Облыс әкіміРесми

Кеншілер қаласының келешегі жарқын

Қарағанды облысы – моноқала тұрғындарын сауықтыру бойынша ауқымды бағдарламаны іске асырып жатқан еліміздегі алғашқы облыс. Бағдарламаны халықаралық деңгейдегі тәуелсіз сарапшылардың зерттеуіне тапсырыс берген «Қазақмыс» корпорациясы ұсынды. Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін Сәтбаев қаласы таңдалды. Үш жыл ішінде барлық шараларды жүзеге асыруға, шамамен, 5,5 млрд. теңге қажет. Бағдарламаны мемлекет пен корпорацияның ортақ қаражатынан қаржыландыру болжанып отыр.

Ынтымақтастық туралы меморандумға аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай Жезқазғандағы кездесуде қол қойды.

– «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел Президенті моноқалаларға «екінші тыныс» беруде қала құрушы кәсіпорындардың маңыздылығын атап өтті. «Қазақмыс» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарына адалдығын көрсете отырып, облыс үшін маңызды мәселелерді шешуге белсене қатысады. Компания алғашқылардың бірі болып Елбасының пандемиядан зардап шеккендерге көмек қорын құру туралы Үндеуіне жауап берді және дәрігерлерге қолдау көрсетті. Корпорация көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етті. Алда әлі де көптеген игі істер күтіп тұр, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сәтбаев тұрғындарын сауықтыру бағдарламасы келесі жылдың қаңтарында басталады. Алдын ала қалада ғылыми зерттеулер, тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Сарапшылар медициналық ұйымдардың жағдайына және халықтың денсаулығына әсер ететін қауіп факторларына толық талдау жасады. Бағдарламаны жасаушылар барлық тараптардың: тұрғындар, дәрігерлер, жергілікті биліктің пікірін ескерді.

Моноқалада қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Басқа өңірлерге барудың қажеті болмас үшін Сәтбаев қаласында жоқ қызметтер пайда болуы керек. Сондай-ақ, күш-жігер салауатты өмір салтын қалыптастыруға және сол үшін жағдай жасауға бағытталады.

Қаланың медициналық ұйымдарын жаңа заманауи жабдықтармен жабдықтау жоспарлануда. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. Кадр мәселесін жас мамандарға тұрғын үй беру арқылы шешу көзделіп отыр.

Эдуард Огай компания Сәтбаев қаласында заманауи емхана құрылысын қаржыландыруға дайын екенін хабарлады.

– Біз жұмысшылардың тұрмысын жақсарту және лайықты деңгейді қамтамасыз ету үшін бағдарламаға қатысуға шешім қабылдадық. Шетте қала алмаймыз – инфрақұрылымды дамытуға қаржы саламыз. Алдағы үш жылда нәтиже көрінетін болады деп ойлаймыз, – деп мәлімдеді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы.

Осыған ұқсас бағдарламаларды Жезқазған мен Балқаш бойынша да әзірлеу жоспарлануда.

Кездесуде Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданының бесжылдық тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Ол да «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп, іске асырылуда. Компания өз қаражатын моноқалалардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жұмсайды. Бюджет қаражатына 131 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде су құбыры, жылу желілерін қайта жаңарту және газ тарту, тұрғын үй құрылысы, шатырларды, қасбеттер мен жолдарды жөндеу, қоғамдық орындарды абаттандыру, апаттық үйлердің проблемаларын шешу және әлеуметтік нысандарды жөндеу, қауіпсіздік және экология мәселелері бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button