Бас тақырып

Референдум: әділетті Қазақстанға бетбұрыс

Референдум қарсаңында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен Мәжіліс Төрағасы Ерлан ҚОШАНОВ келді. Төраға сапар барысында саяси партия өкілдері және белсенділермен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, педагогика және спорт қауымдастығы өкілдерімен, кәсіпкерлер және мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Өзгерістер табалдырығында тұрған еліміздегі реформалардың маңыздылығын түсіндірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынып отырған конституциялық реформалардың барлық салаға қатысы бар.

Кездесуді ашқан аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек «Бізді Жаңа Қазақстанның құрылысына бастама болатын күрделі конституциялық реформалар күтуде. Біз мықты азаматтық қоғамы бар тиімді мемлекеттің жаңартылған моделін құру қарсаңында тұрмыз. Бұл өзгерістер әрбір қазақстандықтарға, оның ішінде біздің өңірдің әр тұрғынына қатысты» – деп атап өтті.

АMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов әлемдегі жағдайға қарамастан, Қарағанды облысында оң өзгерістер бар екеніне тоқталды. Аймақ экономикасы бүгінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Жаңа инвестициялар тартылды, нәтижесінде жаңа кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар ашылды. Кездесуден бұрын бірқатар нысандарды аралап, көз жеткізген Ерлан Жақанұлы «Облыста әлеуметтік нысандармен қатар, кәсіпкерлік жолға қойылған әрі қарқынды дамуда. Қарағанды өңірінің республикада орны ерекше. Аймақ экономикасы ел дамуына әсері орасан. Облыстың тыныс-тіршілігі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында», – деді.

Ерлан ҚОШАНОВ, Мәжіліс Төрағасы:

Таяуда Президент Жарлығымен Ұлытау облысы қайта құрылды. Өздеріңізге белгілі, қазіргі Қарағанды – алып аймақ. Бір орталықтан мұндай өңірді басқарудың тиімсіз тұстары баршылық. Шалғай елді мекендерден облыс орталығына жету қолайсыздық тудыратын. Сондықтан, бұл халық үніне құлақ асқан әділ әрі тиімді шешім деп есептеймін. Дегенмен, Қарағанды облысы – еліміздегі ең ірі аймақтың бірі болып қала береді.

Жиында Мәжіліс Төрағасы сондай-ақ, еліміздің саяси өміріндегі өзгерістерді айта келе, қазіргі әлемдегі күрделі үдерістерге бейімделіп, түрлі сынақтарға дайын болуы керектігін атап өтті.

Қазір жаһан жұрты күрделі кезеңді бастан кешуде. Бүгінгі таңда біздің мемлекетімізде де ауқымды өзгерістер болып жатыр. Президент реформалары осы сын-қатерлерге берілген нақты жауап деп айтуға болады. Біз жаңа, әрі әділетті Қазақстан құруға бет бұрдық, – деді Палата Спикері.

Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттары мен AMANAT партиясының мүшелері өңірлерде халықпен кездесуде. Бүгінгі таңда Президенттің сенімді тірегіне айналған AMANAT партиясында да бірқатар өзгерістер болды. Саяси күштерге тең мүмкіндік беру мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев Партия төрағасы өкілеттігін тоқтатқан. Бұл өз кезегінде партияға зор жауапкершілік жүктейді. AMANAT партиясы еліміздегі негізгі саяси күш болып қала береді және нақты істермен айналысады» дейді Ерлан Жақанұлы.

Жұртшылық Мемлекет басшысының бастамаларын жылы қабылдап, қолдауда. Ел болашағын айқындайтын осындай ауқымды реформалардың тағдырын халықтың өзі шешуі тиіс. Осы мақсатта Мемлекет басшысы референдум жариялады, – деді Палата Спикері. Сонымен қатар, Ерлан Қошанов жасанды монополияларды түбегейлі жойып, азаматтарға тең мүмкіндік беру үшін мемлекет тарапынан үлкен шаруа атқарылып жатқанына назар аударды.

Елімізде ашық саясаттың жаңа кезеңі басталмақ. Енді барлық саяси күштер сайлаушылардың нақты сұранысына басымдық береді. Сонымен бірге референдум мемлекеттің жаңа мақсаттарын жүзеге асыру болып саналады. Халық еліміздің сайлау жүйесіне сенуі керек. Бұл – билік легитимдігінің негізі. Сайлау саяси өміріміздегі қалыпты жағдайда айналуға тиіс, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Палата Спикері реформалардың басты мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды негізге алатын әділетті қоғам құру екенін атап өтті.

Тұрғындардың көпшілігінің мемлекеттік орган шығарған нормативтік актілерге көңілі толмайды. Сол себепті, түрлі инстанцияларға шағымдануда. Олар өздерінің конституциялық құқықтары бұзылып жатыр деп есептейді. Референдумнан кейін Конституциялық сот құрылады. Әр азамат осы органға немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шағымдана алады. Омбудсменге конституциялық мәртебе беріледі. Енді олар өз конституциялық құқығын қорғау үшін елордаға келмей-ақ, өңірлердегі уәкілдердің қызметіне жүгіне алады. Кеңселер барлық облыста ашылады, – деді Ерлан Қошанов.

Одан әрі Мәжіліс Спикері саяси жүйені кешенді жаңғыртуға тоқталды. мәселелеріне назар аударды. Онда Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтуге ден қойылады. Ерлан Қошанов бүгінде Парламент кез-келген ауданның бюджетін тексере алмайтынын, Парламент депутаттарында мұндай өкілеттік жоқ екенін айтты. Мәжіліс Төрағасы өңірлерге республикадан қыруар қаржы бөлінетінін айтады. Ал ел бюджетін бекітетін орган оның қалай жұмсалатынын білуі қажет. – Енді Есеп комитеті мен барлық тексеру комиссиялары Аудиторлық палатаға біріктіріліп, жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында жария түрде есеп береді. Бұл – Мәжіліске бақылауды күшейтуге мүмкіндік. Осылайша республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттер бақыланады, – деді Палата Спикері.

Сөз соңында Ерлан Қошанов облыс жұртшылығын республикалық референдумға белсенді қатысып, тарихи таңдау жасауға шақырды. «Біз арманы көп елміз. Ол арманымыз – өркендеген елде, әділетте мемлекетте өмір сүру. Бүгінгі референдум – сол жолдағы үлкен қадам» дейді ол.

Өз кезегінде кездесуге келгендер де елдегі өзгерістерге қатысты пікірлерін білдірді.

– Мемлекет басшысы еліміз үшін саяси мәні зор шешім қабылдады. Президенттің бұл ұсынысы елдегі саяси реформаларды іске асыруға жол ашады. Сондықтан, Құрма ауылдық округі референдумға белсенді қатысуға дайын әрі Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдайды, – дейді Абай ауданы, Құрма селолық округінің әкімі Айжан Қыдырбаева.

Ал, Қарағанды техникалық университетінің әлеуметтік-құқықтық даму орталығының жетекшісі, докторант Рустам Бузяков болса, саяси өмірден үлкен өзгерістерді күтетінін айтады.

Президентіміздің техникалық кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша қолдау шараларын маңызды деп есептейміз. Осы бағытта университетіміз үлкен әлеуетке ие. Жас ғалым ретінде мен заманауи және жаһандық әлемде дағдылар мен біліктілікке ие болу қажеттігін білемін. Президентіміз Жаңа Қазақстанды құруда. Ал, жастар еліміздің саяси өміріне белсенді атсалысуға дайын, – дейді ол.

Кездесуден кейін «AMANAT» партиясының төрағасы облыс тұрғындарын жеке қабылдады.

Сонымен қатар, сапар кезінде Палата Спикері Теміртау қаласының тұрғындарымен кездесіп, 20 мың емделушіге арналған емхана жұмысымен танысты. Ерлан Қошанов ем қабылдайтын кабинеттерді аралап, дәрігерлермен әңгімелесті. Одан кейін спорт дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды.

Кездесу барысында Теміртау қаласының белсендісі Олег Гусев Қазақстан әлемдегі қиындықтарға қарамастан, көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтап, барша қиындықтарға төтеп бере алатындығын айтты.

Ең бастысы – ішкі саяси тұрақтылықты сақтау. Президентіміз өте жауапты және жылдам шешім қабылдайды. Оған бірнеше рет куә болдық. Ішкі саяси тұрақтылық пен ел бірлігін сақтауға бағытталған саясатын қолдаймыз, – деді ол.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов «Ленин» атындағы шахта кеншілерімен кездесті. Өңірдегі ірі көмір шығаратын заманауи шахта қызметімен танысқаннан кейін, 770 метр тереңдіктегі шахтаға түсіп, кеншілермен референдум туралы әңгімелесті. Өз кезегінде кеншілер Мемлекет басшысының саясатын қолдайтындарын, 5 маусымда өтетін референдумға қатысатындарын жеткізді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button