Руханият

Тыңдарманын тапқан тың туынды

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің түлегі, әнші Мәди АХМЕТҚОЖАНЫҢ орындауындағы «Жалған-ай» әнін тыңдағандарыңыз бар ма? Тыңдаған болсаңыз сай сүйегіңіз сырқырап, жаныңыз тебіренгені анық. Елімізде орын алған қаңтар қасіретінен кейін қайғылы оқиғаға қатысты әлеуметтік желідегі бейнежазбаларға арқау болған ән, қазір көптің құлағына майдай жағып, жан жарасына ем болғандай.

«Мәдидің әні» деп желіден жиі жүктеле бастады осы бір ән. Қаралымы да қара үзді өзге әннен. Ән ерекшелігі дер кезінде дүниеге келгендігі деп айтсақ артық болмас. Өмірге жаңа келген өнердің бірден өзгеше қарқынмен өркендеуі әлеумет ахуалының салауаттылығына байланысты болар. Қоршаған ортасына, заман талабы мен уақыт қажеттілігіне жарауға шығармашыл адам қашанда құмбыл. Сол кезеңнің тұншыққан ойы оны жігерлендіріп алға жетелеумен ақыры көкейдегі өрбіген өрнек пен қарым-қабілеті қалай да жемісін береді. Бірақ, бұл тұста әннің шығуына орын алған оқиғаның тікелей қатысы жоқ. Себебі, ән бұдан бұрын шыққан екен. Тек осы бір ел басына туған күннің қасіреті әннің тез танылуын арттырған.

– Ең алдымен бұл туындының әні жарық көрді. Әннің айтар ойы мен талғампаздығы өзін ашатын сөзін тауып тыңдарманға жол тартты. Тұтастай халыққа кеңінен танылған әр әннің шығу тарихы бар. Бұл әнге сөз жазар кезде өзімнің де жаным қиналып, қолдың қысқалығына налып жүрген болатынмын. Бұрынғылар айтқандай «бұл жалғанның бес күндік екені» ақиқат қой. Соны ашып тұрған осы бір шығарманың ел жүрегінен орын алғаны қуантады. Десек те, ел жадында енді бұл ән мәңгі қасірет жаршысы болып қалатын сияқты, – дейді әннің сөзін жазған авторы Ардақ Елеусіз.

Бұл әнге сөз жазған автордың пікірі. Енді сазгердің пікірі де осы ақын сөзін ары жалғағандай. Жалпы, ән мен сөз бірін-бірі толықтырып тұрғаны анық. Әнді тыңдап отырып, ақынның қаламы жүрексінбеген кей ойын әннің мақамы жеткізгенін ұғамыз.

– Әннің мәтініне назар салсаңыз «Күңіренген күз» деп тұрғандай. Ән де сол күз мезгілінің аязға ұласқан шағында дүниеге келді. Рухани таршылық көріп, күнделікті тірліктен шаршаған шақта осы ән туды көкейден. Ән өзіне керек мәтін мен соған сай орындаушысын тауып, қоғамға дәл керек шағында жарыққа шықты деп есептеймін. Бұдан ерте не кеш шықса бәлкім бұлай танылар ма еді, – деп түйді өз ойын сазгер Біржан Әлкеев.

Бұл ән жоғарыда айтқанымыздай кешегі келеңсіз жайттардан бұрын дүниеге келген. Тек ән тағдырына осы оқиғаға жаршы болу жазылған екен. Дүниеге келген әр туындының өз миссиясы бар. Сол секілді бұл ән де өз миссиясын шегіне жетіп орындаған сияқты. Бүгінгі қазақ эстрадасындағы жалаң сезімнің жетегінде кетіп, тап қазір хитке айналып, артынан тез ұмытылатын көп әннен табиғаты да өресі де биікте тұр-ау шамасы. Расында, ән әлеуметтік желіні ашсаңыз көзіне жас алып, жылаған қария көрінісінің, баласын соңғы сапарға аттандырған ана қасіретінің тілі ме дерсің…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button