Халық Конституциясы

Білімге берілген жаңа басымдық

Елдің болашағы бүгін мектеп қабырғасында қалыптасады. Бүгінгі сыныпта отырған бала – ертеңгі ғалым, инженер, ұстаз, дәрігер немесе ел тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан білімге жасалған әр қадам – мемлекеттің ертеңіне жасалған қадам. Жаңа Конституцияда адам капиталы, білім, ғылым мен инновацияның стратегиялық бағыт ретінде бекітілуі де осы ақиқатты айқындай түседі.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Конституцияда азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілген. Бастауыш және негізгі орта білім алу міндетті. Сонымен қатар, мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Бұл талаптар елдегі білім сапасына ортақ негіз қалыптастыруға бағытталған.Құжатта білім беру жүйесінің зайырлы сипаты да нақтыланған. Осылайша, Ата Заң азаматтың білім алуға деген конституциялық құқығын бекітіп қана қоймай, білім беру кеңістігінің негізгі қағидаттарын айқындайды.

Бүгінде білім беру саласының алдында заман талабына сай маман даярлау міндеті тұр. Цифрландыру, жасанды интеллект, жаңа технологиялардың дамуы мектеп пен жоғары оқу орындарындағы білім мазмұнына да жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан, оқушыға тек дайын ақпарат беру жеткіліксіз. Оның сыни ойлауын, шығармашылық қабілетін және жаңа білімді өздігінен меңгеру дағдысын қалыптастыру маңызды.

Ал, ғылым мен инновацияның Конституцияда стратегиялық бағыт ретінде көрсетілуі білім мен ғылымның өзара байланысын күшейте түседі. Ғылыми ізденіс пен жаңа технологиялар ел экономикасының дамуына, өндірістің жаңғыруына және жаңа кәсіптердің қалыптасуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасындағы білімнің өзі мемлекеттің болашақ әлеуетімен тікелей сабақтас.

Білімнің конституциялық деңгейде айқындалуы педагогтерге де, білім алушыларға да жаңа жауапкершілік жүктейді. Сапалы білім беру үшін заманауи инфрақұрылыммен қатар білікті маман, қолайлы орта және қоғамның қолдауы қажет. Бұл ретте ұстаз еңбегі мен мұғалімнің кәсіби әлеуеті ерекше мәнге ие.

Жаңа Конституциядағы білімге қатысты нормалар – болашаққа бағытталған маңызды бағдар. Өйткені бүгінгі оқушы – ертеңгі маман, ғалым, инженер, дәрігер немесе ұстаз. Оның білімі мен білігі елдің келешектегі мүмкіндігін айқындайды.
Сондықтан білімге салынған инвестиция – ең алдымен адамның және мемлекеттің болашағына салынған инвестиция.

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Back to top button