Ветеринарияға қамқорлық қажет

Тоқырау жылдарында өзге салалармен бірге ветеринарияның да құлдырағаны жасырын емес. Әркім өз қайғысымен тұс-тұсқа тарап кеткенде ондаған жылдар бойы іргетасы берік қаланған саланың тоз-тозы шықты. Ветеринар мамандарды дайындайтын оқу орындарына деген сұраныс азайды. Қазір заман түзелді, тиісінше, ветеринария саласы да еңсе көтере бастады. Дегенмен, әлі де «әттеген-ай» дегізер мәселе жеткілікті.

Мал шаруашылығы мамандарын дайындайтын маңдайалды білім орындардың бірі Қарқаралыда орналасқан. Тоқсан жылдық тарихы бар М.Әдекенов атындағы ауыл шаруашылығы колледжі ветеринария мамандарын дайындауда алдыңғы қатарда келеді. Әуелде Жер-су Халық комиссарының бұйрығымен бір жылдық мал шаруашылығы мектебі негізінде құрылып, кейін Қарқаралы зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына айналды. Мыңдаған түлек қанат қаққан оқу ордасына мен 1967 жылы қабылдандым.

Ол кезде техникумның ветеринария мамандарын дайындайтын негізгі оқу корпусы қазіргі Әуезов көшесіндегі қосқабатты, барак типтес ғимаратта орналасса, оның қарсысындағы екі қабатты ғимаратта болашақ зоотехниктер оқитын. Және техникумның кітапханасы орналасты. Техникумның стадионы, спорт залы, шағын жатақханасы болды. Қажетті жағдаймен толық қамтылғандықтан әрбір студенттің өзінің ұнатқан спорт түрімен айналысуына мүмкіндігі болды. Техникумда спорттың, оның ішінде, еркін күрестің жандануына Қарқаралы өңірінен шыққан алғашқы еркін күрестен КСРО спорт шебері Ж.Татиев ықпал етті.

Сол жылдары техникум ветеринария фельдшері, зоотехник, зоотехник-ветеринар дайындайтын. Теориялық білімді практикада – техникумның қосалқы шаруашылығында немесе совхоздарда жалғастыруға баса көңіл бөлінетін. Студенттер кезекпен 7-10 күнге ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге жіберілетін.

1968 жылдың күзінде техникум жаңа ғимаратқа көшіріліп, ал, біз 1969 жылдың 11 сәуірінде мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырып, ветеринария фельдшері болып шықтық.

Еңбек жолымды «Қарқаралы» совхозының №1 бөлімшесінде ветеринар фельдшері ретінде бастадым. Кейін аудандық мал ауруларымен күрес стансасында эпизоотиялық бөлімнің дезинфектор маманы болдым. Техникумда алған білімнің арқасында жұмыста аса қиналған жоқпын. Сондықтан да, техникумда білім берген ұстаздарымды – Н.Журавлева, Э.Оденбах, Т.Иванова, С.Караваев, Т.Караваеваны ұдайы ризашылықпен еске алып отырамын. Ұстаздарымның арасында сол кезде институттан жаңа келген жас маман Л.Денисенконың хирургиядан сабақ беру тәсілдеріне ерекше тоқталғым келеді. Хирургия сабағында екі студент кезекші болатын. Міндеттері – сабаққа жараланған итті немесе мысықты алып келу. Сол жануарлардың операция жасалатын жерін дайындау, жараның сипатына байланысты әртүрлі әдістермен тігу, гипс, лангет салу сияқты түрлі тәсілдерді көрсететін. Бұл тәжірибе кейін шаруашылықта тығырықтан шығуға көп көмектесті. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында оқығанда арнайы пәндерді меңгеруде де еш қиындық тумады. Техникумның білімінің арқасында институтты 1976 жылы ойдағыдай бітіріп, ветеринария факультетінің ғылыми кеңесінің ұсынысымен Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институтына профессор Д.Новак жетекшілік ететін ауыл шаруашылығы малдарының туберкулезін зерттейтін зертханаға аспирант болып қабылдандым. 1985 жылы – кандидаттық, 2014 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. Кейін доцент, профессор атақтарын алдым.

Кейін техникум Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжі аталып, көрнекті ғалым, қой шаруашылығын өркендетуде жаңалық енгізген Мыңжасар Әдекенов есімі берілді.

Таяуда Қарқаралы қаласына жол түсіп, оқу орнына бардым. Колледж қазіргі заман талабына сай ветеринария фельдшерін дайындау ісін лайықты деңгейде жалғастырып отырғанына көзім жетті. Негізгі оқу корпусында техникумда көп жылдар еңбек еткен ұстаздар – Р.Омарованың, Б.Әбішевтің және М.Әдекеновтің аттарындағы арнайы аудиториялар ашылыпты. Күнделікті теориялық білімді тәжірибелік тұрғыда пысықтауға арналған ветеринариялық клиника жабдықталу үстінде. Онымен қоса, колледждің оқу-тәжірибе жұмыстарына арналған қосалқы шаруашылығы бар. Үстіміздегі жылы 100 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Асхана, спорт залы жұмыс істеп тұр.

Колледж жылына 15-20 ветеринар фельдшерін дайындайды. Әрине, бұл – келешекте жеткіліксіз. Ашық дерек көздеріне сүйенсек, республика бойынша 7 мыңға тарта маман жетіспесе, облыс көлемінде ветеринариялық стансаларда 20-30 мал дәрігері тапшылығы бар. Қатарда жүрген 400-ден астам маманның 11-13%-ы – 60-63 жас аралығында. Яғни, таяу екі-үш жылда тағы жүзден аса ветеринар қажет болады. Бұлардың орнын кім басады?

Бұл – шешуге болатын мәселелер, әрине. Біріншіден, ветеринария фельдшері мамандығын меңгеруге ниетті оқушылар мектеп қабырғасында бейіналды пәндерді оқуы тиіс. Тиісінше, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын мекемелер мектептермен тығыз байланыс орнатуы қажет. Екіншіден, қабылданатын абитуриенттер санын 1,5-2 есеге арттыру керек. Үшіншіден, теориялық және өндірістік практика жағдайында оқыту үшін серіктестермен келісімшарт жасап, дуальді білім беру жүйесіне басымдық беру қажет.

Ел Президенті өзінің Жолдауында елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болатынын айтты. Аталған тапсырманы жүзеге асыру барысында ветеринария мамандарына сұраныс артып, оларды дайындау ісі жақсартылатынына сенімдімін.

Сенім білдіруімнің басты себептері – кезінде ғалымдар, ветеринарлар ветеринария саласының құлдырап кетуін жиі көтеріп, шұғыл шаралар қабылдау керектігін айтып, билікке бірнеше рет хат жазып жеткізсе, бүгінгі таңда Парламент палаталарының депутаттары Үкімет алдына талаптар қойып отыр. Нәтижесінде, Үкімет басшысы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шұғыл іс-шаралар тізбегін қолға алу керектігіне назар аударып, 2021- 2023 жылдарға кешенді шаралар жоспары дайындалып жатқандығы туралы хабардар еткен болатын. Осы кешенді шаралар аясында аумақтарды ветеринариялық пункттермен қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ветеринариялық пунктерге, стансаларға қойылатын талаптар, құзырлы органдармен келісілу үстінде.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдарда талаптарға сай инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген типті ветеринариялық пункттерді салу мүмкіндіктері қарастырылып, кейбір мемлекеттік бағдарламаларға тиісті өзгерістер енгізілуде. Мұнымен қатар, жалақыны өсіру, ақылы қызмет көрсету прейскурантын дайындау сынды тағы басқа жұмыстар жүргізілуде. Яғни, ветеринария саласын дамытуға Үкімет тарапынан кешенді іс-шаралар қолға алынуда.

Сондықтан да, бүгінгі таңда ветеринария саласы құлдырау кезеңінде болса, келешекте мәртебесі көтеріліп, басқа да мамандықтармен терезесі теңесіп, жоғары сұраныстағы мамандықтар қатарына қосылатынына сенімім зор. Әрине, жастарды алысқа ат арылтпай, іргеміздегі Қарқаралыдағы колледжге оқуға түссе, сөйтіп қоғамға аса қажет мамандықты меңгерсе, нұр үстіне нұр бола еді.

Марат БАЗАРБАЙҰЛЫ,

ветеринария ғылымдарының докторы, профессор.