Тарихты тануға талпыныс: Бұқар Жырау ауданының мемлекеттік мұрағатында ашық есік күні өтті
Қазақстанда “Архив және болашақ ұрпақ” республикалық жобасы басталды. Оқушылар мен студенттер туған өлкесінің және ел тарихын архивтік құжаттардан тереңірек біле алады. Мұрағатта оқушыларға саяси қуғын-сүргін құрбандары, жастар қозғалысының дамуы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы және т. б. құнды деректермен танысуға мүмкіндік берілді.
Қарағанды облысында Бұқар Жырау ауданының мемлекеттік мұрағаты жобаны алғашқылардың бірі болып қолдады. Ашық есік күніне Ботақара кентінің жоғары сынып оқушылары мен мектеп мұғалімдері қатысты. Келушілерге мұрағат қоймалары бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, архив қызметкерлері тарих сабағын өткізді. Қатысушылар аудан тарихының түрлі кезеңдерін бейнелейтін деректі материалдар мен фотосуреттер көрмесін тамашалады.
Оқушыларға аудандық мұрағаттың тәуелсіздік жылдарындағы қызметі туралы фильм көрсетілді. Сонымен қоса, “Сен өз кентіңнің тарихын білесің бе?” атты викторинаға қатысып, сұрақ-жауап алмасты.
Өз тілшімізден.