Ақжелеңділер – құрмет құшағында
Тәубе дейміз, Қарағанды медицинасы екпінмен даму үстінде. Асыра айтып, өз-өзімізді мақтағанымыз емес, ел ішіндегі әңгіме солай. Мұнда білікті медицина кадрлары шоғырланған. Мереке кезінде абзал жандарды құрметтеу – құптарлық іс. 2006 жылдан бастап тағайындалып келе жатқан облыс әкімінің сыйлығын тапсыру рәсімі бұл жолы да сән-салтанатымен өтті. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК үздік дәрігерлерді марапаттады. Және эстрада жұлдыздары шырайлы шараның көрігін қыздырды.
Мерекелік кештің қос жүргізушісі әзіл өнерінің жарық жұлдызы Тұрсынбек Қабатов пен тележүргізуші, әртіс Мая Веронская болғанын да айта кеткеніміз жөн шығар. Ақжелеңділердің еңбегін елеу мақсатында ұйымдастырылған шарада аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек құттықтауын жеткізіп, ұлт саулығы үшін сіңіріп жүрген еңбектеріне алғыс айтты.
– Бүгін біз жүрегінің қалауымен өзінің тағдырын ауыр болса да дүниедегі ең бір қадірлі мамандықпен тоғыстырған жандарды зор құрметпен құттықтаймыз. Бұл жандардың біліктілігі мен тәжірибесі адамдарға ең құнды дүние – денсаулық пен өмірді сыйлайды. Бұл мереке – біз үшін күнделікті жауапты да күрделі жұмыстарыңыз үшін Сіздерге құрмет көрсетіп, алғыс айтуға мүмкіндік болып табылады. Біз Сіздердің әр пациенттің өмірі үшін жанталасып, өмір мен өлімге араша болып, қандай жағдай болмасын адамдардың денсаулығын сақтап қалу жолындағы еңбектеріңіз бен жасап жатқан жұмыстарыңызды құрметтейміз, – деді әкім.
«Үздік терапевт» номинациясы бойынша облыс әкімінің сыйлығын облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапеві Бәтес Шарапиева Абай орталық ауруханасының терапевт дәрігері Жұлдыз Қолдасбековаға, «Үздік хирург» номинациясын медицина ғылымдарының докторы Қанат Абзалиев Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімінің жетекшісі Саят Кенжебаевқа, «Үздік акушер-гинеколог» сыйлығын «Шапағат» медалінің иесі, жоғары санаттағы акушер-гинеколог Анбию Айтжанова Саран орталық ауруханасының акушер-гинекологы Любовь Девятыхқа табыстады. «Үздік педиатр» аталымына Шахтинск қаласы емханасының педиатр бөлімі жетекшісі Наталья Дубаневич пен облыстык фтизиопульмонологиялық орталығының Жезқазған балалар бөлімшесінің фтизиатр дәрігері Жанат Көпеева лайық деп танылды. Сыйлықты хирург-дәрігер Станислав Гуранский тарту етті. «Жалпы практиканың үздік дәрігері» сыйлығын «AMANAT» партиясы Қарағанды облысы филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков Қарағанды Қарағандыдағы №5 емхананың дәрігері Зәуреш Оспановаға және «Бексейітова» ЖШС дәрігері Феруза Жанпейісоваға берді. «Үздік орта медицина қызметкері» болып Абай қалалық ауруханасының кардиолог-дәрігері Бағила Нұрхашева атанды. Жеңімпазға сыйлықты «Қазакстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Аманжол Нұрбеков табыстады. Денсаулық саласының ардагері Ноян Бидайбеков «Денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы» аталымын Теміртау қаласы №1 емханасының директоры Гүлнәр Есімсейітке тарту етті.
Облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы «Кәсібіне адалдығы үшін» бас аталымына лайық деп танылған Борис Выдряны марапаттады. Борис Александрович облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің меңгерушісі болып жемісті еңбек етіп келеді.
Бас аталым иесіне 2 миллион теңгенің сертификаты сыйға тартылды. Ал, басқа жеңімпаздарға 1 миллион теңгеден қаражат берілді.
– Барлық марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын. Еңбегімізді елеген облыс әкіміне үлкен алғыс. Осындай марапаттар қанаттандырады. Меніңше, әр ақжелеңді абзал жан осындай сыйға лайықты. Дәрігерлер аман болса, ел аман деген сөз, – деп қуанышымен бөлісті Борис Александрович.
Ән өнерінің жарық жұлдыздары – Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина ән шырқады. Алматыдан келген белгілі әнші Парвиз Назаров, Маржан Арапбаева, «HasSak» этнофольклорлық ансамблі өз өнерлерін ортаға салды. «Балалар дауысы» шоуының тоғызыншы кезеңінде жүлдегер атанған Сағын Өмірбайұлы мен Тимур Тян әннен шашу шашты. Кешті тізгіндеген Тұрсынбек Қабатов арасында әзілмен де әспеттеді. Дәрігерлердің өмірде жиі кездесетін қызығын әсерлі жеткізді. Мұның бәрі қарағандылық дәрігерлер қауымына көрсетілген құрмет деп білеміз.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.