Басты тақырыпЖаңалықтар

Наурызды киіз үйден шығарайық…

  Тамырсыз тастың өзі жан біткендей кейіпке енетін кез – Наурыз мейрамы шын мәніндегі жаңа жыл екеніне есі дұрыс қазақ күмән келтірмесе керек. Наурыз айының 22-сінде күн мен түннің теңелетіні өз алдына, бұдан былай қараңғыны жарық, суықты жылылық жеңіп, бір Алланың қалауымен жер-дүние жасарып шыға келеді. Ендеше, Құдай күнін беріп тұрғанда жаңа жылды қарсы алып, тойламай не көрініпті?

Наурыз сөзі жаңа күн деген мағына беретінін бәріміз білеміз. Жаңа күнмен бірге жаңа жыл келеді. Орыстың бір білгіші өздерінің отандық арнасына сұхбат беріп отырғанын ғаламтордан көргенім бар-тын. Аты-жөні есімде қалмапты. Сұхбатта сөйлеп отыр­ған әлгі ұлты орыс бола тұра, «біздің жаңа жылды қаңтар айында келеді деп, осы айдың бірінен бастап қарсы алып жүргеніміз – ақылға сыймайтын күлкілі жағдай. Бұл күн – христиан дініндегілер үшін мереке шығар, алайда, жыл маусымдарының табиғи жыл алмасуы бойынша жаңа жыл март айының 20-нан кейін келеді» дегені есімде қалыпты. Мұнымен мен елімізде жалпыхалықтық сипат алып кеткен шырша тойын жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Мәселе – біз Нау­рыз мейрамын жаңа жыл ретінде емес, шығыс елдерінің мерекесі, я болмаса, Түрік халықтарымен бірге Қазақ елі ғана тойлауға тиіс мереке деп ұғуымызда. Ұлыстың ұлы күнін жалпыхалықтық емес, тек өзімізге ғана тән ұлттық мереке танытып, жыл сайын бір-ақ рет тамашалайтын жәдігер ретінде киіз үйге тығып тастауымызда әңгіме. Құдды біз шапан, бөрік киіп, киіз үйге кірмесек, Наурыз келмейтіндей. Ұлттық киімдерімізді заманауи үлгіде тіктіріп, күнделікті өмірде киіп жүрсек қой деген ешкім жоқ? Біз оны етек-жеңін желбіретіп дәл сол ұлыс күні кигендіктен, жас ұрпақ Наурызды қазаққа ғана тән ескі мейрам деп қабылдайды. Сөйтіп, жыл басы Наурызды халыққа жаңа жылдан гөрі, қазақтың ескі дәстүрлерінің бірі ретінде көрсетіп жүрген өзіміз.

Қалада өскен қазақтың бір баласы киіз үйді көріп, таңданысын жасыра алмай, «наурызды қараңдар» депті. Жоғарыдағы әңгіме ауыздан ауызға тарап кеткен осы анекдоттан туып отыр. Наурыз, яғни, жаңа жыл – бөрік пен шапан, саптама етік киіп, киіз үйден шыға салып, көкпар тартып, қыз қуу ғана емес. Біз ұрпақ санасына қазір солай сіңіріп жатырмыз. Иә, мал баққан көшпелі қазақ ертеде солай тойлады жаңа жылды. Өйткені, ол – еліміздің сол кездегі өмір сүру қалпы еді. Қазір біз осы құндылықтарымызды жандандыра отырып, жыл басын заманауи үлгіде тойлауға көшуіміз керек сияқты. Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызды ендігі ұрпақ шын мәніндегі жаңа жыл екенін сонда түсінбесе, қайдам?! Егер еліміз бұдан былай жаңа жылды заманына қарай жаңаша тойлай бастаса, бірте-бірте шырша тойы да кейіндеп қала берер… Бұл өзімізге келгенде, әрине. Иса пайғамбардың соңынан ерген исі христиандықтарда әуел баста шыршаны қазіргідей қызылды-жасылды безендіре алмаған шығар. Ол баста аспанға отшашулар атпағаны да анық. Заман дами келе уақытқа сай көріктендіріп жіберсе керек мерекелерін. Ал, аяз ата, ақша қарға келсек, қазақ танымындағы Қыдыр ата мен Қарша қыз да балаларға сыйлық жасай алар еді ғой.

Жасыратын несі бар, біз бала күнімізде мектепте аяз ата мен ақша қардың қоржынынан кәмпит жеп өстік. Әйтпесе, жаңа жылды итім біліп пе? Қазір жағдай тіптен жақсы. Биыл төрге тауық жылы қонады. Ұлыстың ұлы күні тауыққа тары сепкендей қылмай, балаларға бағалы сыйлық таратуды да ұмытпайық. Халықтың мерейі періште сәбилердің ақ тілеуімен өссе керек.

Тауық жылы тауымыз шағылмасын!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button