Бас тақырып

Партия төрағасы сайланды

Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезінің шешімімен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бірауыздан партия Төрағасы болып сайланды. Съезге бейнеконференцбайланыс режимінде ел басшылығы, Саяси кеңес мүшелері, аймақтық филиалдар өкілдері, депутаттар мен үкімет мүшелері қатысты. Бұл туралы Nur Otan партиясының ресми сайтында жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты партия Төрағасы ретінде сайлауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсыныс енгізді. Ал, партия мүшелері болса бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Өзіне осындай жауапты міндетті жүктегеніне алғыс білдірген Ел Президенті: «Nur Otan партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс. Осы міндетті атқаруды маған ұсынып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін» деп, қаңтар айында болған қайғылы оқиғаларға да тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан былай мұндай қасіретке жол берілмейтінін, ал, сын-қатерге халық бірлігінің арқасында ғана төтеп бере алғанын жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өзінің ашық әрі адал саяси бәсекелестіктің кепілі болатынын, ал, міндеті – биліктің барлық тармағының келісіп әрекет етуін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету екенін жеткізді.

– Бұл жағдайлар Президенттің кез келген партиялар мен қозғалыстардың қызметінен алшақтауын болжайды. Сондықтан, біраз уақыттан кейін, мүмкін, осы жылдың соңына қарай, менің Nur Otan-ға одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз, – деді ол.  

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button