Руханият

Абайдан кеткен қате емес

«Жұлдыз» журналының 2009 жылғы төртінші санында Қабдеш Жұмәділовтың «Тозақ оты» хикаяты жарияланды. Осында «құм төсекте қос-қостан айқаласып жатқаны» деген сөйлем бар. Сөйлемдегі «айқаласып» сөзіне бірден көңіл аудардым. Алғашқыда Қабекең өзі айтқандай, зәруліктен адамдардың іс-әрекеті өзгеріп, айуандық қарым-қатынасқа бейімделген болар деген оймен анықтамаларды қарадым. Онда осы сөзге жақыны аюдың айқасуы екен. Бірақ, айқасу мен айқаласудың шатасып кете қоюы қиындау екен. Сонда Абайдың «Жігіт сөзіндегі» он сегізінші жолда «айқаласып тайталас» деген бары ойыма түсті.

«Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тай-талас,
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас»

Егер айқаласыптың мағынасы жоғарғыдай болса, қазақтың әдет-ғұрыпының қаймағы бұзылмаған кезде Қаламқастың бұрымы бұл жігіттің иығында қайдан жүреді. Я, бұл да дәлел бола қоймас деген оймен Абай өлеңдерінің 1940 жылдан бергі барлық басылымдарын қарап шықтым. Осы өлеңнің отыз тоғызыншы, қырқыншы жолдары былай ғой.

«Жақындай бер жуықтап
Тамағыңнан айқалат!»

Сонда айқаласыптың мағынасы жоғарыдағыдай болғанда, тамағыңнан айқалатты қалай түсінуге болады? Гәп басқада тәрізді.

Абайдың бізге жеткен еңбектері қолжазбалар арқылы жеткен ғой. Осы араб алфавитінен кириллицаға ауыстырушыдан ағаттық кеткен болар. Мұны аударушы десек те, көшіруші десек те, аса түсінікті емес тәрізді. Сондықтан, шартты түрде қотарушы дейік. Бір ыдыстың ішіндегіні екінші ыдысқа ауыстыруды «қотару» дейді ғой.

Араб алфавитімен жазғанда «и» әрпі екі таңбамен белгіленеді. Біріншісі – «әліф», екіншісі – «йа», осы екіншісінің астына екі ноқат қойылады, көбінде сызықша. Бұл он жетінші жолдағы «иығымда» сөзі туралы болып отыр. Енді он сегізінші жолдағы «айқаласып» қалай жасалды, соған тоқталайық. Айқаласыптың үшінші әрпі «қ» боп тұр. Ол, меніңше үшінші таңба «мим» болған. Оны қотарушы төмендеу түскен жоғарғы сөздегі сызықшаны пайдаланып «каф» деп оқыған. Содан «аймаласып» сөзі «айқаласып» боп кете берген.

Ал «тамағыңнан айқалатқа» келетін болсақ, бұл да жоғарғы жолдағы «жуықтап» сөзіндегі «джим» таңбасының астындағы ноқат төмендеу түсіп, тағы да «мим» таңбасы «каф» боп оқылған. Бірақ, мен қарап шыққан 42 басылымның алтауында «аймалат» деп басылған.

Мұны Қабекең аса мән бермей ала салған болу керек. Әйтпесе, араб әліф биіне жетік Қабекең бірден байқар еді ғой. Қорыта келгенде, «Жігіт сөзіндегі» он сегізінші жол «аймаласып тайталас», қырқыншы жол «тамағыңнан аймалат» болуға тиіс тәрізді. 2006 жылы 22 ақпанда «Абайды дұрыс оқып жүрміз бе?» деген ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың мақаласы жарияланған. Аталған мақалада ғалым бізге жеткен төрт қолжазбаны өзара текстологиялық салыстыруды ұсынған еді. Ғалым аталған еңбегінде көптеген сөздерге түсінік береді. Бірақ, өзінің білімділігі мен табиғатына біткен ішкі мәдениетінің жоғарылығымен «мен айттым, бітті» демей, халыққа ақыл сала, «осылай оқысақ, қайтеді?» дейді. Соның бірі «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», – деген Абай өлеңіндегі елу төртінші жолдағы «қоржаң» сөзі.

Осы қоржаңды Тұрсекең «көрден» деп оқуды ұсынады. Ғалымның осы сөзінен кейін де менің күдігім сейілмей тұр. Себебі, Абай мұраларының қолжазбаға түсуі кезінде қазақ өміріне усул жадит толық кірген еді. Түркі тілінің ерекшелігі ескеріліп усул жәдитке «кофун» деген таңба енгізілген болатын. Ол «кәф» таңбасына ұқсайтын. Сондықтан, қотарушы бірінші әріпті «қ» деп оқыған. Енді «ра» таңбасы өзінен кейінгі таңбаға жалғаспайды. Сол тәрізді «даль» және «е» усул жадитте енгізілген араб жазуында бұл дауысты дыбыс таңбаланбаған, өзінен кейінгі таңбаларға жалғанбайды. «Е»-ні «д»-ға мінгестіре жазғанда қотарушы «ж» деп оқып, «а»-ны ойша қосқан. Себебі, «а» жазғанда түсіп қалып, оқығанда ойдан қосылады. Енді «ж»-ны «д» және «е»- ге ажыратып жазып, ойдан қосылған «а»-ны алып тастасақ, «қоржаң» сөзі «кердең» болып оқылады. Өлең мәтіні былай болды:

«Қатының сені сүйсе, сенде оны сүй,

Кердең, суық келеді кей сасық ми».

Абайдың сөз қолданысында «кердең» бірталай пайдаланылған. Кердең – менменшіл, тәкаппар. Сасық ми, бұл – ойсыз адам. Қортындылай келгенде, ақынның бұл өлеңі жастарға өсиет қой, өлеңнің осы екі жолы «ойсыз адам өз үйінде өзін әйелінен артық санап, менменсіп, оған жылы қабақ танытпай, өз отбасының берекесін қашырады, сен ондай болма» дегенді меңзеген. «Күз» деген өлеңдегі төртінші жол: «Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан». Осы жердегі жылқы сөзіне көптен бері күдікпен қараймын. Себебі, жылқы екі буын, сонда бұл жол 12 буын болып кетеді. Я, қатар келген екі дауысты дыбыстың әсерімен әдебиет теориясына қайшы келмейді. Бірақ, жылқы биологиялық түрдің жалпы аты ғой. Ол ойнап кеткенде басқасына тоқтаудың қажеті не? Осы біздің ойға алған мәселемізді шешуге Абайдың «Жаз» өлеңі кілт бола алады.

«Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап…
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап»

Бұл жерде жылқының жалпы аты екені, одан кейін жынысына, жасына байланысты атаудың бәрі бар. Ат жылқының ішіндегі ең байсалдысы, орнықтысы.

Енді «Күздің» төртінші жолын «Ат ойнап, бие қашқан, тай жарысқан» деп оқысақ, дұрыс болар еді.

Абай мұраларын ретке келтіру үшін, сақталған төрт қолжазбаны көшіріп, (қазір сканер арқылы ол қиын да бола қоймас) ең болмағанда, облыстардағы орталық кітапханаларға бір данадан жіберсе, бұл мәселеге жалпы халық атсалысар еді.

Әліп ЖАЙЛЫБАЕВ.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button