«Ortalyq Qazaqstan»: 95 жылда не өзгерді?
«Орталық Қазақстанның» 95 жылдық тарихы газеттің әр буыны өз дәуірінің журналистикасын қалыптастырғанын көрсетеді. Бірі машинкамен жазды, бірі компьютерге көшті, енді бірі смартфонмен ақпарат таратып жүр. Бірақ, олардың барлығын оқырман алдындағы жауапкершілік біріктіреді. Кеше журналист газеттің ертеңгі санын ойлады. Бүгін ол оқырманға ақпаратты дәл қазір жеткізуді көздейді. Ертең журналистиканың қандай технологияға сүйенері белгісіз. Мүмкін, мәтінді жасанды интеллект дайындап, ақпаратты виртуалды кеңістіктен оқитын шығармыз. Бірақ журналистің ең басты сұрағы сол күйінде қалады: «Мен жазған ақпарат қоғамға не береді?»95 жыл ішінде қаламның түрі өзгерді. Қағаздың орнын экран басты. Ақпараттың таралу жылдамдығы еселеп артты. Журналистің құралдары көбейді.«Орталық Қазақстанның» 95 жылы – осы өзгерістердің өз алдына бір шежіресі. Газеттің сарғайған беттерінде кешегі күннің ізі қалса, бүгінгі беттерінде қазіргі уақыттың тынысы бар.

Қалам мен қойын дәптер дәуірі
Газет тарихының алғашқы кезеңінде журналистің жұмысы бүгінгіден мүлде бөлек еді. Тілші ауданға аттанса, қолында қойын дәптері, қаламы және редакцияның тапсырмасы болды. Байланыс құралдары шектеулі болғандықтан, тілші оқиғаның ортасына өзі барып, көргенін қағазға түсіретін.
Ауылға жеткен соң кейіпкерін іздейді, сөйлеседі, сұрайды, көргенін қағазға түсіреді. Телефонның арғы жағындағы адамға қайта хабарласып, бір деректі нақтылау мүмкін емес. Сондықтан, айтылған әр сөзді сол жерде жазып алу, санды шатастырмау, есімді дұрыс түсіру – журналистің өзіне жүктелетін жауапкершілік.
Редакцияға оралған соң да жұмыс аяқталмайтын. Мақаланы редактор қарайды, мәтін түзетіледі, машинкаға басылады. Бір сөйлемнің өзгеруі кейде тұтас бетке әсер ететін. Тілші жазды, жауапты хатшы материалдардың орнын белгіледі, беттеуші газет бетін құрастырды, корректор әр әріпке қайта үңілді. Содан кейін ғана газет баспаханаға кететін.
Бүгін бұл үдерістің көп бөлігі бірнеше сағатқа, кейде бірнеше минутқа сыйып кетті. Бірақ, сол кездегі журналистің жұмысына тән бір қасиет уақытпен бірге жоғалған жоқ. Ол – ақпаратты өз көзімен көріп, сөзді өз құлағымен естіп, жазғанына жауап беру.
Сондықтан, ескі газет тігінділерін ақтарғанда, сарғайған қағаздан бұрын сол кездегі журналистің ізін көргендей боласың. Оның қайда барғанын, қандай мәселені көтергенін, кімнің сөзін сөйлегенін тақырыптың өзінен-ақ аңғаруға болады. Ал, кейбір тақырыптар сол дәуірдегі журналистиканың мінезін бірден көрсетеді.
«Мінезді газеттің» мінбері
Кеңес дәуіріндегі, әсіресе өткен ғасырдың 50-80-жылдарындағы баспасөзге көз салсақ, газет бетінде жарияланған сынның өзіндік орны болғанын көреміз. Ол кездегі тілшілер мәселені айналып өтпей, кемшілікті нақты атап, жауапты мекемені де, басшыны да ашық көрсеткен.
«Советтік Қарағандының дабылынан кейін», кейіннен «Орталық Қазақстанның дабылынан кейін» деген айдарлардың тұрақты қолданылуы да осының бір көрінісі. Ескі сандардағы тақырыптардың өзі сол кезеңдегі журналистиканың тілін аңғартады.
«Киров көмір тресінің басшылары техникалық мәселелерді шешуге шорқақ», «Кітап көп, үй жоқ», «На шар басшылық неге әкеліп соқты» деген тақырыптар мәселені астарлап емес, бірден ашық қояды. Журналист оқырманға «мәселе бар» деп қана хабарламай, оның кімге қатысты екенін де көрсеткен.
Мәселен, 1950 жылы «Советтік Қарағанды» газеті Роза Бағланованың Қарағанды мен Теміртаудағы концертіне қатысты сын материал жариялады. Нәтижесінде концерттік бригаданың жұмысын ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың әрекетіне баға берілген. Әкімшілік қызмет атқарған Ю.Мозжухинге қатысты шара қолданылып, оның бұдан әрі, әкімшілік қызметке пайдаланылуына тыйым салынған.
Сол кезеңдегі баспасөздің мәселеге қалай қайта оралғанын «Бұл іске қашан мән беріледі» деген материалдан да көруге болады. «Советтік Қарағанды» көтерген бұл мәселеде Қу ауданындағы «Колхозшы» ерікті спорт қоғамының жұмысындағы кемшіліктер сөз болған.
Газет дабылынан кейін аудандық деңгейде тексеру жүргізіліп, комсомол комитеті мен денсаулық сақтау бөліміне кемшіліктер көрсетілген. Спорт ұйымдарына қажетті құрал-жабдықтар алу үшін қаржы бөлу және олардың жұмысына басшылықты жақсарту жөнінде талап қойылған.
Мұндай мысалдарды «Орталық Қазақстанның» ескі сандарынан әлі де көптеп кездестіруге болады. Бірінен кейін бірі жарық көрген сын материалдары сол кездегі редакцияның қоғамдағы мәселеге бейжай қарамағанын көрсетеді. Ең маңыздысы – журналист көтерген мәселеге жауап болған.
Жоғалған Һәм жаңарған жанрлар
Газет беттерін ақтарғанда журналистиканың құралдарымен бірге жанрлары да өзгергенін аңғаруға болады. Бұрын баспасөзде қазір сирек кездесетін жанрлардың өзіндік орны болды.
Соның бірі – фельетон. Қоғамдағы кемшілікті мысқыл мен уытты тіл арқылы сынаған бұл жанр автордан байқағыштықты, батылдықты және тіл шеберлігін талап етті. Оған жақын памфлет те қоғамдық мәселелерді өткір сынауға мүмкіндік берді. Бүгінде бұл екі жанр да баспасөзде сирек кездеседі.
Очерк – кейіпкердің өмірі мен мінезін терең зерттеп, бір адамның тағдыры арқылы тұтас кезеңді көрсетуге мүмкіндік берген жанр. Портреттік және сапар очерктері де кезінде кең қолданылды. Қазір очерктің кейбір элементтері арнайы жобаларда, тревел-журналистикада, деректі фильмдер мен мультимедиалық материалдарда көрінеді.
Сын мақала қоғамдағы, мәдениеттегі, әдебиеттегі және өндірістегі мәселелерді дерекпен талдап, кемшілікті ашық көрсетуге бағытталды. Қазіргі медиада оның көптеген міндетін талдамалық және сараптамалық мақалалар атқарады.
Редакциялық мақала арқылы газет белгілі бір қоғамдық мәселеге қатысты редакцияның ұстанымын білдіретін. Бүгінде оның орнын авторлық колонка, пікір және талдау сияқты форматтар басып келеді.
Репортаждың да табиғаты өзгерді. Бұрын журналист оқиға орнында ұзақ болып, деталь мен кейіпкер сөзін кеңінен берсе, қазіргі медиада ақпаратты жедел ұсыну маңызды. Кең тынысты репортаж көбіне арнайы жобалар мен мультимедиалық форматқа ауысты.
Сондай-ақ, публицистикалық хат, фельетондық корреспонденция, памфлеттік мақала сияқты аралас жанрлар болған. Бүгінде олар жеке жанр ретінде сирек қолданылғанымен, белгілері қазіргі журналистік материалдарда кездеседі.
Сондықтан, бұл жанрлар толық жоғалды деу дұрыс емес. Кейбірінің қолданыс аясы тарылса, енді бірі жаңа форматқа көшті. Мысалы, очерктің мүмкіндігін мультимедиалық жоба, ал, кең тынысты репортаждың міндетін мәтін, сурет, видео, аудио мен инфографика қатар қолданылатын материал атқара алады.
Журналистика лонгрид, фактчекинг, дата-журналистика, мультимедиалық репортаж, сторителлинг, подкаст сияқты жаңа форматтармен толықты. Бұл өзгеріс жанрлардың жай ғана алмасуы емес, қоғамның ақпаратты қабылдау тәсілінің өзгеруімен байланысты. Бұрын оқырман газетке уақыт бөліп оқыса, бүгінде ақпаратты бірнеше минут ішінде телефоннан қабылдайды.
Түйін
Барша осы өзгерістен «Ortalyq Qazaqstan» да қалыс қалған жоқ. Хал-қадірінше әр дәуірмен бірге жаңарып, уақыттың талабына бейімделіп келеді. Кеше газет бетіне шыққан ақпарат бірнеше күн бойы оқырманның қолында жүрсе, бүгін жаңалықтың жолы газетпен ғана шектелмейді. Сайт, әлеуметтік желі, видео, сурет – бәрі ақпарат жеткізудің жаңа мүмкіндігіне айналды.
Журналистің қолындағы құрал көбейді, жұмыс ырғағы жеделдеді, жанрлар жаңарды. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар. Ол – оқырманға керек ақпаратты іздеу, қоғамдағы мәселені көру және сол туралы жауапкершілікпен жазу.
Уақыт өзгереді. Ақпарат тарату тәсілі де өзгереді. Ертең журналистің қолында қандай құрал боларын, оқырман ақпаратты қай форматта қабылдайтынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ журналистің негізгі міндеті өзгермейді. Өйткені, технология ақпаратты жеткізудің жолын ғана өзгертеді, ал, оның қоғам алдындағы жауапкершілігін өздігінен атқара алмайды.
«Ortalyq Qazaqstan»-ның 95 жылы – осы өзгерістердің шежіресі. Кешегі журналистер өз дәуірінің сөзін қалдырды. Бүгінгі буын сол тарихты жалғастырып келеді. Ал, ертеңгі журналистер «Орталық Қазақстанның» келесі тарихын жазады.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



