Мереке шуағы

Ерлік даңқы өшпейді

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Халықтың жүрегінде қалады. Елдің тыныштығы үшін күні-түні қырағылықпен қызмет атқаратын құқық қорғау органы өкілдерінің көзсіз ерлігі лайықты бағаланса дейміз. Өйткені, келешек ұрпақ үшін үлкен өнеге боларын білеміз. Антқа адал болуды, елге еңбек сіңіруді үйретеді. Өткен аптада осы мақсатты негізге алған айтулы шараның куәсі болдық. ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай Осакаровка кентінде қызмет барысында қаза тапқан Геннадий КАРАПИДИ мен Беслан АУШЕВТІҢ есімдері кенттің көрікті қос көшесіне берілді. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының қос ардагері Николай МЕДВЕДЕВ пен Анна КОТОВА мереке қарсаңында құрметке бөленді.

ҚОС БАТЫРДЫҢ ЕСІМІ КӨШЕЛЕРГЕ БЕРІЛДІ
Салтанатты шара Осакаров ауданындағы полиция бөлімінің алдында орнатылған мемориалдық тақтадан басталды. Мұнда облыс­ тық полиция департаментінің өкілдері, қаза тапқан қызметкерлердің туыстары, ішкі істер органдарының ардагерлері ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойып, батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым жасады. Осакаров аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ораз Жұмағазиевтің айтуынша, қайғылы оқиға ауылдық учаскелік полиция қызметкерінен жедел хабар түскеннен кейін болған. Хабарда түрмеден қашып шыққан зорлау және кісі өлтіру әрекеті үшін сотталған жергілікті тұрғын аудан аумағында жүргені айтылған. Қоңыраудан кейін қылмыскерді қолға түсіру үшін Осакаров ауданының қылмыстық іздестіру бөлімі бастығының орынбасары Беслан Аушев және жедел уәкіл Геннадий Карапиди іске кіріседі. Қаскүнем қашқаннан кейін де бірқатар ауыр қылмыс жасап үлгереді. Пионер ауылындағы үйіне барып, әкесінің мылтығын асынып, шөпке жасырынады. Полицейлер үй жанына келгенде мылтығымен Б.Аушев пен Г.Карапидиді атады. Қос полицей оқиға орнында жан тапсырады. Ал, қылмыскер қашуға тырысқан кезде оны жедел­іздестіру тобының басқа мүшесі атып өлтіреді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен ерлігі мен батырлығы үшін қаза тапқан екі қызметкер «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

– Біз батырларымызды мәңгі есте сақтау үшін барлығын жасауға тырысамыз. 2018 жылы Беслан Аушев пен Геннадий Карапиди туралы фильм түсірілді. Сол жылы аудандық полиция бөлімінде жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайы ашылды. Мұражайда ардагерлердің сирек кездесетін фотосуреттерін, марапаттары мен жеке заттарын көруге, қызметкерлердің міндеттерін орындау кезінде жасаған ерліктері туралы білуге болады. Әрбір қаза болған әріптесіміздің атқарған жұмысы, жасаған жанкешті ерлігі бүгінгі күні тарих парағына енді. Алайда, кейінгі буын бұл азаматтардың есімін мәңгі ұмытпай, керісінше ұлықтай жүргені абзал. Сондықтан да, сол әріптестерімізге көше атауын беру үлкен идеологиялық жұмыстың бір парасы деп білемін, – дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қуаныш Зарубаев.

Айта кетейік, көше атауын беру бастамасын былтыр жыл басында ішкі істер органының ардагері Арнабек Әкімбеков көтерген болатын. Осакаровка кентіндегі жергілікті қоғамдық жиналыста Кузнечная көшесін, Беслан Аушев көшесі, Колхозная көшесін Геннадий Карапиди көшесі деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Жергілікті халық жаппай қолдаған. Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссиясы тұрғындардың бастамасын қолдап, соның игілікті жалғасы бүгінгі салтанатты шарамен сабақтасып отыр.
– Осыдан 37 жыл бұрын біздің әріптес­ теріміз Б.Аушев пен Г.Карапиди қызмет барысында қаруланған қылмыскермен күрес жолында ерлікпен қаза тапты. Олардың ерлігі аудандық полиция бөлімінің алдындағы мемориалдық тақтасына жазылса, бүгін есімдерін мәңгі ұлықтау мақсатында әріптестеріміздің атына көше атын беріп жатқан жайымыз бар. Көше атын беру жөніндегі ұсынысымды қолдаған жергілікті тұрғындарға, аудан әкіміне және барша атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз. Бүгінгі сәт – ертеңгі тарих. Әріптестеріміздің есімі – мәңгі жадымызда. Олардың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі­өнеге болары сөзсіз, – дейді игілікті істің бастамашысы болған Арнабек Әкімбеков.
Сонымен қатар, «Вайнах» облыстық этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев та батырлардың есімін ұлықтау мақсатында өтіп жатқан шараға ризашылығын жеткізді.
– Біз қоғамымыздың қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосқан адамдарға құрмет көрсетуге тиіспіз. Біздің қос батырымыз өз міндетін орындау кезінде ойланбастан бастарын бәйгеге тігіп, ерлікке барды. Батырлардың ерлігін ұмытпай, осындай шараның өтіп жатқаны қуантады, – деді Увайс Джанаев.
Сонымен қатар, қос батырдың атындағы екі көшенің басына ескерткіш тақта орнатылды. Аталған тақтаның ашылу рәсімінде қос полицейдің жақындары жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын жаудырды.

АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

Салтанатты шара барысында қатысушыларға дәстүрге айналған «Жеңіс лентасы» таратылды. Аталған акция 4 мамырдан бастау алған болатын.
– Жеңіс. Осынау жалғыз ауыз сөзде батпандай салмақ жатыр. Кез келген істің, қандай күрестің де басты мақсаты жеңіске жету болғанымен, кешегі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны айрықша бөлек. Оған жету үшін қаншама халық жан алып, жан беріскен шайқастарға толы ұзақ та ауыр жолдан өтті. Зарықтырып, сағындырып жеткен ол Жеңісті жақындата түсуге майданның алдыңғы шебінде от пен оқтың ортасында болған майдангерлермен бірге тыл еңбеккерлері де, майдан даласынан шалғайдағы қарттар мен әйелдер де, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар да үлес қосты. Ол сонысымен де қастерлі, қасиетті саналады. Биыл, міне, сол Жеңіс күні елімізде жетпіс жетінші рет атап өтілмекші, – дейді Осакаров аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Хажымұхамед Әкімжанов.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта Осакаров ауданында тек екі майдангер – Анна Котова мен Николай Медведев тұрады. Айта кетейік, Николай ардагер биыл 100­ге толды. Батырды аудан әкімі Нұркен Қобжанов ғасырлық тойымен арнайы құттықтап шығыпты. Қос ардагерге миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліпті. Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен лагерь тұтқындарына, Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандардың әйелдеріне 200 000 теңгеден төленіпті.
Николай Медведев соғыс басталған кезде Алматы теміржол техникумының үшінші курсында оқып жүрген екен. 1941 жылы тамызда әскер қатарына шақырылады. Атыс полкіндегі жаттығулардан кейін майданға аттанған. Сталинград түбіндегі шайқаста алғаш рет жауға қарсы шығады. 43­ші жылы ұрыстардың бірінде жарылған снарядтың бөлшегінен жарақат алады. Госпитальда емделгеннен кейін әскерге қайта оралады. Курскіден Польшаға дейін жеткен. Жеңісті Берлин маңындағы Гюстров қаласында қарсы алады. Жауынгерлік ерлігі үшін Николай Медведев «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері және «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін Осакаров ауданына қайта оралды. 1946 жылы Пионер ауылдық кеңесі атқару комитетінің бірінші төрағасы болыпсайланады. Содан кейін көп жыл аудандық байланыс то­ рабында жұмыс істейді. Ар­ дагер жауынгерлік наградаларымен қоса «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарын да иеленеді. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай Николай Медведевке Осакаровка кентінің Құрметті азаматы атағы берілді.

Ал, соғыс жылдарында Украина майданындағы гос­ питальде медбике болған Анна Никаноровна «бір әскери медбикеге 400 жаралыдан келетін», деп еске алды сол зұлмат кезді.
– Әр күн жылға бергісіз ауыр болды. Түнімен ұйықтамай, енді көз іліне бергенде, жаралы жауынгерлер «сестричка, сестричка» деп шақырады. Біреуіне укол салсам, екіншісіне дәрі беремін. Бірі «жазылып кетемін бе?», – деп сұрайды. Майдангерлерді сабырға шақырып, оларға жылы сөздерімді аямаймын. Бір күні 25 жастағы танкист жігіттің кеудесіне ота жасалды. Ол отадан кейін сандырақтап, мені шақырып алып «анашым келіп еді, часовойлар жібермей тұр», – деді. Оның көңілін қимай, мен өткізіп беремін деп, анасын алып келген кейіп таныттым. Ол болса балаша қуанып, қолын созып: «Анашым, мен тірімін, жақында үйге келемін», – деді. Осы әсерлі естелігін айтқан Анна әжей көз жасына ерік берді.

Анна әжей Жеңісті Венгрияда қарсы алыпты. «Соғыс бітті дегенді естігенде қуаныштан бір­бірімізді құшақтап, үйге қайтамыз деп ойладық. Сонда командир «Жоқ, қыздар, біз әлі де бір жыл боламыз, жаралыларды қабылдаймыз», – деді. Осылайша соғыстан соң тағы бір жылды госпитальде өткердік», – дейді Анна әжей. Анна Котованың «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілуіне – 60 жыл», «Санитарлық қызметтің үздігі» медальдарымен, сондай­-ақ, мерейтойлық төсбелгілермен марапатталғанын да айта ке- тейік.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суретті түсірген А.МАРЧЕНКО.
ОСАКАРОВ ауданы

Басқа материалдар

Back to top button