Бас тақырып

Кәсіп жүргізудің қыр-сырын үйретеді

«Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осыған орай нақты шаралар қолға алынды. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43%-дан асты. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр».

Президент Қ.ТОҚАЕВТЫҢ «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру шаралары мен құралдары» атты іс-шарадағы арнайы бейнеүндеуінен.

Болашақ кәсіпкер түгілі бұрыннан кәсібін дөңгелеткен бизнесмен де қателікке бой алдырып жатады. Көбіне ұтып алған грантты өзім білемге салып, оңды-солды шашатындар да бар. Дегенмен, кәсіп ашамын деп шоқ басқан, білместіктен соттасқандар саны азайып келеді. Өйткені, бүгінгі күндері жер-жерде ақылы немесе тегін курстар, орталықтар көбейген. Соның бірі жақында ашылды. Айтпақшы, бұл жерде аруларға көмек беріледі. Ол – Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы…

Былтыр Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бас қалада «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру шаралары мен құралдары» атты іс-шара өткен болатын. Сол уақытта Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия арасында үшжақты меморандумға қол қойды. Басты мақсат – Қазақстанның барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында жұмыс істейтін 17 орталық құру көзделген болатын. Бұл жоба да жүзеге асты. Бастама Азия Даму Банкінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қаражаты есебінен қаржыландырылады, ал «Атамекен» ҰКП бастаманы жүзеге асыруда. Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының жанында ашылған орталыққа бас сұқтық.

– Қарағанды қаласында 2015 жылы кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылған болатын. Мұнда кеңесшілер жұмыс істейді. Бұл жерде – кәсіпкерлікпен айналысам деген азаматтарға, кәсібін жүргізіп отырғандарға түрлі ақпарат беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіріледі. «Несиені қалай алуға болады? Грант кімдерге беріледі? Субсидия талабы қалай?» деген сұрақтарға жауап аласыз. Кәсіпкерлер палатасының бөлімшелерінде кәсіпкер болам деген азаматқа құжаттарды дайындауға, бизнес жоспар жасауға көмектеседі, облыс орталығында маркетолог, заңгер ЖК, ЖШС ашып береді. Құжаттар дайындауға көмектеседі. Биыл бізде арнайы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қаржылық емес көмек көрсету бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл орталықта тек арулар кәсіпкерлікті жан-жақты оқиды.

– 15 наурыздан бастап жұмысқа кірістік. Аталған орталықтардың қызметі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің қағидасына негізделіп құрылған. Оған Кеңестің қыз-келіншектердің кәсіптегі бастамаларын дамытуда барынша өзара көмектесу сынды ұстанымы негіз болды. Мұнда бизнес жүргізу бағыты курстарынан мағлұмат беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретеміз. Бізде ментор жұмыс істейді. Ол кісі әйелдерді кәсіптің қыр-сырына оқытады. Алғаш келгендер анкета толтырады. Осы анкета бойынша 10-15 адамды топтарға бөліп түсіндіру, оқыту курстарын осы ментор жүргізеді. Сәуір айында ментор жеті оқу курсын өткізді. Бір адам әр өткен оқуға қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырына үңіле түсуіне болады. Өйткені бәрі тегін. Мысалы, бізден кез келген жеке тұлға кеңес ала алады. Ол кісі міндетті түрде кәсіпкер болмаса да болады. Оқыту бізде екі форматта, яғни облыс орталығында офлайн, ал, аудандарда онлайн жүргізіледі. Бүгінге дейін 17-59 жас аралығындағы 600-ден астам қыз-келіншектер бізде сауалнамадан өтті. Алғашқы топқа SMM курсы тегін оқытылды. Ал, бірнеше адам 26-27 мамырда астанада өтетін әлеуметтік кәсіпкерлік оқуына жіберіледі. Кейін бұл оқытулардың нәтижесі шығарылады, – дейді Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жетекшісі Арайлым Серікбай.

Кәсіпкер боламын деген ниетпен келген әйелдердің WhatsApp-та арнайы чаты бар. Яғни, бұл чатта мемлекеттік және мемлекеттік емес несие, гранттар, оқулар, ақылы курстар туралы мағлұмат аласыз.

– Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарында қызметтің 7 түрі ұсынылады: кеңес беру, өзекті мәселелерді және әйелдердің қажеттілігін анықтау, кәсіби дағдыларды дамытуға арналған оқыту қызметтері, кооперация, әлеуметтік-кәсіпкерлік және инвестиция тарту, бизнесті бағалау және тәлімгерлік, әйелдерге әртүрлі жобаларға қатыса алатыны жайлы ақпарат ұсыну, керек-жабдықтарды шығарушы компаниялардан кеңес алуды ұйымдастыру сынды бағыттар қарастырылған, – дейді Арайлым Талғатқызы.

Соңғы статистикаға сүйенсек, еліміздің кәсіпкерлік саласында жүргендердің 50%-ына жуығы – қыз-келіншектер. Бүгінде іскер ханымдардың еліміздегі кәсіпкерліктің және ел экономикасының дамуына қосып отырған үлесі зор. Жоғарыда айтылған, жақында ғана ашылған Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының да осы үдеден шығатынына сендік…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button