Жаужүрек жауынгер… 100 сәйгүлік…

Қазіргі Татан ауылы – кезіндегі Абыралы ауданы, Көкшетау ауылсоветіне қарасты «Еңбек» колхозы халқының ұжымдастыруға қарамастан, қазақтың қанына сіңген «жылқы мінезінен» арылмай, бірлігі мен берекесінің ортаймауына, ырысының шайқалмауына ағайынды ҚАШАҒАНОВТАРДЫҢ үлесінің көл-көсір екенін біреу білсе, біреуі біле қоймасы анық. 1931 жылғы ашаршылықта жанбағыс үшін Кемер асса да, туған жерін ешқашан ұмытпайтын жылқыға тән қасиет үшеуінде де бар еді. Сол қасиет еліне алып келді. Адал еңбек абыройға жеткізді. Колхоздағы 1 айғыр, 7 бие, 5 тайдың өсіп-өніп, 3 мыңға жетуі – ағайынды үш жігіттің қажырының арқасы. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, И.Сталиннің суреті басылған Алғыс хат алған да – солардың ұрпағы.

Кемерден елге оралған соң ағайынды Мықтыбек, Жұмабек, Қалыбай Қашағановтар колхозға мүше болуға өтініш берді. Сол кезде жылқы басын өсіруді мақсат тұтқан колхоз басшылығы оларды жылқы фермасына жұмысқа жіберген еді. Ферма деген атауы ғана. Бар-жоғы – 13 бас жылқы. Бас жылқышы – Қалыбай, Мықтыбек пен Жұмабек – көмекші. Жаздың ыстығын, қыстың қақаған аязын елең қылмаған адал еңбек жемісін бермей қоймайды екен. Бір-екі жылда бие саны 30-ға жетеді. Жаз бойы колхоз халқын қымызбен сусындатып, ауыздарын аққа жарытады. Тақымдарын да мінер көліктен бос қылмады. Еңбегі еленген Қалыбай Қашағанов 1938 жылы мал шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі үшін Мәскеуде өткен көрмеде болып қайтады.

Мықтыбектің ұлы Хамит сол кезде «Еңбек» колхозында есепші болатын. Жан баласына қиянаты болмаса да, көреалмаушылық дегенді қойсаңызшы, шолақ белсенділердің көрсетуімен, 1940 жылы Абыралы аудандық сотының үкімімен жазықсыз үш жылға бас бостандығынан айырылып, кете барады. Қарсақпай кенішінде жазасын өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 жылдың қарашасында өзі тіленіп, соғысқа аттанады.

Көзінің қарашығы, әулетінің жалғаушысы болған Хамитті жазасын өтеуге – бір, соғысқа екі жіберсе де, Мықтыбай қария босаңдық танытпады. Баласының адалдығына деген сенімі ме, әлде жаратылысы солай ма, колхоз жұмысынан қол үзбей, тірлігін қыла берді.

Қолына қару алып, қан майдан өтінде болмаса да, тылда жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқандар бар емес пе?!.. Ағайынды Қашағановтарда да – солай. «Еңбек» колхозынан майданға жіберілген 100 сәйгүлікті баптаған осылар еді. Қарап отырсақ, Социалистік Еңбек Ері атағы, Ленин ордені, «1941-1945 жылдардағы еңбектегі ерлігі үшін» медалі осы әулетке бұйырған екен.

Хамит әскери тәсілдерге машықтанған соң 1943 жылдың ақпанында Маршал Рокоссовскийдің басқаруындағы Екінші Белорусь майданында, кейін, 37-атқыштар дивизиясының 86-полкында зеңбірек көздеушісі болды. Белоруссия мен Польшаны азат етуге қатысты.

1943 жылдың қарашасында Белоруссияның Речица қаласын басқыншылардан азат етуге қатысқаны үшін Жоғары қолбасшы – И.Сталиннің суреті басылған Алғыс хатпен марапатталды. Әскери Кеңестің шешімімен жазықсыз таңылған жаладан ақталғаны да осы кез.

Ал, 1944 жылы «Әскери қызметі үшін» медалімен марапатталып, Коммунистік партия қатарына қабылданды. Сол кезде небары 25 жаста болса да, қажырлылық қанында бар Хамит «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Польшаның Кенигсберг, Грузенде, Данциг қалаларын азат ету ұрыстарына қатысады.. ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Кенигсбергті алғаны үшін» медалін осы кезде алады.

1945 жылы Данциг қаласы үшін шайқаста аяғынан ауыр жарақат алғанда, Жеңіс те алыс емес еді. Хамиттің еш өкініші болған жоқ. Оқ пен оттың ортасында жүріп, талай ерлік көрсетті, ерлігі бағаланды. Омырауы орден мен медальға толды. Оған 1946 жылы «Германияны жеңгені үшін» медалі қосылды.

Соғыстан соң Хамит Мықтыбекұлы Абыралы ауданының қаржы бөлімінде, мемлекеттік сақтандыру инспекциясында жұмыс істеді. Ал, 1958-1978 жылдар аралығында қазіргі Татан ауылы, бұрынғы – «Еңбек» совхозында ұзақ жылдар ауыл шаруашылығының түрлі саласында қызмет етті. Құдай қосқан жары Төлеубала Наурызбаева екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиеледі. Хамит Қашағанов 1984 жылы 66 жасында, жары – Төлеубала Наурызбаева 2015 жылы 93 жасында қайтыс болды. Қазір ұрпақтары өсіпөніп, бір рулы елге айналған.

Әлбетте, Қашағановтар әулетінің елімізге сіңірген еңбегі жайлы айтып тауысу мүмкін емес. Майданға жіберілген 100 сәйгүлік, соғыстан кейінгі жылдары ауызымен құс тістеген, алдына жылқы салмай, облыстың мерейін өсірген Мықтыбек, Жұмабек, Қалыбай баптаған – Қамбардың қарагері мен Мақпалқара, 13 бастан өрбіген 3 мың жылқы… Мақала емес-ау, әрқайсысы бір кітапқа жүк болар тақырыптар. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен бейбіт күндерде адал еңбегімен еліне сыйлы болған Хамит Қашағановтың батырлығын да айтып тауысу мүмкін емес.

Абыройды адал еңбек асқақтады емес пе?! Оған қиындыққа мойымайтын қажырлықты қосыңыз. Қашағановтар ұрпағының бойында атадан қалған осы қасиет бар…

Салтанат ІЛИЯШ.