Жаңалықтар

Қазақстан корейлерінің 90 жылдығына арналған мәдениет фестивалі өтті

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында Қазақстан корейлерінің 90 жылдығы аталып өтті.  Корей мәдениеті фестивалі аясында Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрының орындауында «Мұра» спектаклі көрсетілді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Мәдени іс-шараға Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжон Ки Хон, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, Қазақстан мен корей халқы арасындағы тарихи әрі мәдени байланыстың маңызына тоқталды.

– Келер жылы корейлердің Қазақстанға күштеп жер аударылғанына 90 жыл толады. Мемлекет басшысы Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысында осы тарихи датаның елімізде жоғары деңгейде атап өтілетінін мәлімдегенін білесіздер. Бұл – өткенге тағзым етіп, аға ұрпақтың төзімі мен қайратын, халқымызды жақындастырған адамгершілік пен бауырмалдықты еске алатын кезең, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Фестиваль аясындағы «Мұра» спектаклі де көрерменге корей халқының тарихы, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын сахна өнері арқылы таныстырды. Қойылымда өткен тарих пен бүгінгі ұрпақ сабақтастығы, туған жерге деген сағыныш, адам тағдыры мен ұлттық мұра тақырыптары көрініс тапты.

Көрермендер Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры әртістерінің өнерін жоғары бағалап, қойылым соңында шығармашылық ұжымға қошемет көрсетті.

Корей мәдениеті фестивалі Қазақстандағы этностардың мәдени мұрасын дәріптеп, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды мәдени бастамалардың біріне айналды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button