілімі терең билеушілері болса, тұрғындарының бақытқа жететінін айтуын пьесада өз аузынан естідік, мәнін аңғардық. Бәрі өз өмірінен…

– Әлем Әбу Насырды баяғыда танып, мойындап, қазір соның ілімін өмірде пайдаланып, гүлденуде. Ал, сол әлем таныған Әбу Насырды енді қазаққа таныстыру сіз бен біздің міндетіміз. Осындай аса жауапты шаруаны бүгін бастадық. Таза ғылым тілінде жазылған шығармаларын түсіну оңай болмаса да, ақырындап үдесінен шығамыз. Ұшан-теңіз мұрасын біртіндеп игереміз. Көзімізді ашып, баба даналығына ден қояр күн жетті, – деді Жолтай Әлмашұлы тебіреніп.

Сонымен қатар, Жолтай ағамыз бұған дейін «Отырардың жусаны» атты әңгіме де жазған Фараби туралы. Ол «Жұлдыз» журналы мен бірнеше басылымда жарияланыпты. Ал, «Ғұлама ғұмыр» драмасы ойшылдың көркем образын сомдаудағы тағы бір сәтті қадамы. Бұл туынды 5-6 жыл бұрын жабық бәйгеде, көп шығарма арасынан жүлде алған екен.

Иә, ғұлама бабаның жанын, шығармаларын бірден түсіну қиын. Ол туралы ғылыми деректер баршылық. Бірақ, елдің түсінуіне икемдеп, осындай сахнада, кинода бейнесін сомдауымыз ауадай қажет.

Енді, сөз басындағы кітаптар мен жартылай жалаңаш шарға оралайық. Кітаптар оның тынбай ізденіп, шексіз білімді меңгеріп, адамзатқа дамудың, бақытқа жетудің ізгі, тың жолын нұсқағаны деп білдік. Ал, шардың уықтары оның түбінің түрік екенін аңғартып, жартылай жалаңаштығы Дешті Қыпшақ даласына деген сап-сары сағынышы болса керек. Ғашығы Кегімайыммен және басқа да жандармен тілдескенде шардың әлсін-әлсін түсіп, көтеріліп тұруын ойшылдың жүрек қағысы деп ұқтық. Яғни, Хамдани, Таймас сынды жанашырларынан басқа ешкім оның жанын өз деңгейінде ұғып, айтқанын түсінуге өресі жетпегені. Содан аласұрып, құса болған жүрегінің қағысы болса керек. Оған жер шары тұрғындарының Фараби ілімін негізге алып, дамуын қосыңыз…

Көрермендер қойылым соңында тік тұрып қол соғып, ризашылығын білдірді. Алматыдан, Талдықорғаннан, Нұр-Сұлтаннан театр өнерінің, әдебиеттің ірі-ірі жанашырлары арнайы келіп қатысқан қойылымнан көрермендер терең ой түйіп тарқасты.

– Маған қойылым өте ұнады. Жас актер Наурызбай өзіне жүктелген міндетті сәтті алып шықты. Басқа кейіпкерлер жұмыла жүріп Фарабидің тұлғасын асқақтатты. Әсіресе, бақталасы «еліңе қайт Әбу» деп, күңкілдеп қоймайтын Сейф Манаптың образы тартымды болды. Сахнаның безендірілуі мен костюмдарға сөз жоқ. Өте жоғары деңгейде. Әуендері жүрек тербетеді. Жалпы, келгеніме қуаныштымын. Әйтпесе, көп нәрседен құр қалғандай екенмін, – дейді Ерқанат Ризабек есімді көрермен.

Өмірдің бар қызығынан бас тартып, бар өмірін білім-ғылымға арнаған Әбу Насыр әл-Фараби өмірінің соңғы кезеңін қамтыған «Ғұлама ғұмыр» қойылымынан түйгеніміз осы болды. Осылайша, қойылым бізді баба рухымен қайта қауыштырды. Соңында бабамыз бар мұрасын ұрпағына аманаттайтынын, олардың бақытты болғанын қалайтынын, жастардан үлкен үміт күтетінін айтып, көзден ғайып болады…

Кейбір ұсақ-түйек кемшілікті есептемегенде, режиссер мақсатына жетті.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button