Бас тақырыпКөкейкесті

«Зиялы» деп жүгінер кім бар?

Елдің ел болып қалыптасу кезеңіне сай билікпен қатар даму жолында аянбай атсалысар тағы бір күш бар. Ол – сол заманның зиялы қауым өкілдері. Зиялы қауым бұл ұлт заңына сай халықты бастар арнайы топ. Зиялысы жоқ қоғам – болашағы жоқ қоғам. Сонау әлімсақтан бері зиялылық – ұлттық мүддеге қызмет ету. Қазақ тарихы мұндай кейіпкерлерден кенде емес. Ертедегі билер мен жыраулар, ақсақалдар алқасын қосыңыз. Одан бері Алашорда салған сара жол бар. Бертін келе Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ, Жұмабек ТӘШЕНОВ, Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ қайраткерліктің кесек көрінісі. Олар ұлттық мүддені жеке басынан жоғары қоя білді. Бүгінгі биліктің жөні басқа, десек те, ұлы Абай тап қазіргі қазақ қоғамына қарап не дер еді?…

Әрине, Абайдың дәуірі басқа. Ол шақ билік құрған үстемдікке қарсы айбалтасын жасырмаған ашық соғыс еді. Ол кездегі қазақ пен бүгінгі қазақтың айырмасы жер мен көктей.

Асылында, бүгінгі қазақ қоғамы алдыңғы қатарлы ғаламдық техника мен технологияның иесі әрі пайдаланушысы. Түрлі тілдерді меңгерген инновациялық әлеуеті артқан ғылымдар отаны. Бірақ, бар мәселе осымен шектеле ме? Мәселе, тіпті, заман өзгерісінде емес, ұлттық болмыста жатқандығын бүгінгі күні түсіну қиын емес шығар. Әрине, заман өзгерді. Заман өзгерісіне сәйкес заң да, қоғам да өзгерді. Бірақ, ұлттың бұрынғы айбындылығы, бұрынғы жанкештілігінен не қалды? Өткеннің еншісіндегі жасампаздықты жағымпаздық, бәсекелестікті бақталастық жеңіп кетті ме қалай?! Ел болып саралар мәселелердің құны желі арнасындағы арзан талқылаудан артылмай қалды. Қарапайым балалардың ойын алаңы, балабақшаға баласын берген ата-ана қорқынышы, қоғамдық көліктердегі көзге қораш көріністер, кешегі қашып-пысқан тойдың әуресі. Осының бәріне тосқауыл қояр билік пен халық арасында алтын көпір болар ақсақал қайда? Жатып алып, біржақты пікірмен билікті кінәлаймыз. Билікке жүйелі жеткен сынның міні түзеліп-ақ жатыр. Ғасырларды қамтып Еуразия континентіндегі саяси-экономикалық үрдісті өзгертіп, Ұлы Жібек жолын жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстап, білімін де тоғыстырған Лев Гумилевтің тілімен айтқанда, «пассионарлық бабаларымыздан» не қалды? Биліктің ғана шоқпарын соғып, біржақты пікірмен ел мүддесінен ауытқып кеткені ме?

– «Қазақ сөздігіне» қарасам, біріншіден, зиялы – оқыған, сауатты азамат, интеллигент. Екіншіден, парасатты, озық – депті. Бұған сүйенсек, қазақ жұртының кем дегенде, жартысы зиялы болып шыға келмек. Меніңше, зиялы болу үшін бұл жеткіліксіз. Бұларға қоса ұлтын сүйетін, соның мұраты жолында жеке басының мүддесін ысырып қоятын кемел қасиеттер де болуы керек. Осы өлшеммен алсақ, қазір «зиялым» деп жүгінетін адам аз. Сол аздың өзі айнымалы, табанының бүрі жұқа. Бүгін зиялы дегенің ертең-ақ, тастаған сүйек пен тағатын сылдырмаққа сатылып кетіп жатса таң қалмайсың. Өз басым, нағыз зиялылықтың үлгісі – тарихта терең із қалдырған Алаш арыстары деп білем. Сондықтан, алдына жүгіне қоятындай біртуарды дәл қазір көріп тұрған жоқпын, – дейді ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Абзал Бөкен.

Дәл қазіргі біздің басқару жүйеміз жайлы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауының IV яғни «Өңірлік саясатты жетілдіру» тармағында:

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр.

Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ, әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді.

Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді.

Бұл, негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді», – деген.

Мемлекет басшысының бұл Жолдауынан ұққанымыз – басшы қауымды емес, қауым басшыны таңдауы шарт. Сонда қоғам түрлі хаостан ада болмақ. Халқының пікірімен санасқан мемлекеттің ұзақ жасарын кешегі Шыңғыс әулеті де мойындады емес пе?

Осындайда кешегі тар жол тайғақ кешкен тар заманның тұлғалары оралады еске. Мемлекет пен қоғамның күрделі кезеңдерінде түрлі тарихи процестер мен себептер нәтижесінде ұлттың өзін-өзі құтқару функциясы іске қосылып бір немесе бірнеше тарихи тұлға пайда болады. Өткеніміз мұндай тұлғаларға ерекше бай болды. Өйткені, ұлт пен мемлекеттің жойылу қаупі жоғары болатын. Бұл тұлғалар да тарихи кезең талаптары мен қаупіне сәйкес саясат сахнасына шықты. Тың және тыңайған жерлерді игеру желеуімен Қазақстанды әлемдік картадан жоюды көздеген Хрущев саясатына қарсылық ретінде елдің тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшеновтей батыр тұлғаны қазақ әдебиетінің тарихын тек кеңестік дәуірмен шектеген идеологияға қарсы шығып, ұлттық тарихты сан ғасырларға жетелеген профессор Бейсенбай Кенжебаев сынды белді ғалымды, ұлттың жәдігерін сақтап, ұлттық болмысты түсінуге ерекше еңбек сіңірген Өзбекәлі Жәнібеков сынды мемлекет қайраткерін тарих сахнасында жарқ еткізді. Қоғам мен мемлекет тәуелсіздігіне түрлі қатерлер төніп тұрғанда, қоғамдағы ойдың негізгі бөлігі зиялы қауымның өз миссиясын дұрыс түсінуіне байланысты екен. Ал, енді бүгінгі зиялы қауымға анықтама беріп көрелік.

Әдетте, зиялы қауымның негізгі ерекшелігі ретінде ой еңбегін айтады. Алайда, ой еңбегімен айналысатындардың барлығын зиялы қауым өкілдері деп айтуға бола ма? Ой еңбегінің негізгі көрінісі не? Ғылыми атақ, даңқ па? Иә, бәлкім солай да шығар. Онда еліміздің зиялы қауымының саны жыл өткен сайын артуда ғой. Шүкір дейік ғылым докторы, ғылым кандидаты, докторлық дәрежесі бар адамдардың саны бойынша еліміз әлемдік лидерлердің қатарында. Бізге керегі осы ма? Күмән бар, пікір жоқ. Бұған жеке адамды немесе жекелеген әлеуметтік топты кінәлауға немесе мінеуге болмас. Бұған тұтастай қоғам кінәлі болар. Бірақ, қоғамның дамуында өзге әлеуметтік топтарға қарағанда зиялы қауымның жауапкершілігі басымырақ.

Өкініштісі екінің бірінде ой еркіндігі отбасы-ошақ қасымен шектеледі.

Зиялылық отбасылық немесе асханалық батырлықтан аспайды. Зиялы қауым өз заманындағы билікті қолдаған күннің өзінде оған негізді дәйек іздейді. Әрі билікке сырт көзбен қарайды. Ежелгі замандағы сарай ақындарының өздері патша саясатын сынай келіп, оның ақталатын ұтымды тұстарын өз көзқарасы бойынша сипаттаған. Саяси позициясында олар биліктің де, халықтың да ығына жығылмай, ортақ ымыраны көксейді.

Ал, жоғарыда қойылған сауалды қайта жаңғыртайық. Қазақстанда зиялы қауым бар ма? Бұған жоқ деп жауап қату – орынсыз болар. Бірақ, өзінің қоғамдық функциясын толыққанды атқара ма зиялы қауым? Тұралауды тұрақтылық деп түсінбей, ұлтшылдықты фашизмге телімей тұрғанда билік пен халық мүддесін тең ұстар зиялы қауымның үні ауадай қажет. Ол үн халықтың саяси мәдениетін қалыптастыруда да, еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуы үшін де қажет.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button