Бас тақырыпОблыс әкімі

Шахтинск қаласында бос тұрған үйлер жөнделеді

 Шахтерлер шаһарына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғын үй мәселесін шешу бағытындағы жоспармен танысты.

Жаңа үй құрылысымен қатар, жергілікті билік тоқсаныншы жылдары бос қалған көпқабатты үйлерді қалпына келтіруді көздеп отыр. Қалада мұндай үш үй бар.

– Біз техникалық қорытынды алдық. Оларды қалпына келтіруге болады. Екі үй бойынша меншік иесін анықтау жұмыстары жүргізілді. Содан кейін коммуналдық меншікке рәсімдедік. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазір жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, – деді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.

Абай даңғылындағы тоғыз қабатты бос үйдің құжаттарын ресімдеу шаралары жалғасуда. Кейін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді.

Шахтинск қаласында тұрғын үй алу кезегінде 1646 адам тұр. Бұлардың арасында 46 көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж. Бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі.

Сонымен қатар, Шахтинск қаласында жаңа үйлер салынады. 2020 жылы бес қабатты 60 пәтерлі үйді тапсыру жоспарланған. Алдағы уақытта тағы бір көпқабатты үйдің құрылысы жоспарлануда.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Шахтинсктеплоэнерго» ЖЭО-да болды. Өңір басшысы қаланың жылыту маусымына дайындығын тексерді. Станцияны жаңғырту мәселесі талқыланды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button