Руханият

“5:32”: шынайы оқиға ізімен

Тоқсаныншы жылдардың таршылық, жоқшылығын аңыз қылып айтады үлкендер. Әсіресе, сол кездің қылмыстық хроникасынан жан түршігеді. Бір парасын 12 бөлімнен тұратын «5:32» деген вебсериалдан да көріп үлгердік. Иә, жұртты елең еткізген жаңа туынды сол кезеңдегі ауыр қылмыстарды кинокартинада жаңғыртқан. Сценарийі сот архивінен және ел аузындағы әңгімеден жазылған.

Неге кино атауы «5:32»? Түсірушілердің атау таңдауының өзінен шеберлік байқалады. Құрандағы 5-сүренің 32-аятын оқыдыңыз ба? Онда «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық. Расында оларға елшілеріміз ашық дәлелдермен келді. Бірақ, содан кейін де олардың көбірегі жер жүзінде шектен шығушылар болды» делінген. Міне, шығармашылық топтың тақырып таңдаудағы ізденісін атаудан-ақ көреміз. Сериалдың желісіне кезек берейік. Өз дәуірінде тегеурінді тергеушілердің бірі Шалқардың өмірінен сыр шертеді. Зейнетке шыққан Шалқар ендігі ащы суға әбден әуестенген. Оны қандықолдарды құрықтау үшін қалаға шақыртады. Жол бойы әшкерелеген қылмыстарын есіне түсіреді. Алғашқы серияда автобекетке келген жолаушы қыздарды такси жүргізушісі болып алдап, қаладан әбден ұзаған соң буындырып өлтіріп, денесіне бензин құйып, өртеп жіберетін қандықол қылмыскерлер туралы баяндалады. Шалқар мен серігі осы қаныпезерлердің қылмыстарын әшкерелейді.

Ал, екінші серияда жаныңыз тіпті, түршігеді. Ол кезде күнін саудамен көрді ғой көп адам. Бәліш пісіріп сататын келіншекті сыртынан байқасаңыз солардың бірі деген ойда боласыз. Алайда, ол сол бәлішіне етті қайдан алады? Адам өлтіріп, соның етін пайдаланады. Мұны да Шалқар мен оның қасындағы тергеуші анықтайды.

Үшінші бөлімі психикалық ауытқуы бар жас спортшы жайында. Мұнда да қаныпезер ашуға бой беріп, өзіне қарсы келгендерді аяусыз ұрып, дене мүшелерін кескілеп тастайды. Көзі қанға толған жігіт сол уақытта есінен тіпті танады. Із кесушілер біраз іздеп құрықтайды. Осы сәттің бәрі кинотаспада шынайы көрсетіледі. Осы секілді талай қаракөз қыздың өмірін қиған қандықолдардың қылмыстары және солардың ізіне түскен тергеушілердің табандылығы айқын әрі ашық баяндалады. Фильмде бейпіл сөздердің жиі қолданылатынын да айта кету ләзім бізге. Және ауыр картина болғандықтан, режиссер фильм басталмас бұрын титрда «+21. Жүйкесі әлсіздерге, жүкті әйелдерге көруге болмайды» деп ескертеді. Дегенмен, әлеуметтік желіні бақылау қиын ғой, көрермен жасын қайдан біліп, оны кім шектесін? Фильм Тараз қаласынан 60 шақырым жердегі Қаратау баурайында түсіріліпті. Бас операторы – Бағдат Арғынов, қоюшы суретшісі – Қазыбек Табылғанов.

– «Актерлер жоғары деңгейде іріктеліп алынды. Сценарий жазуда тарихпен ұштастырып, эпизодтарды шынайы шығару үшін ұзақ уақыт кетті. Және бұл туындымыздың көрерменді бейжай қалдырмайтынын о баста білдік», – дейді Salem social media-ның бас директоры Рустам Юсупов.

Ал, қазақ кино қоржынына тың туындыларымен олжа салып жүрген режиссер Әлішер Утев түсірілімнің оңайға соқпағанын айтады. Әсіресе, картина шынайы суреттелуі үшін қымбат гримдер қолданылыпты.

– Қанды оқиғаларды, жанып кеткен мәйітті шынайы көрсету үшін түсірілім тобы шебер болуы керек. Кинотуындының түсіріліміне 1,5 жыл уақыт кетті. Мен сценарий жазарда, идея іздеген кезде «көрерменді не қызықтырады?» деп арнайы сараптама жасап отырмаймын. Кинотеатрлардан көрсетіле ме, әлде Youtube-та тарай ма, әуелі өзіме ұнауы керек. «Сержан братан» сериалын түсірмес бұрын 100 адамның 99 пайызы «рэкет тақырыбы қызық емес, оны түсірсең, ешкім қарамайды» деп қарсы пікірін білдірді. «5:32» сериалын түсіретін кезде де «тақырыбы ауыр», «түсіру қиын, адамдар қарамайды» деп айтты көбі. Бірақ, мен ешкімді тыңдамаймын, бағытым бөлек. Өзіме не ұнайды, түйсігім қалай ойлайды, соны түсіремін, – дейді режиссер.

Бүгінде фильмнің алғашқы сериясын 8 миллионнан артық көрермен қарапты. «Біткен іске сыншы көп» дейді ғой. Бірақ, біз киноның ана тұсын «бәрекелді» десіп, мына тұсына «әттеген-ай» деуден аулақпыз. Алайда, біз фильмнің екіұшты пікір туғызғанын айтамыз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button