Көгілдір отынды көп күтпейміз

Қыстың тымық күндері мыңдаған пештен шұбалған түтін Қарағанды көшелеріне селдір перде сынды керіледі… Тынысыңды тарылтып, қадамыңды байлайтын түтін. «Қарағандыға көгілдір отын қажет-ақ» дейсің жас толы көзіңді бір сығып…

Иә, 2019 жылы көптен күткен газ көмірлі өлкеге тұмсық тіреді. «Сарыарқа» газ магистралі Қарағандыға жетті. Қазір облыс орталығындағы жүздеген үй газ қызығын көріп отыр. Магистраль құрылысын егемендік жылдарында қолға алынған ірі жобалардың қатарында атап өтуге болады. Тәуелсіздік арқасында еншімізге бұйырған игілік.

Дегенмен, бұл үйлердің барлығы облыс орталығының Михайлов тұрғын аумағында орналасқан. Әрине, «қаланың басқа бөлігіне газ қашан барады?» деген сұрақ көпті мазалайды…

Бірнеше ауданға газ барады

Арқа жұрты қыстың қамына кірісті. Қыс дегенде отын-су еске түсетіні мәлім. Әрине, жаздың соңына таман «шанасын сайлап» үлгергендер де бар. Бірақ, қалалық жұрттың дені отынды іздеуге енді шықты. Отын – көмір. «Бес әлеуметтік бастаманың» бесіншісі халықты осы машақаттан құтқаруы тиіс-ті.

Қыркүйек айында Қарағандыға келген Энергетика министрі Болат Ақшолақов облысты газдандыру бойынша 24 іске қосу кешені болатынын атап өтті. Жобаның құны – 76 млрд. теңге. 24 кешеннің 16-сы Қарағанды қаласына тиесілі. Нәтижесінде, 30 мың үй көгілдір отынмен қамтылуы тиіс.
Қазіргі таңда аймақты газдандыру ісі арнайы бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Былтыр қазан айында Қарағанды және Теміртау қалаларындағы 1-ші іске қосу кешендеріне тиесілі газ тарату желілерінің құрылысы тәмамдалды. Аталған желінің бойында 2133 үй тұр.

Сондай-ақ, былтыр қарашада тариф айқындалды. 1 текше метр/сағ. құны 40,80 теңге сомасында бекітілді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл газбен қамтамасыз ету жобаларына бюджеттен 6,1 млрд.теңге бөлінді. Қарағандыға – 3,6 млрд. теңге, Теміртауға 2,5 млрд. теңге қарастырылған.

Қазіргі таңда Қарағандыда – 162, Теміртауда 138 үй газға қосылды. Бұдан бөлек, Қарағандыда 2-ші іске қосу кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл кешен Жәнібеков, Степная, Нахимов, Ермеков, Сәтбаев, Панфилов, ҮҚК (ДСК) маңайын және НМК-ға (ХМК) қарай кететін бірнеше көшені қамтиды. Бұдан бөлек, 4, 5, 6-шы іске қосу кешендерінің жұмыс жоспары түзілуде.
Ал, құрыш қалада 2-ші кешеннің құрылысы аяқталды. Жақында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның сенімгерлік басқаруына беріледі. Қос қаладағы 2-ші іске қосу кешендерінің құрылысы мәреге жеткенде қосымша 3872 үйге газ барады.
Әрине, облыстағы екі ірі шаһар газға қарық болып, жағасы жайлауға кеткенде, өзге өңірлер «ұлтараққа жарымаған сорлының» күйін кешпесі анық. Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Адай Қуаныш алдағы уақытта бірқатар аудан тұрғындары газға қол жеткізетінін атап өтті.

Адай Қуаныш, облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Саран қаласына газ құбырын тарту жұмыстары жалғасуда. Осакаров ауданының Осакаровка кенті мен Шахтинск қаласына газ тарату желілерін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Құрылыс 2023 жылы басталады деп күтілуде. Мұның үстіне Бұқар жырау, Шет аудандарына газ жеткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Ал, Қарағанды қаласына келсек, әзірге Михайловтағы кейбір көшелерде газ бар. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіне, «Күнгей» ықшамауданына газ желісі 2026-2028 жылдары тартылады.

Қол жетсе, газға не жетсін?!

Үйдің іргесіне келген газды босағадан бері кіргізіп алған ағайынның көңілі тоқ. Жылдар бойы армандаған көгілдір отын пеш жағу азабынан құтқарды. Оған Михайлов көшелерін аралап жүріп көз жеткіздік. Тұрғындардың айтуынша, газбен үйді жылдам жылытуға болады. Мәселен, Төлепов көшесі, №89/2 үйдің тұрғыны Игорь Винель газ желісін қосқалы үйдің іші қыз-қыз қайнап сала бергенін айтады.

Игорь Винель, Төлепов көшесінің тұрғыны:

– Газды былтыр көршім қосты. Сөйтіп, қыс бойы қолына шелек пен қалақ ұстамай шықты. Мен өкініп жүрдім. Жазда бірден іске кірістім. Қазір міне қызығын көріп отырмын. Бірақ, газды тарту жұмысының құны қалтаны қағатыны қиын. Мен, мысалы, 1,5 млн. теңге жұмсадым. Винельдің үйіне газ тарту жұмысымен «СК Аманат 08» ЖШС айналысты. Компания маманы Руслан Қабанбаев қазіргі уақытта халық тарапынан газға қызығушылық бәсең екенін жасырмады. Русланның өзі өткен үш айдың ішінде небәрі он бес үйге газ тартқан. Оның тек 10-ы ғана Қарағандының еншісінде. Маман халықтың газға тосырқай қарауының себептерін жіпке тізді.

Руслан Қабанбаев, «СК Аманат 08» ЖШС маманы:

– Мен артта қалған үш айдың ішінде бар болғаны 15 үйге газ кіргіздім. Халық газдан қорқады. Атылып кетеді деп ойлайды. Газдан емес, керісінше, үйдегі пештен шығатын түтіннен қорқу қажет екенін естен шығарып алған. Екіншіден, «газ қыста қатып қалады, мойнымызға машақат болады» дейді. Газ -130 градуста қатады. Ал, Арқада ондай аяз болмайтыны белгілі ғой. Үшіншіден, бағасы. Газды әлі келгендер, қалтасы көтергендер ғана орнатып жатыр.

Маманның сөзіне сенсек, бір қазандықтың құны 300 мың теңгеден басталады. Бұдан бөлек, газ сезгіш құралдарын, құбыр, тағы басқа құрылғыларды алу қажет. Мұның үстіне тиісті органдардан техникалық сипаттама, газды қосуға рұқсат алу сынды жұмыстар бар. Аталған қызметтердің барлығы ақылы. Жиналып келгенде қомақты ақша тұрады.

Игорь Винель 500 мың теңгенің пешін қойыпты. Бұл – қымбат та, арзан да емес, ортаңқол қазандық. Компания бір жылға кепілдік береді. Әйтсе де, көпшілік әзірге газдан гөрі көмір жаққанды қолай көреді.

Жилстроевская көшесіндегі №10А үйдің тұрғыны Илья Губаревпен әлгінде ғана түсірген көмірін сарайға құлаштап лақтырып тұрған жерінде кездестік. Екі тонна көмір түсіріп алған жігіт ағасы тірлігіне разы.

– Дубовкадан жаңа ғана әкеліп берді. Тоннасы 8,5 мың теңгеден шықты. Амалдап жақсам, қыс ортасына дейін жетіп қалады. Ал, газ орнату құнын есептетіп көрдім. 700 мың теңгенің мұғдарында шықты. Ондай соманы әзірге қалта көтермейді. Қол жетсе, газға не жетсін?! Бірақ, келешекте қор жинап, орнатып алу ойымда бар, – дейді Илья Губарев.

Байқағанымыздай, ел газ тартуға қарсы емес. Қолдары жетсе, өркениет игілігін барынша пайдаланғысы келеді-ақ. Тек, қаржы – қолбайлау.

Әкімдік әлеуметтік әлсіз топтарға көмек қарастырды. Дегенмен, бұл санатқа кірмейтін тұрғындар жеткілікті. Сондықтан, биылғы қыстан көмірдің күшімен шығуға бел буып отырғандар қарасы қалың. Газ қазандығын қосқан көршісіне қарайлап, соңын күтіп жүргендер де баршылық. «Келешекте көрерміз» деп, келер жазды күткендер де осылар…

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Газ тарту маманы Руслан Қабанбаев пен үй иесі Игорь Винель қазандық жұмысын тексеруде. 2. Михайлов тұрғыны Илья Губарев 2 тонна көмір сатып алды.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИ