Қарағанды облысында #Ұлттағамдары челленджі өтті
Қарағанды облысы аумағында Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында #Ұлттағамдары челленджі өткізілді. Бір апта бойы этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық тағамдарды дайындап, әлеуметтік желілерге бейнероликтерін жариялады. Содан соң дайындаған тағамдарын блок бекеттерге немесе мұқтаждарға апарып берді.
Челленджге Қарағанды, Жезқазған, Сәтпаев, Қаражал, Шахтинск, Теміртау және облыстың басқа қалалары мен аудандарының этномәдени бірлестіктері қатысты.
– Биылғы жыл ерекше: біз бірге жиналып, әдеттегідей ән шырқай алмадық. Бірақ біз тағамдарымызды дайындап, рецепттерімізбен бөлісе алдық. Сондықтан, менің ойымша, челлендж идеясы өте қызықты болды. Біз оған қуана қатыстық, – дейді облыстық Тарас Шевченко атындағы «Рідне слово» украин тілі қоғамының төрағасы Зеновия Красивская.
Ол шие және картоп қосып, дәстүрлі украин варениктерін дайындады. Дәмді тағамның басты құпиясы – жұқа қамыр және пісіру уақыты.
– Жидектер, сүзбе немесе картоптан болсын жасалған салма алдын ала дайындалатындықтан, қамыр жұқа болса, оларды ұзақ уақыт пісірудің қажеті жоқ. Варениктерді сақырлап қайнаған суға салады, және бір қайнаған бетте оларды бірден шығарып алу керек, әйтпесе езіліп кетеді де, ішіндегі салмасы ағып кетуі мүмкін, – дейді Зеновия дайындау құпиясымен бөлісе отырып.
Сәтпаев қаласының «Рухани, қоғамдық және ұлтаралық келісім орталығы» КММ директоры Гүлнәз Гатиятова және «Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының мүшесі Анита Гатиятова мерекелік кош теле деп аталатын тәтті тағамымен бөлісті.
– Бұл – жұқа, қытырлақ, тәтті нан. Классикалық рецепт бойынша қамырға тек жұмыртқа, ұн, тұз және қант қосылады. Қамыр қытырлақ және қуырған кезде томпаюы үшін біз бір ас қасық арақ қосамыз. Содан кейін дайын десертке қант ұнтағын себіңіз, – дейді аспаздар.
Сәтпаев қаласының Корей этномәдени орталығының бастамашы тобының төрайымы Эльза Цхай челлендж кезінде пигоди мен фунчоза дайындады.
– Мен алғаш рет фунчозаны салат емес, екінші ыстық тағам ретінде көрдім. Ол осылай дайындалады: алдымен қайнатқанда кеспе өзі суланады. Содан кейін көкөністерді – қырыққабат, баклажан, үш түрлі бұрыш себу керек. Дәмдеуіштер – сарымсақ және кориандр. Содан кейін көкөністерді кеспемен араластырып, жылы күйінде жейміз, – дейді Эльза Цхай.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Грейчутте ерекше және тойымды литвалық сорпаның рецептін ұсынды.
Крем-сорпаның негізгі құрамы – саңырауқұлақтар. Кептірілген және балғын шампиньондар қажет. Дәмі кілегейлі болуы үшін сорпаға балқытылған ірімшік қосылады. Қарағанды облысының ҚХА-ның Instagram-дағы @ank_karaganda парақшасында бейне рецепттің толық нұсқасын табуға болады.
#Ұлттағамдары челленджіне барлығы 100-ден астам адам қатысты. Рецепттер бар жарияланымдар көптеген оң пікірлер жинады.
Оларды Instagram-да #Ұлттағамдары хэштегі арқылы көруге болады.