Мереке шуағы

Еріктілер гүл таратты

«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Еріктілер көктемнің көрікті мерекесі қарсаңында аянып қалмады. Қуанышқа да қол ұшын берді. Облыстың әр өңірі мереке қарсаңында көңілге шуақ сыйлар акциялар ұйымдастырған еді. Міне, осындай игі іске бастамашы болған нұралық еріктілерге ел ерекше риза…

Мереке күні Nura Arnasy тобының еріктілері Нұра кентінің тұрғындарын құттықтап, оларға 101 раушан гүлін сыйлады. Тартымды акцияны 16 жастағы Абай Тиыштық бастады. Абай еріктілер сапында жүргеніне біраз уақыт болды. Бірлестіктің барлық іс-шарасына бір кісідей атсалысады.

– Мен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 10-сыныбында оқимын. Әкем мен анама қарап, мен де басқаларға пайдамды тигізуді мұрат санадым. Ата-анам үнемі қасындағыларға көмектеседі. Мен де отбасымдағы тәрбиені бойыма сіңіріп, Nura Arnasy тобына кірдім. Бірнеше ай ішінде біз шынымен де көп жұмыс атқардық: қарттардың аулаларын қардан аршыдық, азық-түлік тараттық, мұқтаж адамдарға көмектестік. Мереке кезінде де аудан орталығында тұратын әйелдер қауымын құттықтап, бір қуантқымыз келді, – дейді жас ерікті.

Айта кетейік, раушан гүлдерін тарту етіп, еріктілерге демеуші болған Рауза Жұмабекова есімді жергілікті тұрғын. Ізгілікті іске өзі демеуші болуға тілектестік білдіріпті.

– Бұл мерекені әйелдер қауымы ерекше күтеміз. Құшағымыздың гүлге толғанын қалаймыз. Түрлі сыйлықтар күтеміз. Бірақ, соның ең ерекшесі – тосыннан келген сый. Ол шағын болса да қатты қуантады. Сол себепті, аудан тұрғындарына гүл таратуды жөн санадық. Біз демеуші болғанмен, еңбек те, абырой да еріктілердікі. Шырайлы шараға атсалысқан оларға шексіз алғысымды білдіремін, – дейді Рауза Жұмабекова.

– Біз сұлу ханымдарға мерекелік көңіл-күй мен қуаныш сыйлағымыз келді. Және сол мақсатымызға жеттік деп сеніммен айта аламын. Сондай-ақ, біз әжелері бар 10 үйге бардық. Оларға торт мен гүл ұсындық, қариялармен әңгімелестік. Біздің келгенімізге қатты қуанды. Елеп-ескергенініміз үшін баталарын берді. Бұл – біз үшін ең үлкен марапат, – дейді Nura Arnasy еріктілер тобының жетекшісі Талғат Шолтаев.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button