Көкейкесті

Былдыр тіл – бұлыңғыр қоғам емес пе?

Дүниеге сәби келсе, қуанғаннан төбеміз көкке екі елі жетпейді. Тәй-тәй басып, қалталақтап жүре бастағанда тіптен қуанамыз. Ал, алғашқы былдырлап сөйлеген әр сөзі мен әрпін қызық көріп, арасында өзіміз де тілін бұрмалатып сөйлететініміз тағы бар. «Зымыран» дегенді «зымылан» деп айтқан тәтті тілге бүгін күлеміз, қызықтаймыз… Ал ертең ше? Сол бұрмаланған бала тілінің болашағы қаншалықты жарқын?

Иә, бағанадан айтқалы отырған әңгімемнің әлқиссасы – логопед маманының көмегіне зәру бүлдіршіндер жайында. Анығырақ айтқанда, тақылдап тақпақ айтатын жасқа жетсе де, сөйлеуге келгенде тежеліп, әріпті анық айтуға қиналатын бөбектер саны бүгінде артып келеді. Балдырғандардың тілінің кеш шығуының алғашқы себебі денсаулық жағдайына байланысты болса, тағы бір себебі – теледидарға көп телміріп, телефон, гаджет сынды құралдардан бас алмауында. Баланың өмірге келуіне себепші болған ата-ананың перзент тәрбиесінде сәл босаңдық танытып, назардан тыс қалдыруы осындай қынжылтатын дүниеге алып келері сөзсіз. Айтып отырғаным, мектептегі тәртіпше сабақ кестесін құрып, балаға 45 минут дәріс оқу емес, әрине. Жай ғана балғын шағынан тың дүниеге қызығушылық танытып, әр нәрсені білгісі келетін балаға сырлас, дос бола білу керек. Мейлі, ол әлі тіпті кішкентай нәресте болса да. Сүтпен сіңген тәрбие сүйекпен кететіні секілді, жас сәбиге болашақ мінез-құлқы да, әрекеті де, тіпті сөйлеуі де ана құрсағына шарана болып біткен шағынан басталады. Бұл сөзіме оншақты ұл, моншақты қыз өсіріп, қазіргі таңда немере тәрбиелеп отырған Жахан ақсақал:

Логопедке жүгінетін балаларды бұрын көрген жоқпын. Болған күннің өзінде оның алдын алатын. Ал, қазіргі таңда көп деп айтсақ та болады. Оның бір себебі менің ойымша, экологиялық ахуалға, неше түрлі химикат бояу қосылған сапасыз, нәрсіз тағамдарды көп тұтынуынан дер едім. Екіншіден, балаларға бұрынғыдай бесік жырын, ертегі айтатын үлкендер жоқ. Бірақ, бұл көпке топырақ шашқаным емес. Бүгінгінің балалары ес білгелі ұялы телефонын қолынан тастамайтыны өтірік емес. Баланы ойнату, жұбату өз алдына, онымен көбірек тілдесіп сөйлеуге дағдыландыру қажет. Бала көтерген ана сол сәттен бастап өзін тәрбиелеп, жақсы сөздер айтып, тек жақсы дүние көре білуі қажет, – дейді.

Бұл пікірді Абай ауданының логопед-дефектолог маманы Сымбат Маратқызы да қоштап отыр.

Балаға қарым-қатынасты асқан жауапкершілікпен жасау керек. Сәби тілі алғаш шыққанда әрине әр сөзін қызықтаймыз. Тіпті, кейде қате айтқан әр сөзін бұрмалатып айтқыза береміз. Бұл әрекет баланың дұрыс сөйлемеуіне, әріптерді анық айтпауына алып келеді – дейді.

Мәселен, маманға жазу дағдысы қалыптаспаған, яғни қате жазатын мектеп оқушылары да жүгінеді екен. Бұл бала нені естиді, айтады соны қағаз бетіне түсіреді деген сөз. Яғни, есту мен жазу, сөйлеу бір-бірімен тығыз байланысты. Сымбат ханыммен жұмыс жасаған ананың сөзінше: «Тілінен қандай да бір ақаулық көрген ата-ана оған бейжай қарамауы керек. Себебі, бұл перзенттің болашағына үлкен залалын тигізуі әбден мүмкін». Маманға жүгінетін ата-ананың басым бөлігі мықты маман табу, соның ішінде қазақ тілді логопедтің өте сирек екенін алға тартты.

Біз қазір шынымен логопед маманға зәруміз. Әсіресе білікті, қазақ тілді маманға. Жасыратыны жоқ күніне кем дегенде 10-15 ата-ана емханаға логопед маман іздеп келеді. Әсіресе, ана тілін жетік меңгерген мамандарға сұраныс көп. Қазіргі уақытта емханада аз уақыттық графикпен жұмыс істейтін логопед маманы бар. Дегенмен, күн сайын келетін жиырма шақты баланы қабылдап, нәтижелі жұмыс жасауға жалғыз маманның уақытының да, күшінің де жетпесі айдан анық, – дейді Қарағанды қаласының №5 қалалық емханасының дәрігерлері.

Бүгінде аталмыш мамандық бойынша оқытатын жоғары оқу орындарының бірі – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті. Алғашқы жылдары білім ордасы тек орыс тілде оқытқан көрінеді. Уақыт өте 2002-2003 жылдары қазақ тобы ашылып, білім бере бастаған. Қазірдің өзінде аталмыш оқу орнын орта есеппен алғанда жылына 230-ға жуық түлек тәмамдайды екен.

Мамандық ашылған кездегі уақытпен салыстырғанда қазіргі таңда мамандыққа түсетін талапкерлер легі басым. Бір өкініштісі, түлектердің басым бөлігі мамандық бойынша қызмет атқармайды. Оған себеп, жұмыстың ауырлығы, жауапкершіліктің басым болуы. Әрі айлығының аздығы және бар. Дегенмен, өз мамандығын сүйіп, жұмыс істеп жүрген мамандардың легі де бар. Алайда, саны саусақпен санарлық, – деді педагогика факультетінің арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасының оқытушысы, профессор, философия ғылымдарының докторы Айнагүл Рымханова.

Жеміс ағашын баптап, күтіп, суғарып енді жемісін көремін деген сәтте жеміс бермесе, көңілің түсіп, қынжылатының анық. Дәл сол сияқты сарп еткен уақыт пен берген білім бұқараға нәтижесін көрсетпесе, бұдан өткен іш ашитын іс бар ма? Я болмаса ең дұрысы «ауырмайтын жол ізде» демекші, өскелең ұрпақты барынша ұлттық құндылық пен ілімге шомылдырып, жыр жаттатып, құрт шайнатып, жілік мүжітейік. Бәлкім сол кезде ғана сақаулық тіл дертінен құтылып , балауса ұрпақтың келешегіне сескенбей сеніммен, үрікпеген үмітпен нық қадам басармыз. Ал, сұранысы шарықтап тұрған бұл мамандықты сүйетін, сапалы кадр қатарын толықтыру үшін қандай бастама, әрекет қажет?

Фариза ЕРМЕК, ҚарУ студенті.

Басқа материалдар

Back to top button