Бейжің - 2022

Қолаға қол жетпеді

Қазақ елінің үкілеген үміті – шорт-трекші Абзал ӘЖІҒАЛИЕВ Бейжің Олимпиадасын IV орынмен тәмамдады. Әубастан жүлдеден үмітті Абзал қолаға қол созым жерден тоқтады. Десек те, дәл осы спорт түрінен бірде-бір қазақстандық мұндай биікке көтерілмеген-ді.

500 метрлік қашықтықта ширек финалда Абзал кореялық спортшымен II орынға таласып келген еді. Алайда, аламанның ақтық сынында біздің спортшы барын салса да канадалық және ресейлік әккі спортшылар алға шығуына мүмкіндік бермеді. Алтын алған венгриялық сайыпқыранды айтпай-ақ қоялық.

– Олимпиадаға спортшыларды іріктеген сәтте маған қиындау болды. Себебі, осының алдындағы маусымды денсаулығыма байланысты дұрыс өткізе алмаған едім. Менің спорттағы ең үлкен арманым – шорт-тректі өзгеше қырынан халыққа көрсету, яғни, дамыту еді. «Қазақ қысқы спортта әлсіз» деген стереотипті бұзғым келді. Біздің де коньки теуіп, сырғанай алатынымызды көрсеткім келді, – деді спортшы. Расында жалпыға мәлім жағдай бұл. Жазғы спортқа қарағанда қысқы спорт түріне қызығушылық аз. Абзалдың биылғы көрсеткіші жанкүйер сенімін күшейтері анық. Шорт-тректен құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков те шәкірттерінің көрсеткішіне баға беріп, пікірін білдірді.

– Қысқы Олимпиададағы жетістігімізді өте жоғары бағалаймын. Бұл дәрежеге жете алмай жатқан елдер қаншама. Біздің бұл маусымдағы дайындығымыз мығым болды. Алаңсыз жаттығуымызға мүмкіндік берген Ұлттық олимпиадалық комитетке алғысымыз зор. Командамыз осы спорт түріне елімізден бөлінген қаражатты толық ақтады деп ойлаймын. Абзал медальға қол созым жерден тоқтады. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Біздің жігіттеріміз үшін 500 метр ең ыңғайлы қашықтық еді. Егер Абзал бірден III орынға шығып алғанда, сол орнын сақтап қалатын мүмкіндігі мол болатын. Сонау V орыннан қуып жету қиынға түсті, – деді бапкер Мәдіғали.

Осынау тартысқа толы сайысты тамашалаған болсаңыздар, Абзал алғашында соңғы V орында келе жатты. Оның өз позициясын ұстап, күшін шешуші сәтке сақтағаны айқын. Кейін мәре сызығына тақалған тұста ғана алға ұмтылған ол әп-сәтте IV орынға шықты. Көптің ойынша, егер тағы бір айналым болғанда отандасымыз канадалық спортшыны басып озар ма еді?!

Әрине, қоржында медаль жоқ. Әйтсе де, Абзал Әжіғалиев әлемдік сында IV орын алғаны үшін 30 мың доллар сыйақы алатын болады. Көңілге қуаныш ұялатары – біздің спортшылар әлемдік сында Олимпиада чемпиондарымен терезесі тең өнер көрсете алатындығын дәлелдеді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button