Руханият

6. КАРЛАГ: мемлекет ішіндегі мемлекет

Таң қараңғысынан ілби басқан әйелдер тобында қалың қопаға кірген жас келіншек түс ауғалы ақыл-естен айырылғандай күйде еді. Қос алақанын пышақтай тіліп жатқан қамысты да елең қылар емес. Бағанаға салбырата ілген шынтақтай рельс пен көкжиекке еріне дөңгелеп бара жатқан күнге кезек қарайды. Күн қырға іліксе, рельс – била сыңғыр ете түспек…

«Құлыным қайтіп жатыр екен? Тоңып қалды-ау…».

Орақ тұмсық күзетші мылтығын шошайтып, талтаңдай басады. Қабағы күндегіден қату. Кеше түсте сүт пісірім уақыт барактағы бөбегін емізіп келуіне кеңдік жасап еді. Бүгін ызғар шашып жүр маңына. Келіншек ертерек сұрануды ойлады да, айнып қалды.

«Көңіліне жақпай, ата салса, балапаным кімге қалады…».

Күздің қысқа күні асығар емес. Біреу байлап қойғандай. Күн мен қырдың арасын көзімен мың өлшеген келіншектің сабыры сарқылуға айналды. Сумақай ой да мазасын алды әбден…

«Кеше Ақсананың қызы быламыққа тұншығып өліпті». Дөңгелек жүзді сары келіншектің шашын жайып жылаған кейпі көз алдына келді. «Байғұс-ай…». Іле өзінің бөпесінің бейнесі көлбеңдеді… «Жоқ, менің жарығым аман! Мені тосып, жылап жатқан шығар…». Жүрегі езіліп кеткендей…

Күдіктен құтылудың амалын алдындағы қамыстан іздеді. Қимылын күрт күшейтті. Нормасын да орындауы керек. Әйтпесе, тағы таяққа жығады. Қыс бойы жағатын отыны, төсеніші – бұл…

АУМАҒЫ ФРАНЦИЯМЕН ШАМАЛАС

Тәуелсіздік игіліктерін жалпақ жұртқа жария қылуды мақсат тұтқан біз кезекті репортаж қамымен Долинкаға ат басын тіредік. Кенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейіне бардық. Музей ішін аралап жүргенде лагерде ғұмырын өткізген әйел затының, қапаста дүниеге келген сәби атаулының қасіретінен тамағымызға өксік тығылды. Бір емес, мыңдаған адамның басындағы қасірет. Күні бойғы қара жұмыстан қажып келген талай әйел өзегін жарып шыққан жарығының өлі денесін құшақтап қалған. Күзетші тамағына қасықтап тығып кеткен быламыққа тұншығып өлген, пневмония, туберкулез, тиф сынды дерттен шетінеп кеткен…

Қызыл өкімет Қарлагтағы қанды қасаптың шын бейнесін жан баласынан жасырып келді. Тек, егемендіктің арқасында том-том бүркеулі тарихтың біраз бетін парақтап үлгердік…

Қарлаг ГУЛаг жүйесіндегі ірі лагерлердің бірі болды. Елді аштық жайлаған нәубет жылдары ашылды. Әуелде, 1930 жылы «Гигант» атты совхоз құрылды. Келесі жылы желтоқсанда совхоз негізінде еңбекпен түзету лагері жұмысын бастады.

Қарлаг солтүстіктен оңтүстікке – 300 шақырымды, шығыстан батысқа 200 шақырымды алды. Степлаг, Балқашлаг және АЛЖИР лагер құрамына енді. Жер аумағы Франциямен шамалас. Алып лагерді құрудағы басты мақсат Қарағанды шахталарын, Балқаш, Жезқазған зауыттарын азық-түлікпен қамтамасыз ету болды.

Табысқа жедел жету үшін арзан еңбек күші керек еді. Сталин бастаған билік бұл мәселенің түйінін оңай тарқатты. Жерді босатуды ойлап, жергілікті қазақтардың малын тәркілеп, өздерін «бай-құлақ» ретінде тұтқынға алды. Ізін ала Ресей, Украинадан мыңдаған отбасыны күштеп көшіріп әкелді. Тек, 1931 жылдың күзінде Қарлаг аумағына 52 мың отбасы қоныстандырылды. Бұл, тек, басы еді. 1959 жылға дейін 1 миллионға жуық адам лагерде жазасын өтеді.

Қарлагтың астанасы – Долинка кенті. Лагер басшылығы бүгінде музейге айналған осы ғимаратта орналасты. Тек, Мәскеуге бағынды. Жергілікті биліктің әмірі жүрмеді. Өзінің теміржол байланысы, поштасы, шахта-зауыттары, шаруашылық нысандары болды. Мемлекет ішіндегі мемлекет еді. Мәйіттер үстіне тұрғызылған мемлекет…

Әрине, Қарлаг қасіретін тарихи тұрғыдан бағамдауды тарихшылар еншісіне қалдыралық. Ал, біздің бүгінгі әңгімеміз көрген-түйгеніміз туралы өрбісін…

АШТЫҚ АҚИҚАТЫ

Маңдайындағы қызыл жұлдызы алыстан көзге ілінген сұр ғимарат сұсты көрінеді. Тірі жанның мысын басар айбары бар. Неоклассицизм стилінде тұрғызылған ғимарат. Сол уақытта Кеңес Одағының түпкіртүпкірінде тап осы үлгіде мыңдаған, миллиондаған ғимарат бой көтерді. Денін тұтқындар салды десек, қателеспеспіз.

Сталин қайтқан соң араға жылдар салып, 1959 жылы Қарлаг жабылды. Ғимарат бос қалды. 1979 жылы мал шаруашылығы техникумы орын тепті. Одақ тараған тоқырау жылдары Көмір департаментінің балансына берілді. Тек, 2012 жылы Елбасының тапсырмасымен мұнда музей ашылды.

Музейдің табалдырығынан аттаған сәтте сізді «Шаңырақ» композициясы қарсы алады. Сынған шаңырақ, қираған кереге. Сол жақ бүйірінде Махамбет Өтемісұлының әйгілі өлеңінен бір жол алған. «Әй, қызғыш құс, қызғыш құс…». Шаңырақтың үстінен сол қызғыш құс ұшып барады.

Шаңырақ орналасқан бағанның екінші бетінде – Сталиннің суреті. Кісі бойынан биік портреттің тура алдында – күзетшілердің қарауыл тұғыры. Сәл алыстап қарасаңыз, Сталин әлгі тұғырдың саңылауынан әр қимылыңызды бағып тұрады. Бұл – музейді безендірген суретшілер қиялының жемісі.

Ғимарат ішіне кіргеннен еңсеңізді белгісіз күш басқандай. Салқын, алакөлеңке. Шағын терезелер, қалың қабырға. Сұр түс басым. Кіргеннен екі жаққа кететін дәлізді жағалай бағаналар қойылып, сол шақта қолданыста болған шамдар ілінген. Дәліздердің қос қапталында 124 турникет тұр. Түрмеде отырған жандардың іс қағаздары, анкетасы, жазған хаттары және естеліктерімен таныса аласыз. Оң жақтағы дәлізге бұрылсаңыз, алғашқы залға кіресіз. Музей қызметкері Әсем Жұмабаеваның айтуынша, мұнда отыз зал бар. Қатары әлі көбеймек. Отыз залдың алғашқысы аштық жылдарына арналған.

Голощекин қасақана ұйымдастырған аштықтан миллиондаған қазақ қырылып қалғаны белгілі. Ресми дерек мәліметінше, 6 миллион қазақтың үштен бірі. Міне, зұлмат жылдары түсірілген фотосуреттердің түпнұсқасы осы залда сақталған. Аштықтан қарны қампиған балалар, қозғалуға дәрмені жоқ қариялар, тау-тау болып үйілген мәйіттерді көргенде тұла бойың тітіркеніп, жүрегіңнің түбі шым етеді. Көзіңе ыза аралас жас тығылады. Бар малынан айырылған халық күнкөріс үшін өзен жағалады, қалаға ағылды. Көшеде құлап жатқан қазақ күнделікті көрініске айналды. Тіпті, Батыс Сібір өлкесінің бір шенеунігі сол кезде «Үсті-үстіне келіп жатқан қазақтар қаланың көркін кетіріп тұр. Вокзалда бір қазақтың денесі үш күн жатты. Ешкім де назар аударған жоқ» деп жоғарыға арыз жазған.

Қазақстанға жер аударылған ғалым Гавриил Невадовскийдің қызы Татьянаның суретін зал қабырғасынан көре аласыз. Татьянаның жанында басы төмен салбырап кеткен қазақ отыр. Естелігінде келтіргендей, Татьяна нанға барып келгенше аш жігіт жүріп кеткен…

Мұндай сурет залда жетерлік. Әрқайсына көз салған сайын біреу қолқаңды суырып алғандай күй кешесің. Алапат нәубеттен аман шығып, мемлекет құрып отырған қазақтың бүгінгі күйіне тәубе дерсің…

АҢЫРАҒАН АНА, БЕСІК КӨРМЕГЕН БАЛА

Келесі залдардың бірінен біз әңгіменің әу басында айтқан биланы көре аласыз. Ағаш бағанға байланған рельстің бөлшегі. Жұмыс күнінің басталуы мен аяқталуын, үзілісті осы биламен білдірген. Күзетші темір шыбықпен бір ұрса, болғаны. Осы билалардың сыңғырын, әсіресе, әйелдер қауымы тағатсыздана күткендей көрінді маған. Өйткені, көпшілік әйелді барактарда сәбилері күтіп отырған.

Лагерде ешкімге оңай болған жоқ, әрине. Бірақ, аналар мен балалар үшін нағыз тозақтың өзі осы еді. Жүкті немесе жаңа босанған әйелге жеңілдік қарастырылмады. Ана сәбиін емізу құқынан айырылмауы үшін күніне 10 сағат жұмыс істеуге міндеттелді. Емізгеннің өзінде сәбиін сүюіне, иіскеуіне рұқсат жоқ. Өйткені, бала – Сталиннің баласы.

Күні бойғы ауыр жұмыстан, қайғыдан әйелдердің сүті қашып кетті. Нәрестелер аштықтан көз жұмды. Түрме қызметкерлерінің де сәбиге «халық жауының» «күшігі» ретінде қарайтыны белгілі. Үлкендер сияқты балалар да қамыстың, кенептің үстінде ұйықтады. Суық, сасық, апталап күн көрмеді. Зіркілдеген қызметкерлер балаларды ұрып-соғып, быламықты ауыздарына күштеп тығып кеткенде тұншығып қалған деректер де бар. Бұдан қалса, түрлі аурулар баудай түсірді. Ашық дерек көздеріне сүйенсек, Қарлагта 1941-1944 жылдары – 924, 1950-1952 жылдары 1130 бала қайтыс болды. Цифрлар бұрмалануы мүмкін. Десек те, бүгінде ел аузында Мамочкино зираты атанған аумақта сол бейкүнә періштелер мәңгілік тыныс тапқаны анық. Тумай жатып тозаққа түскен періштелер.

Тірі қалғандары үш жасқа толғанда балалар комбинаттарына жіберілді. Комбинатта да жағдай мәз емес. Аш, жалаңаш балалар тағы да таяқтан, аурудан өлді. Ал, ғайыптан тайып 16 жасқа жеткендерін «халық жауларының» балалары ретінде түрмеге қамады, айдауға жіберді.

«-23»

Қарлагта атағы жер жарған ғалымдар, өнертапқыштар, инженерлер қамауда отырды. Ел алдында жүрген беделді оқымыстылардың айдаладағы қазақ жеріне өз еркімен бармасы белгілі. Ал, коммунистерге лагерді дамыту үшін ғылым адамдары ауадай қажет еді. Сөйтіп, жала жауып, лагерлерге айдай берді.

Ғалымдардың жағдайы қара жұмыстағы тұтқындарға қарағанда тәуірлеу. Бірақ, талап та күшті. Мәселен, кейбір ғалымдарды шаруасын бітіргенше мұздай зертханалардан шығармай ұстады. Оқымыстылар 18-19 сағат бойы суық бөлмеде жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Әйгілі Чижевский лампасы, газбен жүретін көлік, күніне 40 литр сүт беретін сиыр тұқымы, 200 келі басатын қой, биікті үш метрлік күнбағыс, басқа да адам ойына кіріп шықпас жаңалықтар Қарлаг қапасында отырған ғалымдар еңбегінің жемісі екенін кім біліпті?! Тіпті, Жартас бөгеті күрекқайламен 12 күнде салынғанын естігенде еріксіз басыңызды иесіз.

Залдың бір қабырғасын ала ілінген диорамада мал шаруашылығынан көрініс келтіріліпті. Сол асыл тұқымды сиырды сауып отырған, қой айдап келе жатқан келіншектер бейнеленген. Жұпыны киініп, еңсесі түскен әйелдерді қару асынған солдаттар кірпік қақпай бақылап тұр. Түрмеде адамнан малды жоғары бағалағанын осы суреттен-ақ аңғарасыз. Сауыншылардың, қойшылардың, мал қиын тасыған бейбақтардың әр қимылы қырағы назарда.

Мал шығыны үшін жазаның ең ауыры қолданылды. Жайылымдағы отарға қасқыр шауып, қой жеп кетсе, жауапты үш әйелді атып тастады…

Ғалымдар жаңалықтарының шаруашылықта жүзеге асырылуын қадағалады. Кейін біразы аман шықты. Бірақ, кейбірі туған жерлеріне оралу мүмкіндігінен айырылды. Төлқұжаттарына «-23» белгісі соғылды. Яғни, Одақтың 23 ірі қаласына кіруге тыйым салынды.

ЖАН ТҮРШІГЕР ЖЕРТӨЛЕ

Музейдің жертөлесінде орналасқан камераларды көргенде жаныңыз түршігеді. Бұрынғы арнайы архив. Музей ашылғанда карцер, ерлер мен әйелдер камерасы, тергеу бөлмесі, зындан, азаптау бөлмесі мен ату қабырғасы ретінде бейімделді.

Түрме қабырғасының қалыңдығы 1,5 метрге дейін барды. Ішкі тәртіпті бұзғандар карцерге қамалды. Яғни, күндіз ұйықтап кеткен, Морзе әліппесімен қабырғаны тықылдатып, көрші камералармен байланысқа шыққан тұтқындар. Кейде тергеушілер таққан айыбын мойындату үшін де карцерде ұстады.

Карцердегілердің сыртпен хатхабар алмасып, жатуына, отыруына рұқсат етілмеді. Күндік нәрі – 300 грамм нан мен су. Үш күнде – бір мәрте ыстық тамақ.

Ерлер камерасындағы тәртіп те қатал. Күндіз төсектер көтеріліп тұрды. Таңғы сағат алтыдан түнгі онға дейін тік жүрді. Еденге бекітілген жалғыз орындық – кезек отырып, демалатын орын. Күніне бір мезгіл 15-45 минут төбесі ашық, қабырғасы биік, аумағы 20 шаршы метрлік бетон қоршаудың ішінде серуендеуіне рұқсат етілді. Дегенмен, көзін көкке көтеруге болмайды. Тек, аяқ ұшына қарап жүруіңіз керек.

Әйелдер камерасының ерлер барагынан айырмашылығы жоқ. Мұнда да терезеге жақындауға тыйым салынды.

Музейге келушілер назарын ерекше аударар бөлме – зындан. Екі кісі ғана сыяр дөңгелек қуыс. Тұтқындар арасында «стақан» аталды. Жатуға, отыруға немесе түрегеп тұруға келмейді. Төбесі темір тормен жабылған. Тізеден келер суға толтырылды. Тұтқындар «стақанда» бірнеше күн азапталған.

Тергеушінің бөлмесі үш бөліктен тұрды. Кіреберісіндегі алғашқысы бокс аталады. Қуықтай бөлмеде тұтқын кезегін күтіп апталап, айлап жатуы мүмкін.

Тергелер тұтқын тергеушінің алдындағы жалғыз орындықта отырды. Үстелдегі шам ұдайы тұтқынның бетіне түсіп тұрды. Тергеу бірнеше сағат, күнге жалғасты.

Келесі бөлмеде тұтқындардың анкетасы түзілді. Суретке түсірілді, реттік саны берілді.

Тергеуде «кінәсін» мойындамаған тұтқындарды азаптау бөлмесіне жіберген. Солженицын «Архипелаг ГУЛаг» атты еңбегінде отыздан астам азаптау түрін келтіреді. Бірнешеуін Қарлагтағы музейден көре аласыз.

Тергеушілер асықпаса, «ласточка» атайтын әдісті қолданды. Яғни, ұзын матаны адамның аузына аттың ауыздығындай салып, екінші ұшын арқасы арқылы асырып, тобығына байлап тастайды. Тұтқын мойыны қайырылып, дөңгелек пішінінде екі-үш күн жатады.

Небір сорақы азап түрлері қолданылды. Бірі – тырнақ астына ине тығу әдісі еді.

Азаптау шаралары сенбі-жексенбі күндері жүргізілді. Себебі, сол күндері сыртта театрландырылған қойылымдар қойылып, концерттер ұйымдастырылады. Яғни, өзгелер камерадан шығып жатқан айқайды естімеуі тиіс.

Белгілі актриса Мария Капнист та қуғын-сүргінді басынан кешірді. Бар айыбы – ақсүйектер әулетінен шыққаны. Жендеттер Капнистті азаптау бөлмесінде ұрып-соғып, түгел тісінен айырады. Сөйтіп, түрме театрында ұдайы мыстан кемпірдің ролін ойнатады. Бостандыққа шыққаннан кейін де актриса бірнеше фильмге түседі. Мыстан кемпір, сиқыршы әйелдің ролдерін сомдайды. Бұл образдар кейін Капнистке мәңгілік даңқ алып келді.

Ату қабырғасы – қапастағы өмірдің нүктесі. Әуелде, жендеттер тұтқынды маңдайдан атып келді. Дегенмен, түп-тұқияныңнан баскесер болсаң да күніне жүздеген адамның жанын алу оңай ма?! Бейбақтардың бейнесі көз алдарында қалып қойған солдаттар түні бойы қиналып шығады екен. Тіпті, ақыл-есі ауысып кеткендері де болған. Сөйтіп, олар Сталинге хат жазады: «Желкеден атуға рұқсат беріңіз». Сталин жендеттердің өтінішіне құлақ асып, «мырзалық танытыпты». Жалпы, 1931-1959 жылдары аралығында Қарлагта 5430 адам атылған.

ҰЛТ ТАҒДЫРЫ – «АҚ ӨСКІНДЕ»

Музейдегі экскурсиямыз «Қазақ зиялылары» деген залда түйінделді. Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсын, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сынды алыптардың мүсіндері қарсы алды бізді. Қос тарапқа жарыла жайғасқан ардақтылардың ортасында «Ақ өскін» композициясы бой көтеріпті. Тікенек сыммен оралған ағаш қисая, иіле көкке ұмтылып келеді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың өткені. Алапат зұлматтарды басынан өткерсе де келешектен күдер үзбей, жарқын күнге ұмтылған қазақ қоғамының тағдыры осы композицияда тұр…

PS. Назарыңыздағы мақаланы түйіндеуге айналғанда «Октябрь ауданына Әлихан есімін беруге қатысты қоғамдық тыңдау тәмамдалды» деген хабар келді. Қарағанды жұрты Көсем рухын көкке көтеріпті! Айналайын азаттықтың арқасы…

СУРЕТТЕРДЕ:

1. Музей ғимараты.

2. Зертханада жұмыс істеп отырған ғалым.

3. Тергеуші.

4. Тұтқын әйел.

5. Еңсені басқан дәліз.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button