Бейжің - 2022

Құрама киімі жаңарды

Санаулы күндерден соң Бейжіңде Қысқы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Осы сәтте баса назар аударатын дүниенің бірі – ұлттық құраманың киім үлгісі. Жаңа үлгіні Ұлттық Олимпиада комитеті көпшілік назарына ұсынды. Иә, киімде алғаш рет ел атауы латын қарпімен «Qazaqstan» болып жазылды. Спорттық форманы отандық ZIBROO компаниясы шығарды. Коллекция дизайнын ресейлік SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий ШИШКИН дайындады.

«Келесі апта Қазақстанның олимпиадалық құрамасы Қытайға ұшып кетеді. Ал, 4 ақпан күні төртжылдықтың басты қысқы додасы – қысқы Олимпиада басталады. Токио қарсаңындағы секілді, бұл ойын басталардан бұрын да біз олимпиадалық экипировканы дайындау кезінде спортшылардың ұсыныс-тілегін ескердік. Біз үшін Олимпиада ойындарында спортшыларға осы формада өздерін ыңғайлы және сәнді сезінгендері маңызды. Ал, мата мен тігістің ең жоғарғы талапқа сай болатыны анық нәрсе», – дейді Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков.

Қысқы ойындарға арналған олимпиадалық форманың таныстырылымына Токио Олимпиадасының жүлдегерлері Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов пен Софья Берульцева қатысты. Сондай-ақ, фотосессияға дзюдошылар Жансай Смағұлов пен Ақмарал Науатбек, бокстан ерлер командасының капитаны Абылайхан Жүсіпов, гимнаст Аружан Қасенова мен «Барыс» хоккейшісі Самат Данияр қатысты.

– Біздің командамыздың олимпиадалық формасының таныстырылымына қуана қатыстым. Қысқы спорттағы атлеттермен жиі кездеспесек те, олардың бізге көрсеткен қолдауын ұмытқан емеспіз. Тиісінше, біз де Олимпиада кезінде отандастарымыздың басты жанкүйері боламыз. Өйткені, біз бір команданың – Қазақстан құрамасының намысын қорғаймыз. Формаға келер болсақ, сапасы қатты ұнады. Күртешелер жеңіл әрі жылы, дизайны да жинақы. Қазақстан сөзінің «Q» арқылы, яғни, қазақша жазылғаны көңілге жылы тиеді екен. Бұл форма Бейжіңге аттанатын барлық спортшымызға да ұнайтынына сенімдімін. Олимпиада ойындарында барлығына шын жүректен сәттілік тілеймін, – дейді бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов.

Дизайнерлер бұл жобаға толыққанды дайындалыпты. Киімдегі жазуға бірегей шрифт таңдалды. Жарысты қабылдаушы елдің дәстүрлері де назардан тыс қалған жоқ. Олимпиада өтетін жыл Барыс жылына сәйкес келеді, ал шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылғы түс талаптарына аспан көк, қара және ақ түс сәйкес келеді. Киім Қытайдағы қысқы климатқа арнайы ойластырылған. Онда температура кей кездері -20 градустан да төмендейді. Сондықтан, сыртқы киім қаздың жүнімен толықтырылған, жылуды сақтап, суықты өткізбейтін заманауи жарғақтық материалдар қолданылыпты. Киімнің көлеміне қарамастан, салмағы жеңіл және еркін қозғалуға ыңғайлы. Дизайнерлердің айтуынша, олимпиадашылар бұл форманы спорттық аренадан басқа жерлерге де еркін кие алады.

Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні Бейжіңде басталып, 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстан командасы спорттың сегіз түрінен бақ сынайтынын тағы да естеріңізге сала кетейік.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button